Сенат • 30 Қараша, 2023

Қалдықтарды кәдеге асырудың бағдарламасы қажет – сенатор

139 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Сұлтанбек Дүйсембинов депутаттық сауалында қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу мәселелерін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалдықтарды кәдеге асырудың бағдарламасы қажет – сенатор

Сенатордың айтуынша елімізде жыл сайын 4 млн тоннадан астам қалдық жиналады, оның тек 1 млн тоннасы ғана сұрыпталып, қайта өңделеді. Демек, қалған 3 миллион тонна қалдық табиғатты ластап, экологияны бұзып жатыр.

«Осы жылдың 9 айында 5578 заңсыз қоқыс алаңдарының 50%-ы жойылды деген ақпарат жарияланды. Байқауымызша, қоқыс полигондары жыл өткен сайын көбейіп отыр. Бұл жағдайлардың барлығы елімізде тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстарды сұрыптап, өңдеуге байланысты тиісті бағдарлама, нақты әрекеттер алгоритмі жоқтығын көрсетіп отыр. Кәдеге жараудан қалып, ауыл-ауылдың іргесінде үйіліп жатқан малдың жүн-терісі де қоқыс полигондарын толтырып жатыр. Осының бәрін кәдеге асырса шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс табар еді. Ал қоқыс алаңдарын толтырып жатқан металл, қағаз, пластиктарды қайта өңдеу нәтижесінде бұл цифр бірнеше есе өсер еді», деді сенатор.

Депутаттың сөзінше әлемдік тәжірибеде – бұл сала экономикаға шығын емес, кіріс әкелетін секторлардың бірі.

Депутат сондай-ақ сенаторлар өткен жылдың сәуір айында қоқысты сұрыптауға және қайта өңдеуге қатысты жолдаған тиісті сауал жолдағанын, онда осы салада жинақталған мәселелерді оңтайлы шешу бойынша нақты ұсынымдар жазылғанын мәлімдеді. Сұлтанбек Дүйсембинов осыған байланысты Үкімет басшысына мәселенің маңыздылығы мен өзектілігін тағы атап өтіп, тиісті мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді ұсынды.