Аталған додаға Алматы облысының 7 ауданынан 100-ге жуық спортшы жастар қатысып, ұлттық ат спортының аударыспақ, жамбы ату, көкпар тарту, теңге ілу түрлері бойынша өзара сынға түсті. Бұл дүбірлі жарысты тақымдағы жүйрік те түйсінгендей, ауыздықпен алыса, буы бұрқырап, сәт сайын адымы ашыла берді.
Ұлттық ат спортын тамашалауға келген жанкүйерлердің де делебесі қозып, қиқуға қиқу қосты. Көмбені айналған көкпаршылардың епті қимылы олардың жас та болса ширыққан шымыр екендіктерін аңғартты. Қазандыққа салым салуға ұмтылған командалар арасында Талғар ауданының жүректі де білекті көкпаршыларының шеберліктерінде шек болмады. Тартысты ойын нәтижесінде олар ешкімге дес берместен, 1-орын алды.
Ал жарысқа екі-үш қыр асып келген Кеген мен Райымбек ауданының көкпаршылар командасы да мықтылықтарын дәлелдей келе, жүлделі 2 және 3-орындарды қанжығаларына байлады.
Облыстық чемпионатта аударыспақ ойыны да өз дәрежесінде өтті. Бұл бәсекеде 9 салмақ дәрежесінде жеңімпаздар анықталды. Олардың көшбасында Райымбек ауданының апайтөс балуандары теңдессіз өнер көрсетіп, көрермендер қошеметін иеленді. Таулы өңірдің намысын қорғаған Талау Досжан, Тоқтарғазы Құрмет, Алмас Төкенұлы, Абылжан Әділет, Елжас Шерхан, Нұрғайып Ералы, Әбітай Сұңғат есімді балуандарға ешкім тең келмеді. Соның арқасында олар ат теңселген аударыспақ ойынының бас жүлдесін еш қиындықсыз жеңіп алды.
Ат құлағында ойнаған спортшылардың нысана көздеудегі дәлдігі мен ептілігі жамбы атудың хас шебері екендіктерін көрсетті. Жарыстың бұл түрінде Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Ерболат Нарұлы қарсыластарынан қара үзіп, жеңімпаз атанды. 2-орынға Қарасай ауданының намысын қорғаушы Нұрсұлтан Бірлікбаев табан тіресе, 3-орынды Еңбекшіқазақ ауданының спортшысы Мадияр Шәріпбай иеленді.
Теңге ілуде де спортшы жастар ептіліктің үлгісін көрсетті. Құстай ұшқан жүйріктің бауырына іліне, теңге түйілген орамалды іліп әкетудегі шеберліктері көпшілікті тәнті етті. Ат спортының бұл түрі бойынша да Еңбекшіқазақ ауданының командасы оқ бойы озық шықты.
Облыстық чемпионатта жалпыкомандалық есеп бойынша Райымбек ауданы 1-орынға, Еңбекшіқазақ ауданының спортшылары 2-орынға тұрақтаса, Кеген ауданының командасы 3-орынды иеленді. «Атадан балаға мирас болған ұлттық ат спорты – желкілдей өскен жастарды төзімділік пен ептілікке, шымыр болуға, ең бастысы, отаншылдыққа тәрбиелейді. Бүгінгі чемпионатты ұйымдастырудағы мақсат – алдағы республикалық, халықаралық жарыстарға қатысатын ұлттық құраманың құрамын айқындап, шын мықтыларды іріктеу», дейді Алматы облыстық жастар құрамасының бас бапкері Дербіс Байділдаев.
Алматы облысы