Аудандық мәдениет бөлімінің бас маманы Хамидолла Исламқұловтың жобасы ретінде жыл сайын өтетін бұл іс-шара биыл аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің қолдауымен ерекше сипат тапты. Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің би залында ойын түрінде, викториналық сұрақтармен өрілген сайысты аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырды. Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бектияров фестивальға қатысқан өнерлі балдырғандарға демеушілік көрсетіп, тәттілер мен сыйлықтар алып берді. Ауданның жеке кәсіпкерлері Сәния Нәмиева, Еділ Тұрмағамбетов, Ақмарал Исанова, Зухра Хайруллина, Әлібек Исламбековтер де барынша қолдау көрсетті.
– Байқаудың бірінші бөлімі онлайн түрінде өтті. «Мақал – сөздің мәйегі» атты сайысқа балалар төрт мақал мен жаңылтпашты айтып, бейнетүсірілім жолдады. Ал екінші бөлімде аудандағы әр балабақша мен бөбекжай тәрбиеленушілері ән айтып, би билеп, өнерін көрсетті. Біз балдырғандарды кішкентайынан шығармашылыққа баулып, сахнаға алып шығуды мақсат еттік, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтімов.
Шынында да, бұл фестиваль аудан көлемінде ерекше оқиға болды. Өнерлі өрендер де, олардың ата-аналары да тақымын қысып, сахна сиқырының «дәмін татты». Фестивальға қатысқан балдырғандар алғысхатпен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, бүгінде Шыңғырлау ауданында 8 балабақша жұмыс істейді. Ол жерде 800-ге тарта бала тәлім-тәрбие алып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы