Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген саяси бағытты іске асыру аясында 2023 жылдың 10 айындағы Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған өңір басшысы көптің көңілінде жүрген бірқатар сұраққа жауап берді. Мәліметтерге қарағанда, бүгінде облыс басшылығының әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ден қойып отырғаны анық байқалады.
«Жыл қорытындысы бойынша ШҚО-да жалпы өндірістік өнім 3% өсіммен 4,4 трлн теңгені құрайды. Өнеркәсіп өндірісінің қарқыны 9%-ға, ауыл шаруашылығы 5%-ға, негізгі капиталға инвестициялар 7%-ға артады. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде қалады. Бүгінге дейін 30 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Орташа айлық жалақы 18% өсіммен 325 мың теңгеге жетті», деді Е.Көшербаев.
Атап айтатын жайт, облыстан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына 1,1 трлн теңгенің 42 жобасы еніпті. Биыл 77 млрд теңгенің 8 жобасы іске асырылып жатқан көрінеді. Сондай-ақ АӨК-те ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өндіруге баса көңіл бөлініп, бұл халықты сапалы және қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді екен.
«Облыс майлы дақылдарды өңдеу көлемін 900 мың тоннаға дейін, өсімдік майларының экспортын 2 есеге арттырады. Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінде барлығы 236,4 млрд теңгенің 37 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған. Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетігі құрылды және жолға қойылды. Осы жылдың басынан бері 1 240 жобаға 22 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді. Бұған қоса облыстық бюджеттен шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларына 9 млрд теңге бағытталды», деді ол.
Аймақтағы бастамашыл жастарға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр екен. Оның нақты мысалын жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша 1 млрд теңгеге 200 несие берілгенінен көруге болады. Шығыс Қазақстан облысы экономикасының дамуында туризм маңызды рөл атқарады. «Туристік аймақтарды дамытуға инвестиция сала отырып, біз ірі инвесторлардың туризм индустриясына деген қызығушылығын арттыруға үміттенеміз», деп атап өтті Е.Көшербаев.
Өңірдің жоспарында медициналық туризмді дамыту тұр. Оңтүстік Корея мен Еуропа елдерінің әлемдік орталықтарының мысалында онкологиялық және кардиологиялық аурулар бойынша Check-up орталығын құру болжаныпты. Оның басты ерекшелігі – пациенттерді тексеру ғана емес, сонымен қатар санаторий жағдайында оңалту болады.
«Осы идеялардың алғышарты іспетті жуық уақытта Катон-қарағай ауданында қонақүй бизнесінің ірі халықаралық операторы – «TOR’RE» компаниясы эко-мейманхананың құрылысын бастайды. Алтай ауданының Бұқтырма су қоймасындағы демалыс аймағын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр», деді өңір басшысы.
Самар ауданы жағынан энергетикалық инфрақұрылымды кеңейту бойынша жобалар жоспарланған. Облыстың табиғи әлеуетін пайдалана отырып, өңірде бұқаралық спорт пен туризмді дамыту үшін шаңғы-роллер трассасын салу көзделіп отыр. Бұл салада атап айтарлығы, биыл туризмге салынған инвестициялар 36% өсіммен кемінде 15 млрд теңгені құраған.
«Облыста 320 медициналық мекеме бар, оларда 8,3 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде 2,2 мың дәрігер. Өңірде медициналық туризмді және жалпы денсаулық сақтауды дамыту бірінші кезектегі міндет болып табылады. Ірі нысандардың құрылысын қаржыландыру (Өскемен қаласының гематология орталығы және Риддер қаласының аурухана кешені), сондай-ақ медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегін өтеу мәселелері шешіліп жатыр» деп сөзін жалғады облыс әкімі.
Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы және оқушы орындарының тапшылығы бойынша жаңадан 15 мектеп салу жоспарланыпты. Көптілділік бойынша бірегей жобалар («Қонақжай отбасы») жүзеге асырылып жатса, Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілген.
«Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 5 мың балдырған балабақшаларға тегін барады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1-4-сынып оқушыларының барлығы тегін тамақпен қамтамасыз етілген», деді Е.Көшербаев.
Облыста жылдық бюджеті 5,8 млрд теңгені құрайтын 360 мәдениет мекемесі жұмыс істейді екен. Оларда Халық қолөнерін дамыту, «Музей түні», «Туған жер – алтын бесігім» атты мәдени іс-шаралар қолға алынған. Бұлармен бірге қалалар мен аудандардың мәдени күндері сияқты дәстүрлі іс-шараларды өткізу үлкен қолдауға ие.
«Шығармашылық экономиканың негізі. Біз құрған шығармашылық орта адамдар үшін даму мен пікір алмасу алаңы болады. Онда олар өздерінің бастапқы идеяларын жүзеге асыра алады. Мысалы, облыста киностудия ашуды жоспарлап отырмыз. Ол киностудияда кез келген режиссер өз жоспарларын жүзеге асыра алуына жағдай жасаймыз. Әсіресе өңірде табиғи түсірілім үшін ландшафттың барлық түрлері бар», деді ол.
Халықтың өмір сүру сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі – халықты ауыз сумен қамтамасыз ету. Облыстағы 356 ауылдың 334-і ауыз сумен қамтылған. Жалпы, облыс бойынша халықтың орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі бүгінде 98,9%-ға жетіпті. 2025 жылы аймақтың барлық ауылы сумен толық қамтамасыз етіледі екен.
«Алдағы жылдан бастап өңірдің ең ірі су қоймалары – Үйдене мен Қандысуда қайта жаңарту жұмыстары басталады. Сондай-ақ Зайсан ауданындағы Кендірлік өзенінде де су қоймасын салу жоспарда тұр», деді облыс әкімі.
Тұрақты энергетикалық жүйе әлеуметтік, экономикалық және экологиялық құрылымның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Облыстың жылумен қамту жүйесі 3 ірі жылу-электр орталығы және 32 шағын қазандықтардан тұратыны мәлім.
«Ел Үкіметі қолдауының арқасында өте қысқа мерзімде Риддер ЖЭО-дағы 6 қазандық агрегаты жөнделіп, жылыту маусымы уақтылы басталды. Сонымен қатар «Казцинк» кәсіпорнын энергиямен жабдықтау қалпына келтірілді. 12 қазанда Риддер ЖЭО қалалық коммуналдық меншікке қабылданды», деді Е.Көшербаев.
Бұйыртса, 2024 жыл өңірімізде «Жол жылы» деп жарияланды. Іс-шараларды өткізу тұжырымдамасы әзірленіп, 7-ден 15 млрд-қа дейін 2 есе өсіммен бюджеті бекітілді. 600 шақырым жолдар мен көшелер ретке келтіріледі. Тұрғындар үшін интернет желісінің қолжетімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артыпты. Облыс халқының 95%-ы мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған 5%-ы шағын елді мекендерде тұрады және бекітілген Жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен интернетпен байланыстырылады.
«Бұған қоса облыс басқаруындағы 16 бизнес-үдерістің реинжинирингі бойынша жұмыстар басталды. Жаңа жылдан бастап ШҚО-да шекара маңындағы екі аудан – Марқакөл және Катонқарағай аудандары қалпына келтірілетіні белгілі. Ал Алтай және Глубокое аудандарында қанатқақты режімде әкімдердің тікелей сайлауы өтті. Бұл шаралар – өңірде іске асып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нәтижесі. Осылайша, ел Президентінің саяси және экономикалық реформалар бойынша міндеттерін орындауға облыста барлық күш-жігер жұмсалады», деді қадау-қадау бірқатар жетістікті атап айтқан облыс әкімі.
Өңір басшысы шекара маңындағы аумақтарға ерекше назар аударылып отырғанына тоқталды.
«Өңірдегі мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы – 1 451 км, оның ішінде Ресеймен – 773 км, Қытаймен – 678 км. Шекара маңындағы 6 ауданда облыс халқының 26%-ы немесе 192 мың адам тұрады. Сондықтан Түркістандағы Ұлттық құрылтай отырысында ел Президенті Катонқарағай және Марқакөл аудандарын қалпына келтіруді тапсырды. Қазір сол тапсырма бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Е.Көшербаев.