Үкімет • 01 Желтоқсан, 2023

Журналист мәртебесін арттыратын құжат

201 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста талайдан бері қоғамда қызу талқыға түскен заң жобасы қаралды. Сондай-ақ депутаттар қарауына бірқатар заң жобасы ұсынылды.

Журналист мәртебесін арттыратын құжат

Гранттық жүйе енгізіледі

Атап айтқанда, жалпы отырыста «Масс-медиа туралы» заң жобасы ілес­пе түзе­ту­лерімен бірінші оқылымда мақұл­дан­ды. Заң жобасы жөнінде Мә­­де­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева баян­дама жаса­ды. Оның айтуынша, негізгі заң жо­ба­сы мемлекет мүддесін, қоғамның сұра­ны­сын және медиа саласының даму үрдіс­терін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құрал­дары туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

«Қолданыстағы заң бүгінгі ақпараттық саланың даму жылдамдығына ілесе алмай отырғаны анық.  Сондықтан заманның өзі концептуалдық тұрғыдан мүлдем жаңа заң қабылдауды талап етті. Бұдан бөлек, «Масс-медиа» ұғымы, онлайн-платформалардан басқа, барлық интернет-ресурс­ты қамтып отыр. Ең бастысы, заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби мәртебесін көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешеді. Сонымен назарларыңызға ұсынылған заңнаманың ең маңызды жаңалықтарын атап өтейін.

Бірінші, қолданыстағы заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға ша­ғым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Деген­мен БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау бары­сында азаматтардың жеке мүліктік емес құ­қықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіт­кен дұрыс деген шешім қабылданды», деді А.Балаева.

Министрдің сөзіне сәйкес, заңда журналистер жолдайтын сауалдарға жауап берілу мерзімі нақты көрсетілмек. Сондай-ақ ауызша, жазбаша не түсініктеме ретінде жауап беру тәртібі қарастырылған. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 күнге қысқартылды.

«Үшінші, еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақ­сатында өзіміздің ресми отандық құрыл­ғылар орнатуға арнайы субсидия қарас­тырылады. Яғни бұл норма жазалау қағидатынан бас тартып, керісінше, осы бағыт­тағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асады.

Төртінші, мемлекеттік ақпараттық тап­сырысты тиімді ету үшін қаржылан­дыру­дың гранттық жүйесі енгізіледі.  Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығар­машылық әлеуетіне бағытталады.

Бесінші, журналистерді түрлі іс-шара­ға қатысуға аккредиттеуді автоматты түрде жасау үшін арнайы баспасөз картасын енгізу ұсынылады. Жалпы, жоғарыда аталған әрбір жаңалық­тың түбінде тиянақты сарап пен мұқият еңбек жатыр. Заң жобасы Парламентке енген 5 айдың ішінде 20-дан аса отырыс өтіп, министрліктің, үкіметтік емес ұйымдар мен медиа-са­рап­шылардың қатысуымен 200-ден аса толық­тырулар енгізілді», деді А.Балаева.

Бұдан бөлек, жыл сайын журналис­тердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуына талдау, олардың жағдайын бағалау және тиісті ұсынымдары бар Ұлттық баяндама дайындалады. 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ рес­публикалық деңгейде гранттық қаржы­лан­дыруға көшеді. Отандық телерадио хабарларын таратуды дамыту мақсатымен спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігі субсидияланатын болады. Сонымен қатар журналистерді аккредиттеудің бірыңғай жүйесін енгізу мәселесі қарастырылады.

 

Даудың басы – «баспасөз картасы»

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар көкейіндегі сауалдарын қарша боратты. Мәселен, Айдос Сарым «баспасөз картасына» қатысты алаң­дау­шылық білдірді. Оның айтуынша, «Amanat» фракциясы бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы.

«Мұндай қитұрқы форматты шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп есептейміз. Осыған орай, Мәжілістегі «Amanat» фракциясы өз алаңдаушылығын білдіріп, салыстырмалы кестеден ол норманы алып тастауды ұсынған. Нақты сұра­ғым, осы нормаға салалық министр ретін­де көзқарасыңыз қандай? Жур­налистер қауымы мен «Amanat» депутат­тарының ұстанымын қолдайсыз ба?», деді А.Сарым.

Министрдің айтуынша, бұл норманы заң жобасында қалдыру немесе қалдырмау мәселесі әлі нақты шешілмеген. Алайда ол бұл бастама журналистердің құқығын бұзбайтынын алға тартты.

«Министрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласындағы барлық мәселені реттеу үшін медиаплатформа жасақтап, іске қосуды қарастырып отырмыз. Ол БАҚ-тың заңды есепке тұруы, есептен шығуы, газет-журналдардың түпнегізін сақтау, аккредиттеу мәселелерін автоматтандыру үшін құрылады. Бұл – журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма. Бұл норма депутаттар корпусын да, журналистерді де екіге бөліп отырғанын ескеріп, екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, ортақ бір мәмілеге келсек болады. Белден басып, тек қана өз ұсынысымызды енгіземіз деген мәселе жоқ», деді А.Балаева.

Ринат Зайытов телеарналарда көрсеті­летін бірқатар бағдарламаны жабуға қа­тыс­ты сауал жолдады. Депутаттың сөзі­не сүйенсек, «QosLike», «Қалаулым» секіл­ді жобалар қоғам наразылығын туғызып отыр.

«Бізде қоғамның наразылығын тудыр­ған бағдарлама көп. «QosLike», «Қа­лау­лымды» айтпағанның өзінде одан басқасы да бар. Оның зардабын да халық тартып жатыр. Түрлі бағдарламадан танылған жастар онлайн ойын платформаларын жарнамалайды. Бұған дәлел жетерлік. Оның сыртында неше түрлі ток-шоу бар. Осыған мониторинг жасап, тоқтату туралы ұсыныс бердік. «Масс-медиа» туралы заңның аясында осыларды тоқтату туралы тетік бар ма?», деді Р.Зайытов.

А.Балаева аталған бағдарламаларға бюджеттен қаржы бөлінбейтініне назар аударды. Соған қарамастан министр заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін бұл мәселені ескеретінін жеткізді.

«Сіз айтып отырған бағдарламалар көп пікірталас тудырып жатқаны анық. Ана ретінде, мемлекеттік қызметші ретін­де мен сіздің жанайқайыңызды түсі­ніп отырмын. Мемлекеттік орган ретін­де мұн­дай бағдарламаларға қар­жы бөл­мей­міз. Бұған мен кепілдік бере­мін. Оған ақша төленбейді. Ондай бағдар­лама­лар бұқаралық ақпарат құралдарының өз табысына жасалады. Бұл мәселе жалпы қоғамның болашағына ықпалын тигі­зетіндіктен, осы мәселені екінші оқы­лым­да қарауға дайынбыз», деді А.Балаева.

 

Мемлекеттік тілге басымдық беріле ме?

Қазыбек Иса бұқаралық ақпарат құ­рал­дарындағы контенттің қазақ тіліндегі үле­с­ін арттыруды ұсынды. Оның айтуынша, қазақша хабарлар 70 пайыздан кем болмауға тиіс.

«Заң жобасында қазақ тіліндегі телера­дио­бағдарламалардың көлемі басқа тіл­дер­дегі бағдарламалардың жалпы көле­мінің 50 пайызынан кем болмауға тиіс еді. Бірақ депутаттар 70 пайыздан кем болмауын ұсынды. Түзету Үкіметке кеткен, әлі жауап жоқ. Әлеуметтік желіні қарасақ, қазір қазақтілді дүниелерге сұраныс өте жоғары. Жақында Президенттің халықаралық жиында қазақша сөйлеп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруі туралы қазақша жазбалар өзге тілдегілерден 10 еседей көп оқылып, резонанс жасады. Парламентте де жиынның 90 пайызы қазақша өтеді. Мәжіліс – министрлерден мемлекеттік тілді талап ететін жалғыз билік орны.

Елдегі қазақ халқының саны 70 пайыздан асып, қазақтілді мектеп бітірушілердің гранты 70 пайызға жетті. Ал қазақтілді әлеу­меттік желілер мен ютуб арналардың жазы­лымдары өзге тілдерге қарағанда 10 есе­дей көп. Бір ғана «Оян, қазақ» фильмі миллиондаған көрермен жинап, рекорд жасады. Қазақтілді ха­бардың бәрі елдің жатып қалған уа­қы­­­тында – түн жарымда емес, жұрт оқи­тын уа­қытта болуға тиіс. Қазақтар түні­­мен ұйық­та­майды деп ойлай ма, түн жарым­да тіке­лей хабарлар беріліп жатады кей­де. Қазақ­ша хабарлар 70 па­йыздан кем бол­мау­ға тиіс және ел көретін уақытта көрсе­тілуі қажет  деген талап – халықтың талабы. Сіз бұл талапқа қалай қарайсыз?», деді Қ.Иса.

Сауалға жауап берген министр қазіргі таңда елімізде 5 459 медиа өкілі тіркелге­нін атап өтті. Алайда соның 90 пайызға жуығы жекеменшік еншісінде. Сондықтан олардың ерекшелігін ескеру қажет.

«Қазіргі таңда Экономика министрлігі арнайы сараптама өткізіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша сіздерге жа­уап беріледі. Екіншіден, қазақ контентін көбейту, оның пайыздық мәселелеріне келсек, маған салса 100 пайызға көшуге болатын еді. Алайда БАҚ-тың 90 пайызы жекеменшік болғандықтан, олардың мүмкіндіктері, ерекшелігі бар. Біздің ойымызша, бұл мәселе кезең-кезеңмен жүзеге асуға тиіс», деді А.Балаева.

 

Әуелі – мектеп, сосын тұрғын үй

Мәжіліс білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заң жобасын қа­былдады. Құжаттың мақсаты – білім беру са­ла­сындағы және жетім балалардың құ­қық­­тарын қорғау саласындағы ұлт­тық заңнаманы кешенді жетілдіру. Онда сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салу, ата-ана­ларға электронды жүйелер арқылы баға­лар мен үй тапсырмаларын тегін қарау­ға мүмкіндік беру, бірінші сыныпқа тесті­леусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезек жүйесін енгізу қарастырылған.

Білім сапасын арттыру мақсатын­да әкімдіктерге білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық қамтама­сыз ету, оларды 5 жыл сайын апаттық тексерістен өткізу сынды жаңа функция­лар қосылады.

«Соңғы кезде мектеп ғимараттары­ның төбе­лері­нің құлауы сияқты факті­лер жиіле­п кетті. Сондықтан біраз жылдар бойы жұмыс істеп тұрған ғима­рат­тарды әр 5 жыл сайын тексеріп тұру өте маңызды деп санаймыз. Заң жоба­сында 30 жылдан көп пайдаланып келе жат­қан мектеп, балабақша мен колледж­дердің ғимараттарын әр 5 жыл сайын апат­тылық қаупі бойынша тексеру туралы норма ұсынылды. Тағы бір проблема – кішкентай балалардың терезелерден құлауы. Өкінішке қарай, кейінгі екі жыл­да жүздеген бала терезеден құлаған. Осы­ған орай заң жобасымен терезелерді арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құ­лып­тарымен қамтамасыз ету міндеттеледі.

Бізде әлеуметтік нысандармен, мектептер мен балабақшалармен қамтамасыз ете алмай тұрып көпқабатты үйлерді салу проблемасы бар. Әсіресе мегаполис­терде. Осының кесірінен жұмыс істеп тұр­ған мектеп үш ауысымға көшеді, бала­лар­­дың денсаулығына қауіп төнеді, ал ен­д­і мек­теп салайын десе жақын жерде  бос жер де қалмайды. Осыған орай заң жо­ба­сы­на жаңа талап енгізілді. Енді мек­теп, ба­лабақша мен аурухананы салып ал­­май, көп­қабатты тұрғын үйлерді салу­ға ты­йым салынады», деді заң жобасы жөнін­де баяндама жасаған депутат А.Аймағамбетов.

Түзетулерге сәйкес кәмелетке толған азаматтар жетім балаларға тәлімгер бола алады. Тәлімгерлердің талаптары, құқық­тары мен міндеттері заң жобасында белгіленеді.

«Бұл институт 10 жастан асқан, балалар үйлерінде тәрбиеленетін жетім балаларды  әлеуметтендіруге және өмір сүру жағдайларына бейімдеуге қосымша мүм­кіндік береді. Тәлімгерлер, волонтерлік тәртіпте, яғни ақысыз, балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлығына алып, оларға қолдау көрсетуге, әлеуметтендіру жұмысын жүргізуге мүмкіндік алады. Тәлімгерге, оларды бақылауға, олардың жауапкершілігіне  қатысты нақты, әрі қатаң талаптар қарастырылды. Балалар үйі, білім басқармасы мен тәлімгер арасында барлық қарым-қатынастар шартпен реттеледі.

Заң жобасында полицияда девиантты мінез-құлық бойынша тіркеуде тұрған балаларды қолдау және оңалту бойынша арнайы норма ұсынылып отыр. Басты мәселе – осы санаттағы балалардың бос уақытын қамту. Осыған орай, енді осы оқушылар проактивті форматта, яғни ешқайда барып өтініш бермей-ақ, түрлі үйірмемен және секциямен қамтылады. Білім беру ұйымдарында діни және басқа да зиянды ақпаратқа жол бермеу туралы нақты міндет бекітілді», деді А.Аймағамбетов.

Мәжіліс 2021 жылғы 28 мамырда Минскіде қол қойылған ТМД елдері аумақтарын санитарлық қорғау саласын­дағы ынтымақтастық туралы келісімді ра­ти­фикациялады. Құжат Достастық елдерінің аумағына жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алуды, сондай-ақ халықтың денсаулығына қауіпті тауарларды әкелу мен сатуды реттейді. Ол тараптарды тиісті аумақтарда санитарлық қорғау бойынша қажетті шараларды жүргізуге міндеттейді.

ТМД-ға мүше елдердің аумағына әкелінетін барлық тауар санитарлық-эпи­демиялық және гигиеналық талап­тарға сай болуы және тиісті құжат­тармен бірге жүруі керек. Талаптарға сәйкес келмейтін өнім анықталса, тараптар оның импортын шектеуге құқылы.

Бұдан бөлек, депутаттар мемлекеттік корпорация мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қабылдап, Сенатқа жол­дады. Түзетулерге сәйкес серіктестік ұйым­­дар мен келісімдер институты енгізі­леді. Бүгінде қанатқақты режімде ауыл­дарда «Қазпошта» бөлімшелерінде фронт-офистер табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік қызметтер банктік қосым­шалар­да қолжетімді.

Заң бойынша мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі екіге бөлінеді. Мемлекет­тік қызметтерді тек мемлекеттік органдар ғана көрсетеді, ал нәтижелерді қабылдау мен беруді мемлекеттік органдар дербес немесе әріптестік ұйымдар арқылы жү­зеге асыра алады. Құжаттарды алған кез­де Қазақстан азаматтарының саусақ ізін тіркеу міндеттілігі алынып тасталады. Яғни олар тіркеуден өз еркімен өте алады. Бұл ретте саусақ ізі шетелдік азаматтар үшін міндетті болады. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін Қазақстан аумағындағы тіркеу органдарына жеке өтініш беру талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны елге келмей-ақ сенімхат бойынша жасай алатын.

Мәжіліс «2024-2026 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы» заңына Сенат ұсынған редакциямен келіс­ті. Сенат аталған заңға 180 түзету енгізді. Түзетулер республикалық бюджет жобасы параметрлерінің теңгерімділігін бұзбайды және ел экономикасын одан әрі орнықты дамытуға және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді шешуге бағытталған.

Мәжіліс «Салық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлемдер тура­лы» Кодексіне (Салық кодексі) өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға Сенат енгізген өзгерістерімен келісті. Сондай-ақ Мәжіліс бірқатар заң жобасын жұмысқа алды.

Жиын соңында депутаттар өздерін мазалаған мәселелер жөнінде тиісті мекемелер басшыларына сауал жолдады.