Елорда • 01 Желтоқсан, 2023

Астанада 200-ге жуық бала қызылшадан ем алып жатыр

126 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада қызылша ауруы дендеп барады. №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекциялық стационарында 200-ге жуық бала қызылшадан ем алып жатыр, оның басым бөлігі – уақтылы екпе алмағандар, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Астанада 200-ге жуық бала қызылшадан ем алып жатыр

Фото: Астана әкімдігі

Аурухада жатқан аналар арасында екпе алудың маңыздылығын түсінгендер көп. Балаларына уақтылы екпе салдырмаған аналар мен дер кезінде вакцина жасатқан аналар ойларымен бөлісті.

«Баламның 5 күн бойы қызуы көтерілді. Денсаулығы жақсармай жатқанын көріп, жедел медициналық жәрдем шақырдық. Балам сөйлей алмай, тұра алмай қатты ауырған еді. Егер де екпе алсам, бұл жағдай болмаушы ма еді деп ойлаймын. Вакцина салдырған үлкен балам жеңіл түрде ауырып, тез сауығып шықты. Енді алдағы уақытта қызылша ауруынан екпені алдын ала міндетті түрде алатын боламын», деді Дариға Өтешова.

Қазіргі таңда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен қызылша ауруының алдын алу, емдеу және иммундау бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, елордада 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай вакцинациялау жүріп жатыр. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылады.

«Науқаспен байланыс болған жағдайда, қосымша екпе алу үшін кез келген тұрғын тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға жүгінуі керек екенін еске саламыз. Өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!», делінген Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламада.