Қоғам • 01 Желтоқсан, 2023

Депутат: Жұқпалы аурулардан балаларды қорғаудың тиімді жолы – екпе алу

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында екпе алудың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат: Жұқпалы аурулардан балаларды қорғаудың тиімді жолы – екпе алу

Депуттаттың айтуынша соңғы кездері балалар арасында түрлі аурулардың дендеп бара жатқаны алаңдатып отыр.

«Үкімет отырысында осы мәселе көтерілгенінен құлағдармыз. Онда  елімізде 17 мыңнан астам қызылшамен ауырып тіркелгендердің 82%-ы балалар деген мәлімет келтірілді. Ал оның көбі вакцина алмаған балалар екен. Арасында 30-дай бала жансақтау бөлімінде жатқан көрінеді. Бұл – дабыл қағарлық жағдай. Қызылша асқынып кетсе, балалар денсаулығына қауіп төндіретіні белгілі. Сондықтан мұны денсаулық сақтау саласы өкілдеріне ғана ысырып қоймай, бұнымен бүкіл қоғам болып күресудің қажеттілігі айқын», деді Елнұр Бейсенбаев.

Депутат Е.Бейсенбаевтың айтуынша небір індеттер вакцина ойлап табылып, жаппай егілгеннен кейін беті қайтқаны мәлім. Балаларын міндетті егуден бірқатар ата-ана бас тартып отыр. Екпелер жеке адамның денсаулығы үшін ғана емес, бүкіл қоғам саулығы үшін де қажет. Осыған орай, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізудің маңызы зор.

Сонымен қатар депутат Премьер-министрдің орынбасарына аталған мәселеге байланысты бірқатар нақты ұсынысты айтты.

«Біріншіден, елімізде балалардың вакцинациялануы бойынша толық түгендеме жүргізіп, олардың арасындағы ауру түрлеріне, вакцинациялаумен корреляциясына жан-жақты сараптама жасау керек. Екіншіден, жергілікті атқару органдарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесе отырып, халық арасында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Үшіншіден, осы кезге дейін түрлі себептермен егілмей қалған балаларды және дүниеге келіп жатқан сәбилерді вакцинациялаудан өткізуді қолға алу керек», деді «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.