Қоғам • 01 Желтоқсан, 2023

Салтанат Нүкенованың әкесі қызының қазасына себеп болған Бишімбаевтың барлық мүлкін тәркілеуді сұрады

33521 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан Салтанат Нүкенованың әкесі үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанат Нүкенованың әкесі қызының қазасына себеп болған Бишімбаевтың барлық мүлкін тәркілеуді сұрады

Үндеу мәтіні әлеуметтік желіде жарияланды.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Нүкенова Салтанаттың туған-туыстары мен жақындары қызымыздың қайғылы өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу барысында әділдіктің сақталуын қадағалағаныңыз үшін сізге ерекше алғысын білдіреді.

Дегенмен, күдіктінің туыстары олардың байланыстары мен материалдық жағдайы Бишімбаевқа тағы да жазадан құтылуға мүмкіндік беретінін ашық айтып отыр.

Белгілі болғандай, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сыбайлас жемқорлық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, бірақ 2 жылдан кейін шартты түрде босатылды.

Біздің қазіргі жағдайда да оның жақын туыстары – соның ішінде анасы Нұрлыбекова Альмира Балтабайқызы ұлын бостандыққа шығарып, қылмыстық жазадан алып тастау үшін барлық әдістер мен жолдарды, соның ішінде ақшаны пайдалануы мүмкін деген негізді пікіріміз бар. Бірқатар компаниялардың басшысы, сонымен қатар бірнеше коммерциялық мүліктерге ие бола отырып, ол орасан зор қаржылық күшке ие”, – делінген әкенің хатында.

Нүкенованың әкесінің пікірінше, мемлекеттік қызметшілердің кірісі мен мүлкі туралы декларация сыбайлас жемқорлықпен күресте мүлдем дәрменсіз. Оның айтуынша, Бишімбаев заңсыз жолмен алынған мүліктерін анасына тіркеп қойған.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро 19 қазан күні сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасады. Тергеудің мәліметінше, атышулы іс бойынша айыпталушылардың көпшілігі өз кінәсін мойындап, мемлекетке 1,2 миллиард теңге көлемінде шығынды өтеген.

Алайда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова бұл сөзбен келіспейді. Бұл туралы ол informburo.kz сайтына берген сұхбатында айтты. Жемқор шенеуніктің анасының айтуынша, Альмира Нұрлыбекова баласына қарызға ақша берген, оның растайтын құжаттары бар.

Осы жерде сұрақ туындайды: А.Нұрлыбекова коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілерін, сәнді көліктерін, жалпы құны оны долларлық миллионерлер қатарына қосатын соншама көп ақшаны қайдан алған?”, – делінген үндеуде.

Оның пікірінше, Бишімбаевтың анасының барлық мүлкі ұлының халықтан ұрлаған сыбайлас жемқорлық ақшасына сатып алынған болуы мүмкін.

"Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, сұраймын:

  • Экономикалық тергеу басқармасына тексеру жүргізіп, Нұрлыбекова Альмираға және Бишімбаев Қ-ның барлық жақын туыстарына тиесілі мүліктің шығу көзін анықтауды тапсырсын.
  • Нұрлыбекова А.Б.ның мүліктері заңсыз қаражатқа сатып алынғаны расталған жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалсын;
  • қылмыстық жолмен алынған барлық мүлікті мемлекет пайдасына тәркілеу мәселесі көтерілсін”, – делінген хатта.