Еңбек • 04 Желтоқсан, 2023

Атакәсіпті арқау еткен

152 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ – малсақ, тіршілігі төрт түлікке байланған. Байланбай қайтсін, көзін ашқаны көргені – жайлау, қыр жағалап жайылған қой-ешкі, мінгені – жылқы. Демек, кәсібі де сол малдың айналасында болуы заңдылық. Біз сол атакәсіпті маңайлаған Күлтін әулетінде қонақта болдық. Айналасын берекеге толтырған «Айдос» шаруа қожалығы бабадан қалған өнегелі істі өрісті етіп отыр.

Атакәсіпті арқау еткен

Суретті түсірген – Дмитрий Ерофеев

Көксу ауданына қарасты Мұқаншы ауылының іргесінде орналасқан қожалықтың кәсібі дөңгелеп-ақ тұр. Өрісі малға, маңайы ырыс пен несібеге толған кәсіпкерлік нысаны алыстан-ақ елітіп әкетеді. Қара шаңырақ иесі Айдос Күлтінов әкесінен оқ жонуды үйренбесе де төрт түліктің бабын табуға әбден қаныққан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша табақтай дипломын қолына алған соң, Алатаудың баурайындағы агломерацияда жұмыс істей бас­тайды. Бала күннен ат жалын тартып мініп, мал баққанға әбден еті үйренген жігіттің бүйрегі қала емес, дала деп бұрып тұратын. Біршама уақыт шыдас беріп, қала өміріне тұрмысын бейімдегенмен қанмен берілгеннен аттап кете алмады. Ығы-жығы халық арасынан ойысып, атадан мирас болып келе жатқан байырғы кәсіпке қайта оралды.

«Әсем қала Алматыда жұма жеткенде бөркімді аспанға атып, ауылға асығатынмын. Табылды Досымовтың «Қыр баласы тауға қарап өспейді» дейтін әні бар еді. Ауыл баласы шынында зәулім үйлерге қарап тіршілік ете алмайды екен. Төрт түлікке тамырым байланғандай еді. Содан бәрін тастадым да ауылға, әкемнің жанына келдім. Оған еш өкінбеймін», дейді Айдос.

«Айдос» шаруа қожалығының іргесі 1996 жылы қаланыпты. Айдостың әкесі Мұратбай Күлтінов көлік жүргізушісі бола жүріп, атакәсіпке мойын бұрыпты. «Мал баққанға бітеді» деген. Бір бас түліктен басталған кәсіп дөңгелеп, мал саны көбейе түседі. Айдос Күлтіновтің айтуынша, мал асырағанның кәсібі өрістеу үшін жемшөпті өзі өндіргені абзал. Осылайша, шаруа қожалық мал азығын қамдауды қолға алады.

Бүгінде шаруа қожалықтың меншігінде 750 бас мүйізді ірі қара бар. Оның 550-і – асыл тұқымды, яғни «Әулиекөл» тұқымы. Осынша мүйіздіні азықпен қамту үшін қожалықтағылар арпа, бидай, жүгері, жоңышқа өсіреді. Мал азығын қамдау үшін 10 арнайы техника қажетке жарап тұр. Бүгінде бұл шаруашылықтың иелігінде 10 мың гектар жайылымдық жер, 200 гектар тәлімі және 75 гектар суармалы егістік бар. Бастысы – мал азығын жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. Сонымен қатар 3 жыл бұрын кәсіпкер асыл тұқымды мал шаруашылығымен түбегейлі айналысуға шешім қабылдап, бордақылау алаңын тұрғызған кезде де мемлекеттен қолдау көрсетілген. Фермердің 210 млн теңгеге салған ірі инвестициялық жобасын іске асыру үшін шаруашылыққа 18 гектар жер берілген. Айтпақшы, Айдос Күлтінов «кәсіп етемін», «табыс табамын» деген жанға мемлекет қолдауын аямай отырғанын айтады.

«Атакәсіппен шұғылданғанымызға көп болды. Кейінгі жылдарда мемлекет мал азығын қамдауға жәрдемдесіп келеді. 2-3 жылдың көлемінде субсидия алып жүрміз. Асыл тұқымды аналық басына 20 мың теңге, қарабайыр сиырға 10 мың теңге жемшөп субсидияланып жатыр. Қай тірлікте де кемшін жай болатыны секілді, осы жемшөпке берілетін көмекте де кемшілік бар. Мәселе – оның берілгенінде емес, берілетін уақытында болып тұр. Әдетте субсидияны көктемде береді. Мал ұстаған жан біледі, жазғытұрым мал азығы да­йындалмайды. Мұны жоғарыдағылар ескеріп, субсидияны жиын-терін уақытында берсе деген тілегіміз бар. Мұнан бөлек, жанар-жағармайға да жеңілдік алып отырмыз. Үкіметіміздің осындай қолдауына алғаусыз алғыс білдіреміз», дейді шаруашылық жетекшісі.

Фермердің айтуынша, бүгінде шаруашылықта 20 адам нәпақа тауып отыр. Дей тұрғанмен, кейде жұмысшы таппай қалатынын да айтады. Қожалық жұмысшылары 200 мың теңге көлемінде жалақы алады. Бірақ осы жалақыны менсінбейтін тұрғын көп екен. Дегенмен мұнда мұрын қанайтын жұмыс жоқ. Күрек алып, бордақыда тұрған түліктің астын тазарту мәселе емес. Өйткені бұл жұмыс – автоматтандырылған қондырғының еншісінде. Құны 13 млн теңге тұратын құрылғыны шаруа қожалық жетекшісі Германиядан алдырып, орнатқан. Мал қиы мола­йып қалса, автоматтың тетігін басса жетіп жатыр. Ғабит Анарбаев – бордақыда тұрған 450 басты жем мен шөптен тарылтпайтын мықты маман. Айтуынша, бақпада тұрған мүйізді ірі қаралар күніне 4 орама шөп (әрқайсысының салмағы 800 килодан) және 300 кг жемді қорек қылады екен.

«Күнкөріс үшін жұмыс істеу керек. Байқаймын, мал бағудың бейнетінен қашатындар тіптен көп. Мұнда маңдай терлеп, арып-ашып жүргеніміз жоқ. Малдың астын тазалауға бас ауыртпаймыз. Арнайы құрылғыны іске қосса жетіп жатыр. Бірақ осы жұмыстың өзін қиынсынады талайлар», дейді Ғ.Анарбаев.

Қожалық жылына 2 000-2 500 бас мүйізді ірі қараны етке жөнелтеді. Бұл – 200 тонна шамасында. Басты тұтынушы – Алматы қаласы. Айдос Мұратбайұлының айтуынша, асыл тұқымды түліктің арқасында мол табысқа кенеліп отыр екен. Әйтпегенде, қарабайыр сиыр мол түсімге қол жеткізбейді. Айта кететін жайт, шаруа қожалық «Әулиекөл» тұқымын көбейтуге 12-13 жылда қол жеткізген. 2017-2018 жылдары асыл тұқымды бұқалардың алғашқы бұзауын ала бастаған. Осы сәттен бастап түліктерін асыл тұқымды деп тану үшін қажетті үдерістерді жүзеге асырған. Арнайы құжат та алған. Бүгінде шаруа қожалықтағы 2,5 жасар бұқалар 300-325 кг ет береді. Фермердің айтуынша, былтыр 3 жасар бұқа 513 кило салмақ құрап, шаруашылықтың өз рекордын орнатқан.

Айтпақшы, шаруа қожалық тек мүйізді қара санын көбейтіп отырған жоқ. Қамбар ата тұқымына да ден қойған. Бүгінде мұнда мыңға жуық жылқы бар. Айдос Күлтіновтің айтуынша, жылқы десе делебесі қозады екен.

«Жылқыларымызды біраз жылдан бері ат жарыстарына қосып жүрміз. Бұл – таза тұ­қым­ды ағылшын жылқылары. Бір жүйрігіміз Қырғызстанда өткен көшпелілердің дүниежү­зілік ойындарының бәйгесінде алдына қара салмады», дейді фермер.

Қазір «бірдеңе істеу керек», «бір кәсіп бастау керек» деп жүрген замандас көп. Араға біршама уақыт салып, сол замандастың біріне жолықсаңыз, әлі сол ойда, бірақ кәсіп бастамақ түгіл, неден бастарын білмей жүр. Осындай жандарға Айдос Мұратбайұлының қарекеті үлгі болса екен. Әр қазақ бай болсын. Ахмет Байтұрсынұлынша айтқанда, «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!».

 

Жетісу облысы