Экономика • 04 Желтоқсан, 2023

Алматы облысы: Экономиканы өркендету тәжірибесі

163 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол өңірдің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, негізгі жетістіктерге тоқталды.

Алматы облысы: Экономиканы өркендету тәжірибесі

Облыс әкімінің айтуынша, Алматы өңірі экономиканың не­гізгі салаларында оң динами­касын сақтай алды. Бүгінгі таң­да 981 өзекті мәселені шешу жұ­мыстары атқарылып жатыр. Бұ­лардың орындалуы туралы ақ­парат әр ауыл әкімдігіндегі стенд­те, ресми сайтында ор­на­лас­­қан. Әр азамат өз ұсыны­сын осы тізбеге енгізуіне болады. Бұл – биліктің халықпен тікелей бай­ланысының бір түрі.

Өңірдің ірі 5 ауданы Алматы қаласын айнала орналасқан. Сон­дықтан маятниктік миграция, көлік инфрақұрылымына, әлеуметтік нысандарға салмақ артуы сынды сұрақтар күн тәрті­бінде ерекше орын алады.

«Алдымен осындай жүйелі мәселелерді шешетін ірі жо­ба­ларға тоқталсам деймін. Бі­рінші, Қонаев пен Алматы арасында «G4 City» жобасын жүзеге асыру қайта қолға алынды. «G4 City» арнайы экономикалық ай­мағының құрылуымен тамақ өнімде­рін, тоқыма, былғары, қағаз бұйым­дарын, құрылыс материалдарын өндіру, логистикалық жобалар іске асады. Нәтижесінде, құны 3,7 трлн теңге көлемінде инвес­тиция тартылып, 3,2 трлн теңге салық түсімдері, сондай-ақ 34 мың жұмыс орны құрылады. Арнайы экономикалық аймақ аумағы 30-дан 96 мың гектарға дейін ұлғайтылады. «G4 City» қаласының жобасы Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласы аумағын қамтуы инвесторларға қолайсыздық туғызып тұр. Сон­дықтан «G4 City» қаласын же­ке әкімшілік бірлік ретінде құруға бекіндік. Оның аумағы 88 мың гектарды құрайтын 4 ай­маққа бөлінеді: іскерлік және қаржы орталығы, өнеркәсіп және логистикалық хабы, ғылым және медицина хабы, туризм және ойын-сауық орталығы. Онда 2050 жылға қарай 2 млн-нан аса адам тұрады деп болжадық.

Екінші, маятниктік мигра­ция мәселесін шешу үшін еңбек ресурстарын бөлуді қолға ал­дық. Экспортқа бағытталған өн­дірістерді орналастыру мақса­тында аумағы 1,3 мың гектар болатын 4 индустриялдық аймақ құрып жатырмыз. Жамбыл («Қаз­бек бек»), Іле («Береке»), Талғар («Кайрат»), Еңбекшіқазақ («Шелек») аудандарындағы бұл аймақтарда 130-ға жуық кәсіп­орын ашып, 10 мыңнан аса адамды жұмыспен қамту көзделді. Инфрақұрылымы да­йын жерлерде зауыттар ашу бас­талып кетті. Оның әрбірі туралы нақты ақпаратты сайттан көруге болады.

Үшінші, Алматы агломера­ция­сын дамытуда 66 километрлік Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын айтайық. Көлік кептелісін азайтқан жоба инвес­тиция тартуға да мүмкіндік берді. Қазір 5 ірі халықаралық компания жалпы құны 695 млн доллар болатын өндіріс орындарын ашпақшы. Атап айтқанда, «PepsiCo» компаниясы (АҚШ) – «Lay’s» чипсілерін шығару өндірісі, құны – 200 млн доллар. «Focus Logistics» компаниясы «OZON» компаниясымен бірге – A санатындағы қоймалар, бағасы – 151 млн доллар. «Строитель 98» компаниясы – А санатындағы логистикалық кешен, құны – 100 млн доллар. «KT&G» (Оңтүстік Корея) компаниясы – темекі өнімдерін өндіру, бағасы – 204 млн доллар. «Outlet Center» – киім-кешек пен тұрмыстық заттарды сату орталығы, құны – 40 млн доллар. Бұл жобалар – біздің аймақ инвестициялық тартымды өңір екенінің нақты дәлелі. Тек бірінші жартыжылдықта тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 484,2 млн долларға жетті. Құйылған қаржының 45%-ы өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған. Жалпы, 10 айда 519 млрд теңгеден аса инвестиция келді. 2030 жылға дейін есептелген инвестициялық қоржында 24,6 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін, құны 3 трлн теңгеден асатын 209 жоба бар», деді М.Сұлтанғазиев.

Өңір аграрлы саналғанымен Алматы облысында өнімді қай­та өңдеу өндірісі де өркен­деп жатыр. Республикада шы­рын­дардың 85%-ы, сусындар мен бал­мұздақтың 60%-ы, ша­рап­тың жартысынан астамы сон­да шығарылады. Құрылыс мате­риал­дарын өндіруде таны­мал «Кнауф» компаниясы елдегі гип­сокартонның 81%-ын өнді­реді. Сэндвич-панельдердің 48%-ы, болат құбырлар мен про­филь­дердің 27%-ы да аталған аймақ­та жасалады. Трансұлттық «Технониколь» компания­сы құны 100 млн долларды құрайтын жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауытын салып жатыр. 217 жаңа жұмыс ор­ны құрылып, өндірілетін өнім іш­кі нарықтың 20% қажеттілігін қамтамасыз етеді. Елімізде дамып жатқан фармацевтика саласында өндірілетін дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың төрттен бірі де сол өңірге тиесілі. 7 зауытта кейінгі 5 жылда өндіріс көлемі 1,3 есеге артып, 33 млрд тең­геге жетіпті. Нәтижесінде, 10 айда өнеркәсіп өндірісі 7,7%-ға өсті. 34 жоба іске асырылып, 1 087 жұмыс орны ашылды. Ауыл­ды жерде тұрып, еңбек етуге қо­лайлы жағдай жасау ішкі көші-қонды тұрақтандырады. Сон­дықтан ауылды дамытуға негіз­гі күш салынды. Салада Алма­ты облысы 9,6% үлеспен елде 3-орынға ие. Өңір өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, кар­топ, көкөніс, соя және күріш өсіру­ден алғашқы үштікке кіреді. Жылы­жай кешендері мен сақ­тау қой­малары көбейтілді. Жалпы ауданы 85 га 55 жылыжай, қуа­ты 130 мың тонна 71 сақтау қой­масы бар. Егіс алқаптары 3 мың гектарға ұлғайып, 457 мың гектар болды.

«Өкініштісі, 9,4 мың км суару жүйелері, гидротехникалық ны­сандардың 60-70%-ы тоз­ған. Содан судың жартысы жоғал­ды. Облыстағы суармалы жер­лердің көлемі – 263,8 мың га. Былтыр бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп, 7 ауданда тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 1,8 мың км же­лілерді жөндеу нәтижесінде 107 мың га суармалы жер санатына енді. Ирригация мәселесін түбегейлі шешу мақсатында құ­ны 106 млрд теңге болатын 2024-2026 жылдарға жоспар әзірленді. Жүйелеу үшін «Алматы­обл­вод­хоз» мекемесін құрдық. Бұл делдалдардан құтқарып, су­ды бекітілген тарифпен беруге мүмкіндік туғызды. Мал ша­руа­шылығында облыс ет, сүт, жұмыртқа өндіруден көш ілгері, сондай-ақ қой мен ешкі, ірі қара және құс басының саны артып жатыр. 7 құс фабрикасы елдегі құс етінің 27%-ын өн­діреді. Ауыл шаруашылығына биыл 36,6 млрд теңге инвес­тиция тартылып, 8 жоба іске асырылды. 472 жұмыс орны ашыл­ды. «Асыл тұқымды мал шаруа­шылығын дамыту» өңірлік бағ­дарламасы аясында 6 млрд теңге бөлініп, 30 шаруашылық 13 мың бас ірі қара және ұсақ мал сатып алды. 5 жылда асыл тұқымды ірі қара малдың үлесін 22%-ға, қойдың үлесін 20%-ға жеткізу көзделді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы үшін облысқа 8,3 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Бүгінде 9,5 млрд теңгеге 1 337 өтінім түсті. 369 өті­німге 2,6 млрд теңге несие бе­рілді. Аграрлық салаға 37 млрд теңге мемлекеттік қолдау көр­сетілді», деді өңір басшысы.

Жалпы, экономиканың нақты секторындағы жетістіктердің септігімен 54 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 24 мың адамға арнайы қолдау көрсетілді. Нә­тижесінде, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеді. Өңір – маңызды туристік өлкелердің бірі. Туристік картадағы әрбір оныншы нысан – Алматы облысында. Осы жылы 15 туристік аумақта 337 км таулы соқпақтар мен бағыттарды абаттандыру жүргізілді. Көлсай көлдерінің инфрақұрылымын дамыту, кәріз жүйелері мәселесін шешуді қолға алған. Биыл демеушілердің есебінен тегін Wi-Fi нүктесі қосылып, бейнебақылау камералары орнатылды. Көлсай жанындағы Саты ауылы жақында Өзбекстанда өткен Дүниежүзілік туристік ұйымның кеңесінде «Ең үздік туристік ауылдардың» қатарына енгізілді. Бұл – туризм­ді дамыту жұмысына берілген жоғары баға. 2023-2026 жылдарға арналған туристік мастер-жоспары әзірленді.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфра­құрылымды дамыту маңызды. Әкімнің айтуынша, биыл өңір­де электрмен, сумен, газбен қамтамасыз етуге, кәріз жүйе­сіне, жылумен жабдықтауға, жа­рық­тандыруға, абаттандыруға 55,1 млрд теңге бөлінген. Жол салуға және жөндеуге 50,4 млрд теңге қарастырылған. 384 елді мекеннің 356-сы орталық су жүйесіне қосылған. Осы жылы 477 шақырым сумен жабдықтау желілері салынып, 3 ауылға бір орталықтан су беріледі, 17 ауыл­да судың сапасы жақсарады. 156 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізген. Облыста тұрғын үй салу өсті. Жоспарланған 811 мың шаршы метрдің 10 айда 808 мыңы пайдалануға берілді. Бүгінде үй кезегінде 40 мың адам тұр. Биыл 750 отбасы үймен қамтамасыз етілмек. 450 жалдамалы пәтер әлеуметтік осал топтар санаттарына арналған. 300-і кезекте тұрғандарға беріледі.

Жылдың басында 52 үш ауысымды мектеп болды. Биыл 14,4 мың орынға 10 мектеп тапсырылды. Бесеуі жылдың соңына дейін беріледі. Келер жылы үш ауысымды мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 2024-2025 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. «Білім-ин­новация» және «Қазақстан хал­қына» қорларымен бірлесіп «Та­бысты 50 мектеп» атты бі­регей жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 756 млн теңге бөлін­ген.

«Биыл Қонаев қаласының Бас жос­пары бекітілді. Әкімшілік ғи­мараттар қаланың қазіргі аума­ғында салынады. 19 мың га аумақ­­та орналасатын қала хал­қы­ның саны 2050 жылға қарай 200 мың адамды құрайды. 2-ке­зеңде «Жаңа Іле» алаңы игеріледі. Жа­қында 5 жылға арналған Қонаев қаласын дамытудың кешенді жоспары қабылданады», деді М.Сұл­танғазиев.