Қоғам • 04 Желтоқсан, 2023

Мердігерлер енді қолдан қымбатшылық жасай алмайды – Көлік министрлігі

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірлер бойынша кезекті жұмыс сапары барысында Көлік министрі Марат Қарабаев Жезқазғаннан Қызылордаға республикалық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту учаскелерін қарау үшін автокөлікпен жүріп өтті. Қызылорда облысында China Civil Engineering Construction Corporation мердігерлік ұйымының базасында ведомство басшысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және 5 құрылыс компаниясының қатысуымен үлкен кеңес өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мердігерлер енді қолдан қымбатшылық жасай алмайды – Көлік министрлігі

Фото: gov.kz

Марат Қарабаев мердігерлерге бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларына жол берілмейтінін қатаң ескертті.

«Кейбір компаниялар жұмыс басталған алғашқы жылы жұмыстарды әдейі кешіктіріп, үшінші-төртінші жылы қымбаттау мәселесін алға тартады. Осындай тәжірибеге тап болып отырмыз. Бұл ретте «ең басында келісілген сомадан артық ештеңе берілмейді» деп бірден айтамын. Бұрын-соңды басқа учаскелерде, атап айтқанда, «Қарағанды – Балқаш» және «Талдықорған – Өскемен» учаскелерінде жұмыс істеген әріптестеріңіздің тәжірибесіне қараңыздар. Бұл баршаға сабақ болып, енді қайталанбайды. Бұдан былай жол жобаларына қатысты қолдан қымбатшылық жасауларыңызға жол берілмейді. Қолыңыздан келмесе, келісімшартты бұзып, жұмысты сол жерден тоқтатыңыз. Бұл барлық мердігер мен жол жобаларына қатысты айтылып отыр», деді министр.

Ол сондай-ақ Көлік министрлігі тарапынан жобалар құнының қымбаттауынан өзге басқа барлық мәселе бойынша жол құрылысшыларына әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Марат Қарабаев мемлекеттік орган теріс тәжірибесі бар компаниялар Қазақстанның жаңа жол жобаларына қатыса алмайтындай етіп заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашы болғанын айтты.

«Қара тізім» бұрын да болған, алайда қазір аталған норманы пайдалану аясын одан әрі кеңейткіміз келеді. Сондықтан елімізге алғаш рет кіріп жатқан компаниялар бірден өздеріне «Қазақстанға ұзақ уақыт жұмыс істеуге келдік пе әлде жоқ па?» деген сұраққа жауап берулері керек. Өйткені алдағы 6 жылда 8 мың шақырымға жуық жолда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», деп ескертті көлік саласына жауапты министр, айтуынша мердігерлер жобаларға толыққанды дайындықпен кірісу қажет.