Маман • 04 Желтоқсан, 2023

Алғыс арқалаған дәрігер

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Шебердің инесі де, соққан күймесі де алтын» деген. Қай салада болсын өз ісін жетік білетін маманның жүзі ашық, абырой-беделі биік болады. Мамандыққа адалдық турасында ой қозғағанда адам жанының арашасы бола білген ақ желеңділерге артылған жүктің жеңіл емес екенін аңғарамыз. Себебі «медицина мамандарына қателесуге болмайды» деген қағида бар. Дәрігер болу дегеннің өзі «адамға жарық сыйлау» деген тіркеспен үйлесетін секілді. Сала­да түйген-білгенім көп, болдым-толдым демей, шыңдалудан жалық­пайтын дәрігерлердің бірі – Дархан Сыбанбаев.

Алғыс арқалаған дәрігер

Бала жастан дәрігер болуды армандаған ол 1990 жылы Ең­бекшіқазақ ауданы Сөгеті ауы­лынан арман қала Алматыға жол тартады. Сол кез Алматы мем­лекет­тік медицина институтында қазақ тобы ашылып, жер-жерден білімді талапкерлер ағылып жатқан шақ еді. Қазақ тобына қабылданған студенттердің арасында Дархан да бар еді. Медицина мамандығына кім де болса адасып келмейтіні түсінікті ғой. Кешегі түлек – бүгінгі студент. Шетінен бірінен-бірі өткен алғыр. Мұндай ортада ешкімнің топтан қалғысы жоқ. Дархан да қаражаяу емес, қатарластары секілді мықты маман болып қалыптасатынына іштей сенімді. Сондықтан саланың білгірі болу үшін жатпай-тұрмай білім алуға тиіс екенін ерте түсінген. Оқудағы алғашқы қада­мын субординатор мамандығынан бастаған ол жоғары курсқа өт­кенде хирургияға қызығушылық танытқан. Дархан қолына диплом алған жылы осы институттың хирургия кафедра­сының интернатурасында оқуын жалғастырды. Бүгінде ол – Ал­маты облысы, Жамбыл ауданы Қарғалы ауылындағы аудан­дық аурухананың бас дәрігері. Ме­дицина ғылымдарының кандидаты, доцент, денсаулық сақтау саласының  үздігі.

Аудан тұрғындары Дархан Әріпұлын білім-білігінің арқасында елдің құрметіне бөленіп жүрген жан деп біледі. Аудандық ауруханаға басшылық қызметке 2020 жылы келген. Карантин уақыты, қауырт шақ. Науқас көп. Абырой болған­да ауруханада білікті мамандар жет­кілікті. Коронавирус қыса бастаған тұста бірлігі жарасқан ұжы­мның бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атқарған істері көп. Індет өршіп тұрғанда ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратының сегізі жеткізілген. Қажетті дәрі-дәрмек, құрал-жаб­­дықтан таршылық көрмеген. Осын­дай қиын-қыстау кезеңде ауруханадан хирургия бөлімін ашу оңай шаруа емес. Ауылдықтар Дархан Әріпұлының осы қадамына дән риза. Еңселі ауруханаға көрші­лес Үмбетәлі, Қасымбек, Шолақ­қарғалы ауылдарының тұрғындары да келіп, ем-домын алады. Олар да бас дәрігерді танып алған. Ауру­ха­на заманауи талаптарға сай жаб­дықталған. Терапия, гинекология, хирургия, перзентхана бөлімдері ашылған. Мұнда үй-үйді аралап жүре­тін патронтажды дәрігерлер де баршылық. Олардың да еңбегіне ел риза.

Бүгінде ауыл тұрғындары дәрі­герге қаралу үшін қалаға барып әуре болмайды. Гуманитарлық көмек ретінде жылжымалы рент­ген көлігі қарастырылған. «Нұр­лы жол» бағдарламасы арқылы жасақталған емдік лаборатория да бар. Бірақ әзірге іске қосылмапты. Көпті қынжылтатыны – ғимараттың тарлығы ғана. Өйткені аурухана 15 мың адамға шақталып салын­ған. Кейінгі жылдары халық саны өс­кені бар, көшіп келгені бар емха­наға ұзын-саны 40 мың адам тіркел­ген. Әсіресе қыс мезгілінде сапы­рылысқан жұрттың емін-еркін жүріп-тұруы қиын көрінеді. Ол аздай бір кабинетте 3-4 дәрі­герден отыруға тура келеді. Ауыл тұрғындары жыл сайын Үкіметке қосым­ша ғимарат керек деп жар салғанымен, әзірге өтінішке құлақ асар жан табылмапты. Дархан Әріпұлының өзі де бір сөзінде «Емхана жанынан 350 адам қабыл­дауға шақталған тағы бір нысан салынса екен» деген арманы барын айтып еді. Әр адам үшін денсаулық – бірінші байлық. Дәрігерлер сол байлықты сақтауға қолдан келгенше жәрдемдеседі, барын, жанын салады. Сөзімізді түйіндей келе, науқастардың еміне себепші болып жүрген жоғары санатты хирург Дархан Әріпұлы секілді білгір маман көп болсын демекпіз.

 

Жанкелді АМАНКЕЛДІҰЛЫ

 

Алматы облысы