Биыл Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті 420 млрд теңгеден 499 млрд теңгеге дейін өсіпті. Ауыл шаруашылығында туындаған қиыншылықтарға қарамастан, солтүстікқазақстандық диқандар 3,7 млн тонна астық жинап, орташа өнімділік 11,1 ц/га құраған. Бұл – аграрлы аймақтар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында біздің жұмысымыз – облыс экономикасының даму қарқынын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалған күннен бастап, барлық аудан мен кәсіпорынды, әлеуметтік нысанды аралап, экономиканың негізгі салаларымен және өңірдің өзекті мәселелерімен таныстым» деген Ғ.Нұрмұхамбетов биылғы жылдың 10 айында жеткен жетістіктері мен кейбір қиындықтарға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, 10 айдың қорытындысы бойынша экономика тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруашылығы бойынша ойдағы көрсеткіш шамалы төмендеп, нақты көлемі 84,9 пайызды құраған. Ал қалған салаларда оң динамика сақталыпты. Атап айтқанда, өнеркәсіпте өсім – 113%, құрылыста – 122%, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 112%, инвестиция тартуда 120,3%-ға жеткен. Бұйыртса Қызылжар өңірі жыл қорытындысы бойынша өнеркәсіпте – 105%, құрылыста – 102%, инвестиция – 105%, тұрғын үйді пайдалануға беруде 102% өсім күтіп отыр. Биылғы ауа райы ақсатқан аграрлық сектордың өзінде 77,4% деңгейінде көрінуге үміттері бар. Бұған қоса 10 400 жұмыссыз жанға жаңа тұрақты жұмыс орнын ашатындарына сенімді.
«Биылғы жылы облыс бюджеті 420 млрд теңгеден 499 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Былтырғы жылмен салыстырғанда облыстың өз кірістерінің өсуі 27,6 пайызды құрады (2022 жылы – 87 млрд теңге, 2023 жылы – 111 млрд теңге). Қаржының негізгі көлемі әлеуметтік нысандарды салу, жолдарды жөндеу, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және сумен жабдықтауға бағытталды. Жергілікті өзін-өзі басқару дербес бюджетке көшкендіктен ауылдардың қаржылық және экономикалық мүмкіндіктері кеңейді. Сонымен қатар бюджеттің 4-деңгейін енгізу, халықтың сұранысын ескере отырып, бюджетті тиімді жоспарлауға және пайдалануға мүмкіндік берді. Бұл адамдардың өмір сүру жағдайының және елді мекендердің келбетінің жақсаруына ықпал етеді», деді облыс әкімі.
Осы жылға арналған 4-деңгейдегі бюджет көлемі 21 млрд теңгені құрады. Салық түсімдерінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып, 2,4 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы биылғы қиындықтарға қарамастан тұрақты даму қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Он айдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 775 млрд теңгені құраған. Биыл солтүстікқазақстандық диқандар егін жинау науқанын ауа райының қолайсыз жағдайында жүргізгені баршаға аян. Бұл астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай әсер еткені тағы мәлім.
«Соған қарамастан облыс диқандары гектарынан 11,1 центнер өнім алды. Бұл басқа аграрлық өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш екенін айттық. Нәтижесінде, егін жинау алқабы ең аз болғанымен, 3,7 млн тонна астық жиналды. Майлы дақылдар 685 мың гектарға себіліп, орташа өнімділігі 6,7 центнерден түсіп, жалпы 458 мың тонна өнім алдық. Негізі жақсы өнім алу үшін барлық қажетті аграрлық іс-шара кешені жүргізілді. Ауыл тұрғындарына жыл бойы жұмыс пен табыс әкелетін мал шаруашылығы да ерекше назарда болды. Он айда ет өндірісі 2%-ға (92,2 мың тонна), сүт өндірісі 3,4%-ға өсті (603 мың тонна), 589 миллион жұмыртқа өндірілді (96,6%). Облыста жылына 647,8 мың тонна сүт өндіріледі, бұл республикалық көлемнің 10%-ын құрайды. Мемлекет басшысы халықты қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуді басты басымдық ретінде белгіледі. Сондықтан біздің басты міндетіміз – еңбек өнімділігін ұлғайту және ауыл шаруашылығын жаңғырту», деді өңір басшысы.
Бұл мақсатқа инвестиция тарту арқылы қол жеткізетіндерін айтқан ол, Республика бойынша ауыл шаруашылығына ең көп инвестиция тартқан Солтүстік Қазақстан облысы екенін қадап айтты. «Президенттің ет, сүт және астықты түбегейлі өңдеу, жылыжайларды салу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін облыста инвестиция көлемі 80 млрд теңгеден асатын 27 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде құс фабрикалары, қой фермалары, көкөніс қоймасы, жылыжайлар және суару шара-құрылғылары бар. Осының арқасында өңір халқының құс етіне (16,5 мың тонна), маусымаралық кезеңде көкөністерге (3 мың тонна) қажеттілігі 100 пайызға қамтамасыз етіледі. Олармен қоса сүт өндірісі ұлғаяды (45,5 мың тоннаға). «EMC-Агро» шошқа кешенін 200 мың басқа дейін кеңейту жобасын жүзеге асырып жатыр», деді ол.
Өнеркәсіпте 2026 жылға дейінгі 469 млрд теңгені құрайтын 39 инвестжоба іске асып жатыр. Нәтижесінде, 6 мың жұмыс орны құрылады екен. Биыл 15 жоба жүзеге асып, 1 мың жұмыс орны ашылған. Май экстракциялау зауыты, Германияның «Рейманн» компаниясының тіркеме ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын кәсіпорын, жем зауыты мен диірмен кешені, көпір жабдықтарын шығаратын, сондай-ақ ағашты озық өңдеу зауыты салынып жатқан көрінеді. Келесі жылы кондитерлік өнімдер шығару жобасы басталады. Биыл облыста 300 мың шаршы метр баспана салып бітіру жоспарланған. 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Келесі жылы 26 үй бой көтереді.
«Осы жылы облыста 770 км жол жөнделді. 47 ауылдың көшелерін жөндеуге 8,1 млрд теңге бөлінді. Облыс орталығында ұзындығы 58 шақырымды құрайтын 47 көше жөнделіп, оған 8,2 млрд теңге бағытталды. Теміржолдар арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталды. Сумен қамтуды қаржыландыру 1,9 есеге өсті. Жұмыс облыстағы 58 ауылда жүргізілді. Орталықтандырылмаған ауылдарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету аясында 25 елді мекенге жаңа нысандар салынып, 149-на кешенді блоктік модульдер орнатылады. Ал топтық су құбыры жобалары арқылы 46 ауылға су жеткізіледі», деді Ғ.Нұрмұхамбетов.
Білім беру саласында материалдық-техникалық база 4,4 млрд теңгеге жаңартылған. Мектептерге 55 пән кабинеті және 29 мектеп автобусы сатып алыныпты. 48 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілген. Апатты жағдайдағы мектептердің орнына 2 мектептің құрылысы салынып біткен. Сондай-ақ тағы бір ауыл мектебін салу жоспарланып отыр.
«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 300 орындық түзету мектебі, 50 орындық мектеп-интернаты салынып жатыр. Оқушыларға орын тапшылығын азайту үшін тағы 900 орындық 2 ауылдық мектеп салуды жоспарлап қойдық. 3 жыл ішінде Петропавлда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2 700 орындық 4 мектеп салынады. Петропавлда 420 орынға арналған 2 балабақшаның құрылысы басталғалы тұр. Бұлар балалардың 95 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік береді», деді ол.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 46 медициналық мекеменің құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 5 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медпункттің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Қалған 38 нысанның құрылысы келесі жылы басталады. Петропавлда екі емхананың құрылысы мәресіне жетсе, Уәлиханов ауданында емхана бой көтеріп келеді. Жалпы, ауруханалардағы медициналық жабдықтарды жаңартуға 5,2 млрд теңге бөлінген.
«Спорт саласында 5 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің, 4 жабық хоккей корты мен спортзалы бар жабық бассейннің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олимпиадалық резерв интернат колледжі үшін 244 орындық жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ үстел теннисі орталығы мен мұз айдыны салынады. Биыл 6 мәдени нысанды салу және жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 13 мәдени нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. 2024-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 304 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосу жоспарланған еді. Оған қол жеткізеріміз анық болып қалды. Сондай-ақ 170 мектеп «Старлинк» спутниктік интернет желісіне қосылады», деді облыс әкімі.