Бізді мына бір дерек ерекше елең еткізді. Соңғы жылдары Суэц каналының орнын басатын жаңа теңіз сауда жолы туралы әңгіме жүре бастапты. Ол әсіресе 7 қазанда Палестинада басталған қарулы қақтығыстан кейін өзекті бола түскен. Нақтырақ айтқанда, бұл жоба Бен Горион каналы деп аталады екен. Ол келешекте Суэцке бәсеке, балама каналы болады деген болжам бар. Дүниежүзілік сауда саласының сарапшысы, Суэц каналының басқарма мәжілісінің бұрынғы мүшесі Уаиль Мақдурдің айтуынша, Қызыл теңіз бен Ақ теңізді Израиль арқылы жалғайтын Бен Горион каналы жаңа бастама емес, ол баяғыдан бері көтеріліп келе жатқан ескі идея көрінеді. Алайда идеяның орындалмауының бір себебі бар. Ол қандай десек, Израильдің Газа аймағынан басқа бүкіл жағалауын, тіпті сонау Хайфа қаласына дейін теңіз деңгейінен 350 метр биіктіктегі жоталар қоршап жатыр. Сол себепті бұл табиғи ландшафт жобаның іске асуына кедергісін келтірген. 1963 жылы АҚШ билігі биік жоталарды тегістеу үшін тіпті шағын ядролық жарылыс жасауды да ұйғарған. Алайда радиациялық сәуленің қоршаған ортаға зияны ескеріліп, бұл жоспарынан бас тартқанға ұқсайды. Ендігі жерде Бен Горион жобасы қайтадан назарға ілікті. Бұл жолы мүдделі тарап тау-қыраттарды сүрмей, канал арнасын жазықта жатқан Газа аймағы арқылы өткізуді ойластырып жатыр. Биік жотадан арна салғанша жобаның сызбасын Газа аймағына қарай бұра салған оңай әрі арзанға түседі емес пе? Осы ретте кейбір сарапшылар Израиль – Палестина қақтығысының тұтануына осы жағдай себепші болды деген болжамдар айтады. Жалпы, бұл идея неден туындады? Кезінде арабтар мен еврейлердің арасындағы соғыста Суэц каналы қысым жасаудың тетігі ретінде бірнеше рет жабылған еді. Сонымен бірге 2021 жылы Evergreen Marine компаниясының контейнер тасушы кемесі өткелде қайырлап қалғанда дүниежүзілік теңіз жолы саудасы үлкен шығынға батқан. Келген шығын күніне 6-10 млрд долларға жеткен дейді. Соның салдарынан тауарлар мен шикізат діттеген жеріне жете алмай дүниежүзілік сауда біршама тоқырауға ұшырады. Әлем теңіз жолы каналдарының маңыздылығын сонда барып түсінді.
Сарапшының мәлімдеуінше ендігі жерде әлем елдері 2050 жылға қарай солтүстік мұзды мұхиттың теңіз жолын пайдалануға дайындалып жатыр. Болжамдар бойынша 25 жылдан кейін кемелер мұзды мұхитта емін-еркін жүретін болады. Өйткені мұхит бетін жапқан мұздар жылдан-жылға еру үстінде. Әр он жыл сайын шамамен 12%-ға мұхиттағы мұз еріп барады. Оның үстіне зерттеу көрсеткендей, мұхиттағы қатқан қалың мұздар ертеден келе жатқан мұздар, қазір ондай құбылыс орын алмайтын болған. Бұл климаттың өзгеруі салдарынан алдағы 25 жылда Мұзды мұхит дүниежүзілік теңіз сауда жолына айналады деген сөз. Бүгінгі Суэц каналы арқылы өтіп жатқан тауарлардың тең жартысы Солтүстік мұзды мұхитпен тасымалданады. Сарапшының айтуынша Тайланд елінің шығысында орналасқан елдер осы солтүстік бағыттағы теңіз жолын таңдайды. Өйткені ол анағұрлым арзан түседі. Мәселен, Жапонияның Йокогама портынан Германияның Гамбург портына дейін Суэц каналы арқылы 11073 теңіз милін құраса, солтүстік мұзды мұхитын 6920 теңіз милінде айналып өтеді. Осы тұста Үндістанның рөлі күшті болғалы тұр. Болжамдарға сай 2050 жылға қарай Үндістан әлемдегі экономикасы мықты үшінші елге айналуы мүмкін. АҚШ пен Еуропа елдері қазірден Қытайдың орнына Үндістанды дүниежүзінің фабрикасы ету жолында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін жуырда Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа экономикалық дәлізінің жобасы әлемге таныстырылды. Жоба бойынша Үндістаннан, Шығыс Азия елдерінен шыққан тауар БАӘ мен Сауд Арабиясының порттарына теңізбен жеткізіліп, әрі қарай теміржолмен, жүк көліктерімен Йордания жерін басып өтіп, Израильдің портынан теңіз арқылы Еуропа елдеріне жол тартуға тиіс еді. Аталған жобаның пайда болуына екі жағдай түрткі болып отыр. Біріншісі Батыстың 2013 жылы Қытай жариялаған теңіз және құрғақ жолмен тауар тасымалдайтын жаңа Жібек Жолы бағытына қарсы әрекеті болса, екіншісі Израильді бұрынғы жауластары араб елдерімен экономика арқылы байланыстырып, Таяу Шығыста Израильді маңызды ойыншыға айналдыру. Алайда Палестинадағы жағдай бұл жобаның іске асуын шектеусіз мерзімге тежеп тастады. Дегенмен сарапшының пікірінше арада біраз уақыт өткен соң жаңа идеяға барлық тарап қайта оралады деп отыр. Ал Қытайдың жаңа Жібек Жолы сауда дәлізі Қазақстан жері арқылы да өтетін ескеру керек.
«Қытай елінің экономикасы саудаға негізделген. Қытай елін дүние жүзінің өндіріс алаңы деп бекерге айтпайды. Сол Қытайдың бүкіл тауарының 80%-ы Сингапурдегі Малакка каналынан өтеді. Сондықтан егер бұл өткел жабылса, Қытай саудасы үлкен тығырыққа тіреледі. Осыны білген шығыс мемлекеті қазір Оңтүстік Америкадағы Никарагуа елінен Панамаға бәсекелес жаңа канал салуды қашаннан жоспарлап келеді. Келешекте ол АҚШ, Канада, Мексиканың шығыс жағалауына жылдам тауар жеткізетін каналға айналады», деді сарапшы.
Биылғы Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экспорттық әлеуетті арттыру керектігін тапсырған болатын. Оған қол жеткізудің ең төте жолы – сауда мен алыс-берісті күшейту. Қазақстан саясатта ғана емес, экономикада да ашықтық пен еркін диалогті ұстанған ел. Сондықтан осындай көпқырлы саясатының арқасында алып державалар арасындағы саяси ойында тек ұтымды жақта болады. Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстанның тиімді географиялық аймағын араб мемлекеттері де өз мүддесіне пайдаланғысы келеді. Осы орайда биыл Қазақстан мен Қатар арасында үлкен келісімдер жасалды. Бұл ретте араб мемлекеттері Жібек Жолы сауда жолы арқылы Қытай мен Орта Азия, Еуропа арасын логистикамен байланыстыруды көздейді. Ол негізгі үш бағытты қамтиды. Біріншісі Еуразиялық сауда көлігі дәлізі. Бұл жол Астана мен Мәскеуді жалғайды. Екіншісі Қытай, Орта Азия, Батыс Азия көлік дәлізі. Оның бағыты Алматы – Ташкент – Тегеран – Анкара арқылы өтеді. Үшінші сауда көлік дәлізі Қытай мен Пәкістанды байланыстырады. Көлік дәлізінің жолы Алматы мен Исламабад аралығында жатыр.
Кейбір сарапшылар Алматы арқылы өтетін дәл осы Қытай – Пәкістан сауда-көлік дәлізін іске асырмау үшін үлкен саяси ойыншылар Ауғанстанда қаншама жыл бойы қолдан дүрбелең жасап келді деген долбар жасайды. Не болса да бүгінгі таңда Ауған елінде біршама тұрақтылық орнады, оның үстіне Қазақстанмен арада үкіметтік деңгейде біраз келісімдер жасалды. Демек аталған көлік дәлізінің Қазақстан тауарын дүние жүзілік нарыққа шығаруына берер мүмкіндігі үлкен болғалы тұр.
ШЫМКЕНТ