Оқиға • 05 Желтоқсан, 2023

«Қатаң сөгіс бердік». Министр өгей әкесінен жүкті болған оқушы туралы пікір білдірді

789 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Павлодар облысында оқушы қыздың жүкті болу дерегіне қатысты пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.

«Қатаң сөгіс бердік». Министр өгей әкесінен жүкті болған оқушы туралы пікір білдірді

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысында 8-сынып оқушысы жүктілігін 25 аптаға дейін білмеген. Мектеп мұғалімдері қыркүйекте келген оқушының қазан айы бойы ауырғанын айтып, біршама уақыт бақылаған. Мектеп ұжымы оқушы қыздың мұндай сұмдық жағдайға тап болатынын күтпеген. Алайда уақыт өте оқушы қыздың іші шыға бастағанын байқаған мұғалімдер қызды дереу ауруханаға апарып, жүктілігі анықталған.

Құзырлы орындарға хабарланғаннан кейін оқушы қыз өгей әкесінен жапа шеккенін айтқан.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл оқиға құлағына жеткенін айтып, оқиғаға қатысты пікір білдірді: 

«Мәселе менің жеке бақылауымда. Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін нақты шешімдер қабылданады. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жедел шараларды қолға алады. Оқушы білім алып жүрген мектеп ұжымына қатаң сөгіс бердік», деді ол.

Аймақтық полиция департаменті жайсыз оқиға болғанын, күдіктінің  ұсталғанын растады.