Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін еліміздің мәдени-рухани өмірі өртеңге шыққан өлең шөптей қайта қаулады. Әдебиетке, ғылымға тегеуріні мықты, зерделі, білімді буын келді. Әсіресе әдебиеттану ғылымы Зейнолла Қабдолов, Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов секілді дарынды жас ғалымдармен толықты. Кейін осы ғалымдардың бәрі әдебиеттану ғылымының бір-бір уығына айналды. Солардың қатарында ұлттық мүдде жолында басын бәйгеге тіккен Рахманқұл Бердібай да болды.
Басын бәйгеге тіккен дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. 1956 жылы 22 сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетінде сол кезеңдегі қазақ тілінің жан ауыртарлық аянышты жағдайын баяндаған «Ең үлкен байлық» атты мақаласы жарық көрді. Мақала қалай жарық көрді, қоғам дүр сілкінді. Бірақ осы мақаласы үшін жас ғалым біраз қуғын көрді. Қызметінен босатылды. Сонда да ол ештеңеден ықпады. Осы ұлттық ұстанымнан ардақты ғалым көзі жұмылғанша тайған емес.
Мазмұнды жиынның тізгінін ұстаған белгілі ғалым Уәлихан Қалижанұлы айтулы академиктің ел руханияты мен мәдениетіне қосқан еңбектері туралы салмақты сөз қозғап, Р.Бердібай шығармашылығы мен еңбектері 32 кітап пен мыңнан аса ғылыми мақаладан тұратынын, ол тарихи ақиқаттарды бұрмаламай көрсетіп, тоқырау жылдарындағы ұлттың шыңдалу үдерісіне белсене қатысқанын атап өтті.
Көрнекті ғалымның халық қазынасын тереңнен толғап жазған «Қазақ эпосы», «Сарқылмас қазына», «Кәусәр бұлақ», «Эпос – ел қазынасы», «Жыршылық дәстүр», «Айтыс әлемі» және тағы басқа кітаптары көзі қарақты оқырмандарға жақсы таныс. Оның түбі бір туысқан халықтар әдебиетімен байланысы «Гүлстанның бұлбұлдары», «Достық кемесінде», «Сарқылмас қазына» атты еңбектерінен бастау алып, «Байқалдан Балканға дейін», «Жұлдыздар жарығы», «Ел боламыз десек» атты жинақтарда жалғасын тапты.
Рахманқұл Бердібай – Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейі жанынан «Халық университеті» атты ұлттық-рухани жобаны қолға алып, сонда 35 жылдан аса халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті туралы дәріс оқып, ұлт рухын көтерді. Осы тақырыпта ой өрбіткен Президент кеңесшісі Бауыржан Омарұлы «Халық университеті» елдің санасын оятуға үлкен үлес қосқанын айтты. «Мұхтар Әуезов музейін шабыт шаңырағына, ұлттық ұлағат ұясына айналдырды. Осында оқылған лекциялар бірнеше буын ұрпақты кейінірек әйтеуір бір келуі мүмкін тәуелсіздік кезеңіне дайындады. Соны аңсап, саналы түрде сарылып сабақ өткізді» деді академик.
Мазмұнды басқосуда белгілі қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы, Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, Мәжіліс депутаты, ақын Қазыбек Иса, академик Дихан Қамзабекұлы, профессор Қабдеш Ыдырысов және басқа да танымал азаматтар ұлт мүддесін бәрінен биік қойған қайраткердің адами болмысы, энциклопедиялық зердесі, азаматтық ұстанымы туралы парасатты сөз қозғады. Ғалымның қазақ ауыз әдебиетін зерттеудегі тың сүрлеуі, фольклорды жаңаша стильде қарастыруы, қазақ музыкасы мен тарихи мұраларды қалпына келтірудегі еңбектері туралы да айтылды.
Фольклор демекші, қаламгер Орынбек Жолдыбай ғұлама ғалымның саналы өмірінің 20 жылдан аса уақытын фольклортану ғылымына арнағанын жеткізді.
«Рахманқұл Бердібайдың басшылығымен халықтың арғы-бергі өткен өмірінің қайнар көзі – фольклорды жан-жақты зерттеуге бағытталған, фольклор туралы бұған дейін айтылып келген пікірлерді тың ойлармен байыта түскен сындарлы еңбектер жарық көре бастады. Атап айтқанда, «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақтың архаикалық фольклоры», «Фольклор және оның этнографиялық негіздері» және басқа ғылыми жұмыстар жазылып, олар Қазақстанда ғана емес, жалпы Орта Азияда жоғары бағаланды, баспасөзде фольклор тақырыбына арналған мұндай еңбектердің осы аймақтарда тұңғыш рет жарық көріп отырғаны атап көрсетілді», деді ол.
Жиынға Алматыдан профессор Дандай Ысқақұлы мен ғалымның қызы Айжан Бердібай онлайн қатысып, жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ осыдан екі жыл бұрын бас қаладан айтулы тұлғаның есіміне көше берілгенін айта кетейік.