Қаланың орталық көшелерінің бірінде тұратын 38 жастағы адам ұсталған кезде өзінің синтетикалық есірткі таратумен үш айдан бері айналысып келе жатқанын мойындаған. Ол ақысын төлем картасы арқылы алғаннан кейін тұтынушыларына есірткінің жылтыр қағазға оралған дозасын белгілі жерлерге тығып кету арқылы таратқан. Ұсталған адамды тінткенде 25 доза табылған. Бұл ұнтақтардың психотроптық заттар және мефедрон екені анықталды. Есірткінің жалпы салмағы 21 грамдай. «Мұнша есірткі 100 адамды мас қылуға жетеді», дейді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Руслан Сапаров.
Синтетикалық есірткілердің әсері адамның психикасын бұзуға өсімдік тектестерден анағұрлым қатерлі. Қазір оны сату «қара базарды» жаулап алған.
Полиция қызметкерлері есірткі тасымалдаушыларды табуға қызметтік иттердің көмегін де пайдаланады. Тасымалдаушылар есірткі заттарын неше түрлі қулықпен, табылмайтындай етіп орап, тықса да, иттің өткір иісті сезу қабілеті оларды бәрібір бұлтартпайды. Полиция капитаны Болат Бекмағамбетовтің қарамағындағы лабрадор тұқымды Бэлла атты ит жеке үйді тінту барысында полимерлі пакеттерге жасырылған өсімдік тектес затты қуыстарды иіскелеп жүріп тауып, құрылыс қоқыстары мен ескі темір пештің астынан тістелеп алып шыққан. Сараптама бұл заттың салмағы 6 кг-дан асатын марихуана және салмағы 49 гр болатын гашиш екенін анықтады.
«Бүгінгі таңда бізде барлығы 50 қызметтік-іздестіру иті қылмысқа қарсы күресуде көмек беріп жүр. Оның 22-сі кинологиялық қызмет орталығында, қалғандары қалалық басқарма мен аудандық полиция бөлімдерінде ұсталады. Әрқайсысы «жеке бағдарлама» бойынша үйретілген. Биылғы 9 айда қызметтік-іздестіру иттері 281 қылмыс, оның ішінде 121 ұрлықты ашуға көмектесті», дейді полиция майоры Самат Төлебаев.
Өткен айда тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерде 100 полимерлік пакетке дозаларды бөліп, салып қойған 25 жастағы жігітті ұстады. Сараптама бұл заттың гашиш екенін анықтады. Табылған «олжаның» салмағы 2 килодан асады. «Гашиштің аса үлкен көлемі 200 грамнан басталады. Ал мына жағдайда ұсталушыға сот 15 жылға дейін бас еркінен айыру жазасын беруі мүмкін», дейді полиция подполковнигі Р.Сапаров.
Қараша айына дейінгі деректер бойынша Солтүстік Қазақстан полицейлері биыл барлығы 730 кг есірткі түрлерін тәркіледі. Оның ішінде 708 килосы – марихуана және кептірілмеген қарасора. Ал гашиштің көлемі 20 килодан асқан. Синтетикалық психотропты заттардың салмағы 2,2 кг болған.
ПЕТРОПАВЛ