Қоғам • 05 Желтоқсан, 2023

Алматыда 700-ден астам мүгедек жан жұмыс істеп, ақша тауып жүр

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл дерек Алматы қаласында өткен Мүмкіндіктер форумында айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда 700-ден астам мүгедек жан жұмыс істеп, ақша тауып жүр

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасовтың сөзінше, Алматыда 56 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олардың 700-ден астамы түрлі салада жұмыс істейді. Биыл оларды қолдау мақсатында инватакси жобасы, қаладағы бүкіл нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін паспорттау жобасы жүзеге аса бастады.

«Инклюзивті қоғам, инклюзивті экономика құрып жатырмыз. Инклюзивті инфраструктура құрып жатырмыз. Әр адам өзінің көзқарасын өзгертсе, онда мүгедектігі бар жандар ешқандай өзінің шектеуін сезінбейді. Бізбен қатар қоғамда өмір сүреді, жұмыс істейді, белсенді болады. Мүмкіндіктер форумы деген шараның басты мақсаты осы»,- дейді Бауыржан Жаубасов.

Алматы мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Ұлан Іңкәрбеков біздің қоғамдағы ең үлкен мәселелердің бірі арбада отырған адамдардың үйінен шыға алмауы екенін жеткізді.

«Әр үйде 6 баспалдақ бар. Арбаға таңылған жандар емін-еркін үйден шыға алмайды. Шетелмен салыстырғанда, оларда кедергі деген ұғым жоқ. Дамыған мемлекеттерде әлеуметтік мәселе жақсы қаралған. Ал бізде енді салынып жатқан үйлердің бәрінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барша мүмкіндік қарастырылып жатыр. Бүгін көптеген тақырып көтерілді. Жиналыс соңында осы мәселелерді қабылдаймыз», - дейді ол.

Шараға отандық және шет елдік үкіметтік емес ұйыммен қатар мемлекеттік сектор өкілдері де қатысты.