Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2023

Еңбек адамының абыройы

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда Ауыл шаруа­шы­лығы қызмет­кер­ле­рі кү­ніне арналған сал­танат­ты жиын өтті. Іс-шара ба­рысында өңір шаруа­шы­лықтарының өткен ең­бек маусымы қоры­тын­дыланып, биылғы ауа ра­йы­ның қолайсыздығына қарамастан, еселі еңбек етіп, мол өнімге қол жеткіз­ген шар­уашылық басшылары марапатталды.

Еңбек адамының абыройы

Расында да, осы жыл ауыл шаруашылығы үшін аса бір ауыр кезең болып отыр. Биыл алқаптағы егін бітік шығып, диқандар жер ырыздығы берекелі болар деп күткен еді. Өкінішке қарай, егін әбден пісіп, жетіле бергенде басталған жауын-шашын егін жинау жұмыстарына көп кедергі келтіріп, өнімнің сапасын құлдыратып жіберді. Осылайша, ірі шаруашылықтар орасан шығынға ұшырады, ұсақ шаруашылықтар мүлде титықтап қалды. Жиын барысында бұл жайтты облыс басшылары да атап өтті.

– Жауын-шашынның орташа жылдық нормасы 2 еседен асып кетті. Топыраққа 180,0 мм ылғал түсті. Осыған қарамастан, мемлекет дер кезінде көмек көрсетіп, нәти­же­сінде алдағы жылғы егіс жұмыстарына жеткілікті тұ­қым қоры жиналды. Биыл Қос­танай өңірі 4 млн тоннадан астам астық алды. Облыс бойынша орташа шығым гектарына 10 центнерден келеді. Әр гектардан 14,6 центнер өнім алған Қостанай ауданы көш басында тұр. Гектарға шаққанда Сарыкөл ауданы – 13,8, Алтынсарин ауданы – 12,4, Қарабалық – 11,9, Ұзынкөл – 11,4, Қарасу 11,2 центнерден өнім алды. Биылғы ауа райының қолайсыз болғанын ескерсек, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал Арқалық (3 ц/га), Жанкелдин (4,6 ц/га), Аманкелді (5,3 ц/га) аудандарында астық шығымы жылдағыдан төмен. Бұл өңір­лер­де мамырдан шілдеге дейін жауын-шашын аз болды. Соның салдары дақылдардың дамуына да теріс әсер етті, – деді облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов.

Жиында биылғы еңбек нау­­қа­нында кездескен ке­дер­­гілерді еңсеруге мемлекет тарапынан үлкен кө­мек көр­се­тілгені айтылды. Мәселен, көктемгі дән сіңіру және күзгі жиын-терім жұмыстарына Азық-түлік корпорациясы арқылы мемлекет бюджетінен қомақты қаржы бөлінген. Осы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласына 84 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Табиғаттың тосын мінезі орасан шығын келтіргеніне қарамастан, 2024 жылға арналған тұқым қоры толықтай әзірленді. Қысқы мал азығы да жеткілікті.

– Қазіргі таңда өңір хал­қын азық-түлікпен толық қамтамасыз ету­ге мүмкін­ді­гіміз жетеді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бас­ты мін­дет – алдағы үш жылда агро­өнер­кәсіп ке­шеніндегі өңделген өнімнің көлемін 70 пайызға жет­кізу. Биыл өңірде 351 млрд теңгеге жуық азық-түлік өнім­дері өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға ар­тық, яғни тамақ өндірісі бо­йынша республикада 1-орын­ға шықтық. Жылдың қиын­шылығына қарамастан, салада өзінің алдағы тұрған ең басты міндетін абыроймен атқарғаны, еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін мыңдаған азаматқа алғысымды білдіргім келеді. Басты міндет – елдің, мем­лекетіміздің азық-түлік қауіп­сіздігін сақтау. Тобыл-Торғай өңірі қашаннан алтын астықтың қамбасы, төрт түлік малдың өрісі болып саналады. Биыл ауа райының қолайсыздығына қарамастан, диқандар қауымы бір дәнді ысырап қылмай жинап алды. Оның үстіне қандай қиын кезеңдер болса да, мемлекет тарапынан шаруаларға деген қамқорлық үзілген жоқ. Оған биыл тағы да көз жеткіздік, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Жиын барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығын дамытуға ұзақ жылдан бері сү­белі үлес қосып келе жатқан шар­уа­шылық басшыларын ма­ра­пат­тады. Мысалы, «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» төсбелгісімен марапат­тал­ғандардың бірі – Аманкелді ауда­нындағы «Жұман» шаруа қожалығының жетекшісі Сәрсенбек Мырзакеев. Ол 2001 жылдан бері Айтбай елді меке­нін­де мал шаруашылығымен айналысады. Меншігінде 600 қара мал, 400-дей жылқы бар.

«Біз қара малдың Әулиекөл тұқымын өсірумен айналысамыз. Он сегіз айға толған бұ­қа­­­ларды маңайымыздағы шаруа­шылықтар сатып алады. Оның сыртында жыл сайын 150 жылқы, сиырды етке тапсырамыз. Жалпы, Торғай өңірі мал өсі­руге аса қо­лайлы. Алдағы уа­қыт­та мал басын көбейтіп, шаруа­шы­­лықты кеңейте түсуді жос­парлап отырмын», дейді шаруа қожалығының басшысы.

Салтанатты жиынның со­ңын­­да еңбеккер қауым өңір өнер­паз­да­рының мерекелік кон­цертін тамашалады.

 

Қостанай облысы