Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2023

Трансшекаралық хабтарды дамыту

161 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметте вице-премьер Серік Жұман­ға­рин­нің төрағалығымен өткен трансше­кара­лық хабтарды дамыту мәселелері жөнін­дегі жедел жұмыс тобының IX оты­ры­сында «Солтүстік – Оңтүстік» халық­ара­лық көлік дәлізінің өткізу қабіле­тін кеңейту және басқа да жобаларды іске асыру барысы егжей-тегжей қаралды.

Трансшекаралық хабтарды дамыту

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарушы директоры Бауыржан Орын­басаров хабарлағандай, «РТЖ» ААҚ-мен бірге мемлекетаралық өткізу пункттері жұмысының тиімділігіне талдау жүргізіліп, оларды жақсарту бойынша іс-шаралар әзірленді. «Солтүстік – Оңтүстік» дәліздің өткізу қабі­летін кеңейту үшін 2023 жылдан 2025 жылға дейін Илецк-1 стан­сасындағы жолдарды ұзар­ту бойын­ша жұмыстар ке­зең-кезеңімен жүргізіледі және ұзын­дығы 213 км Орск – Қандыағаш учаскесінде автобұғаттауды енгізе отырып, екінші жолдар салынатын болады. Бұл жұмыстар РФ тарапынан пойыздарды қабылдауды тәулігіне 7-ден 15 жұпқа дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Екінші кезеңде Мақат – Шұбарқұдық учаскесінде 4 және Маңғышлақ – Өзен учаске­сінде 3 разъезд салу, сондай-ақ автобұ­ғат­тауды енгізу жоспарлануда. Перспективада Илецк-1 – Ақтөбе (195 км), Қандыағаш – Қиғаш (808 км), Шалқар – Бейнеу (496 км), Бейнеу – Маңғыстау – Ақтау порты, Құрық – Порт (490 км), Өзен – Болашақ учаскелерінде екінші жолдар салу жоспарланған (147 км). Бұл жұмыстардың барлығы «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүк тасымалдау көлемін жылына 6 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Каспий торабында контей­нер­лік хаб құрылысының жобасын іске асыру бойынша жұмыс­тар басталды. Оны «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында құру жос­парланып отыр. Хаб нысан­дарын орналастыру үшін арнайы экономикалық аймақ аумағында ауданы 19 га жер учаскесі резервтелген, қажетті инфрақұрылымды жүргізу, тарату желілері бар қосымша электр стансасын салу үшін ЖСҚ әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Серік Жұманғарин жыл соңына дейін баламалы сауда бағыттарын дамытудың маңызды буыны болып табылатын Каспий торабын дамыту тұжырымдамасының толық жобасын ұсынуды тапсырды.

Қазақстанның трансше­кара­лық хабтары желісіндегі негізгі жоба Жетісу облысындағы «Қорғас торабы» болып табылады. Бұл Қазақстан – Қытай шека­ра­с­ында орналасқан инфра­құрылымдық объектілер кешені («Қорғас» ХШЫО, АЭА «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Нұр-Жолы» бақылау-өткізу пункті, «Алтынкөл» теміржол стансасы және «Құрғақ порт» теміржол терминалы). Қорғас торабын iс жүзiнде iске асыру экспорт, транзит көлемiн ұлғайту және өндiрiстiк кооперацияны дамыту үшiн барлық инфрақұрылым­дық объектiнi түйiндестiру мен ықпалдастырудан тұрады.

Жетісу әкімдігінің мәліме­тін­ше, қазіргі уақытта АЭА аума­ғында 48 қатысушы тіркелген, жалпы сомасы 48,7 млрд теңгеге 15 кәсіпорын жұмыс істейді, 1600 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 1,7 млрд теңгеге тағы 6 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. «Қорғас» ХШЫО кірісінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды, туристер саны 423 мың адамнан асты. Сәуірден қарашаға дейін «Қорғас» халықаралық орталығы арқылы 8 мың тонна көлемінде жүк тасымалданды. Бүгінде са­лын­ған инвестицияның жалпы сомасы 141 млрд теңгеге жетті.

Сондай-ақ отырыста жергі­лікті атқару­шы органдардың өкіл­дері «Еуразия» трансшек­а­ра­лық сауда орталығын, «Ала­тау» индустриялық сауда-логис­тикалық кешенін, «Орталық Азия» халықаралық шекара маңы сауда орталығын құру жөніндегі жұмыстардың барысы туралы хабарлады.

Отырыс қорытындысы бо­йынша вице-премьер Серік Жұманғарин Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстары­ның әкімдіктеріне «Еуразия» ТСО» индус­триялық аймағына ин­ф­ра­құрылымды аяқтау және ИСЛК құру жөніндегі жұ­мыс­тарды жеделдетуді, сон­дай-ақ конкурстық негізде «Алатау» индустрия­лық айма­ғы­­ның басқарушы компания­сын айқындауды тапсырды. Түркістан облысының әкімдігіне өңірлік индустриялық аймақ тұжырымдамасын «Орталық Азия-ХӨКО» атауымен бекіту тапсырылды.