Қаралы хабарды Ғ.Мүсірепов атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Ғабиден Жәкей Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Суыт хабар.... Боксшы Есболат Нұрманов мәңгілік мекеніне аттаныпты. Егемен елдің тұңғыш кәсіпқой боксшысы, 17 жасында бокстан СССР құрама командасының мүшесі болған, халықаралық дәрежедегі спорт шебері еді. Ол Арал өңірінің тумасы. Екеуміз сонау 1987 жылы Ленин атындағы ҚазПТИ-ның гидрогеология, барлау техникасы факультетінде бір топта оқыдық. 1990 жылдардың ортасынан Кеден қызметінде жұмыс істеді. Иманың саламат болсын», - делінген автордың жазбасында.
Есболат Нұрманов - тоқсаныншы жылдардың басында отандық былғары қолғап шеберлері арасында кәсіпқой боксқа алғаш болып қадам басқан спортшы.
Ол (29.02.1970 ж. - 4.12.2023 ж) кәсіпқой бокста 7 рет шаршы алаңға шыққан. 1993 жылдың 27 наурызында Украинаның Мариуполь қаласында израильдік боксшыға қарсы алғашқы кездесуін өткізген. 1995 жылдың 9 желтоқсанында болған соңғы жекпе-жегінде литвалық боксшымен жұдырықтасқан.