Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған еді. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Осылайша, «Amanat» партиясының әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, адамдарды кітап оқуға ынталандыру, отандық кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған «Кітап-Amanat» жобасы Қаскелеңде кезекті кітап орталығының ашылуына ұйытқы болды.
Партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев орталықтың бүгінде 2 мыңға тарта кітап қоры барын атап айтты. «Бұған дейін 80 мыңнан аса тұрғыны бар Қаскелең қаласында бірде-бір кітап дүкені болмаған. Ал бүгін 2 мыңға жуық кітап қоры бар айрықша үлгідегі орталық ашылды. Кітаптар барынша арзан бағада сатылады. Қазақша кітаптың түр-түрін кездестіруге болады. Бұл жоба еліміздегі қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуге бағытталған», дейі филиал төрағасы.
Ал Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-публицист Жұмабай Шаштайұлының айтуынша, қоғамда кітап оқитын оқырман бар, тек насихат жеткіліксіз. «Үлкен қалаларда сатылымда бар кітаптар шалғай аймақтағы елді мекендердің дүкен сөрелеріне жетпей жатады. Көп жағдайда қандай кітаптардың жарыққа шығып жатқаны туралы оқырман білмей де қалады. Ал «Кітап-Amanat» жобасы – отандық әдебиетті қолдау бағытындағы маңызды қадам. Оқырмандар үшін көркем шығармалар, балалар әдебиеті, оқулықтар мен әдістемеліктер, ғылым мен бизнес, проза мен поэзия, психология туралы туындылар көпшілік назарына ұсынылған. Сондықтан мұндай форматтағы орталық көпшіліктің кітапқа деген қызығушылығын арттырады», дейді жазушы.
Кітап орталығына алғашқылардың бірі болып бас сұққан Мәди Сайділдин есімді оқырман мұндағы қонақжай пейілдің өзіне қатты ұнағанын айта келіп, «креативке толы құтхана» деген пікірін білдірді. Ол өзінің жеке кітапханасын Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» туындысымен толықтырды.
Орталықта ауқымды іс-шаралар, келелі кездесулер өткізуге болады. Сондықтан «Amanat» партиясы Алматы облыстық партия филиалы алдағы уақытта елге танымал қаламгерлердің кітап көрмелері мен тұсаукесерлерін осында ұйымдастыруға мүдделі.
Еске сала кетейік, бұған дейін мұндай орталықтар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл, Қарағанды, Ақтөбе, Ақмола, Павлодар, Жетісу облыстарында ашылып, кітап дүкендері қазіргі таңда тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп отыр.
Алматы облысы