Ақмола облысында ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіптік және индустриялық сектор белсенді дамып келеді. Он айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 1,4 трлн теңге, өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артқан. Өсудің жоғары қарқыны өңдеу саласындағы өндіріс көлемін 11,3%-ға және тау-кен өндіру көлемін 21%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген. Тау-кен саласында құрамында алтыны бар кен өндірудің арқасында, өңдеу саласында металлургия, машина жасау және тамақ өнеркәсібінде айтарлықтай өсім байқалған.
«Ақмола өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған стратегиялық міндеттер мен бағыттарды іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыс – еліміздің негізгі аграрлық-индустриалдық аймақтарының бірі. Жалпы, 10 айдың қорытындысы бойынша аймақта негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығы өндірісі – аймақ дамуының басым бағыты. Жыл сайын еліміздің жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіретін жетекші ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі екеніміз мәлім. Өкініштісі, қолайсыз ауа райы егін науқанына кері әсерін тигізді. Соған қарамастан 3 млн тоннадан аса астық жиналды. Бұл ішкі қажеттілігімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», деді өңір басшысы.
Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаудың көмегімен зардап шеккен фермерлерге жан-жақты көмек көрсетілген.
«Субсидиялаудың барлық бағыттары бойынша берешекті жабу (Үкіметтің резервінен қосымша 16,1 млрд теңге бөлінді, оның жалпы сомасы 62,6 млрд теңгеге жеткізілді); кредиттік міндеттеме мерзімін ұзарту (3% көлемінде банкілік ынталандыруды өтеу арқылы 1 жылға); ауыл шаруашылығы өнімдеріне қолайлы сатып алу бағаларын белгілеу сияқты шаралар қолданылды (3-сыныпты бидай үшін 120 мың теңге және 4-сыныпты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде). Аталған шаралар келесі жылдың көктемгі егісіне сапалы дайындалуға мүмкіндік береді. Ал мал шаруашылығында ет өндіру 168 мың тоннаға дейін артты, 350 мың тонна сүт, 608 млн данадан аса тауық жұмыртқасы өндірілді», деді М.Ахметжанов.
Өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету үшін бірқатар жұмыс атқарылған. Мал басын арттыру арқылы 46 ет және 5 тауарлы сүт фермасы құрылыпты.
«Осы жылы инвестициялық жобаларды жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы басталды. 15 млрд қолжетімді несиеге жеті арнайы тауарлы-сүт фермасын ашу жоспарда бар. 7 мың сауын сиыры болатын бұл шаруашылықтар Ақкөл, Астрахан, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Зеренді және Целиноград аудандарында ашылады. Біздің аймақ республика бойынша құс етін өндіруде көшбасшылардың бірі екенін де айтқым келеді.
Есте болса, Президент өз Жолдауында 3 жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешенінде өңдеу өнімінің үлесін 70%-ға дейін арттыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш, өкінішке қарай, 28%-ға ғана жетті. Қойылған міндетті орындау үшін барлық шараларды қолданып жатырмыз. Облыста 73 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, 8 пайыз өсіммен 184 млрд теңгеге тамақ өнімдері өндірілді», деді облыс әкімі.
Өңірде 2026 жылға дейін 290 млрд теңгеге 71 инвестициялық жобаны іске асыру қолға алынған. Бұл жобаларды іске қосу шикі сүт өндіруді жылына – 45 мың, еттің барлық түрін өндіруді – 62,1 мың, өсімдік майын өндіруді 54 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу әлеуеті жеткілікті.
«Осылайша, өзіміздің және Астананың да қажеттілігін жабамыз. 130 кәсіпорнымыз елорданың 44 ірі сауда орталықтарына таза және экологиялық өнімдерін жеткізеді. Бұл – шамамен 38 мың тонна сүт, 25 мың тонна ет, 210 млн дана жұмыртқа. Біз бұл жұмысты одан әрі де жалғастырамыз. Ауыл тұрғындарына бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Өз ісін дамытуға қолжетімді және пайдалы несие алу жақсы мүмкіндік беретін бағдарлама. Оған 1,2 млрд теңге бөлінді. Бұл – 215 жаңа жұмыс орны және 198 бизнес-жобасы. Келесі жылдың 210-230 бизнес жобасына 2 млрд теңге қаражат жоспарланып отыр. Игі істер жалғасын табады», деді өңір басшысы.
Биыл аймаққа 530 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды. Жеке инвестициялық жобаны іске асыру көрсеткіштердің өсуіне жол ашады. Нәтижесінде 185 млрд теңгеге 154 жоба іске асты. «1,5 мың ақмолалық жаңа жұмыс орындарына ие болды. Салынған инвестицияның жартысынан көбі жаңартылатын энергия көздері саласына тартылды. Олар – Аршалы ауданында орналасқан қуаты 150 МВт облыстың ең ірі жел электр стансасының «Борей Энерго» бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Зеренді және Ерейментау аудандарында жалпы қуаты 30 МВт-тан асатын 3 жел электр стансасы іске қосылды. Ал Қосшы қаласында 7,5 млрд теңгеге мектеп- гимназия салынды.
Ірі жобалардың ішінен желтоқсан айында Қосшыда «IL Tov» ЖШС құс етін өңдеу зауытын іске қосты. Ақкөл ауданында «Sirius Plus» емдеу-сауықтыру қонақүй кешенін тұрғызып, жұмысын бастады. Жалпы, 2023 жылы инвестиция көлемі 240 млрд теңгеден асатын 223 жоба халық игілігіне қызмет етуге кірісті.
Ақмола облысы ерекше инвестициялық тартымы бар аймақ екенін атап өткім келеді. Негізгі фактор ретінде, аймақтың географиялық орналасуы және Астанаға жақындығы. Көкшетау мен Астана арасындағы заманға сай автобан, теміржолдың болуы инвесторларды тартуға мүмкіндік береді. Әрине, адами ресурс та оған оң әсерін тигізеді. Себебі бүгінгі таңда облыста ресми халық санының 7,5%-ға өсуі байқалады. Біз, халықтың игілігі үшін, жаңа инвесторлармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», деді М.Ахметжанов.
Кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық жобасы аясында соңғы екі жылда 66 млрд теңгеден аса қаржыға 1 900 жоба келісілді. Нәтижесінде, бюджетке салық төлемдері 39 пайызға артығымен түскен. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.
«Өңірдің басым бағыттың бірі туризм саласын дамыту болып табылады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағына әлемнің әр түкпірінен жылына бір миллионға жуық турист келеді. Облыста туризмді дамытуға бағытталған 23 млрд теңгеге 65 инвестициялық жоба табысты іске асырылуда.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын салынып жатқан үйлердің саны артып келеді. Биыл 52 көппәтерлі тұрғын үй құрылысы қарастырылған. Оның ішінде 13 жалға берілетін, 37 кредиттік және Атбасар қаласының су тасқыны қауіпті аймақтарынан тұрғындарын көшіру үшін ТЖ желісі бойынша салынған 2 тұрғын үй бар.
Ал жол желісін жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жылы жергілікті маңызы бар 1 000 км-ге жуық жолды жөндеу жоспарланған. Кейінгі екі жылда 2 мың км-ден аса жергілікті жол салынды және жөнделді, оның 900 км-ы ауылдық жерлерде.
Сондай-ақ 2025 жылға қарай халықты сапалы ауыз сумен жабдықтауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 65 ауылда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету нысанын салу, оның ішінде 38 ауыл үшін ЖСҚ әзірленді, 27 ауыл – игеру сатысында, 105 ауылда суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату немесе сүзгілерді орната отырып ұңғымаларды бұрғылау шаралары қаралған.
Мемлекет басшысы әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөледі. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 38 ауылдық елді мекенде амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу көзделген. Сонымен қатар Степногор және Атбасар көпсалалы қалалық ауруханаларын жаңғырту жоспарланып жатыр», деді өңір басшысы.
Облыста білім беру саласындағы объектілерді пайдалануға беруге байланысты облыста үш ауысымда оқыту мәселесі толық шешімін тауыпты. Осы жылы 5 мектеп және Ақкөл қаласының №4 орта мектебіне жапсаржай салынып, пайдалануға берілген. 2,5 мың оқушыға арналған 6 мектептің құрылысы жалғасып жатыр. Олардың қатарында жыл соңына дейін 3 мектеп және Көкшетау қаласының №4 арнайы мектеп-интернатына жапсаржай салынады. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 22,6 мың оқушы орнына 18 мектеп салу жоспарда бар.