Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2023

Аудан жол азабынан құтылды

218 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орал қаласын Жәнібек ауданының орталығымен жалғайтын республикалық маңызы бар 138 шақырымдық «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» автожолының бірінші қабаты іске қосылды. Күні кеше 72-шақырымдағы көпір құрылысы пайдалануға берілді.

Аудан жол азабынан құтылды

Бұл 15 мыңдай тұрғыны бар Жәнібек ауданы үшін ақ түйе­­нің қарны жарылғандай ақ­жолтай хабар! Өйткені облыс орталығынан 500 км шалғай жат­қан аудан өмір бойы жол аза­бын тартып келе жатқан еді. Әсіресе көктем мен күзгі лай­саңда жолаушылар батпаққа батып, ара қонып жететін. «Жол азабы – көр азабы» деген мақал да дәл осы Бөкей ордасы мен Жәнібек ауданы халқы үшін айтылғандай.

Жаңа жолдың тарихы 2018 жылдан басталады. Сол кез­дегі мемлекет басшысының өңірге са­пары кезінде Жәнібек пен Бөкей ордасына баратын автомобиль жолын күрделі жөн­деу­ді тапсырған. Бұл 245 шақы­рымдық жол еді. Соның 99 ша­қырымы Жәнібек ауданы аума­ғымен өтетін. Жобалау-есептеу құжаттары дайын болған соң жол құрылысы 2019 жылы бас­талып та кетті. Әуеліде «2022 жылы бітіреміз» деген жол құ­ры­лысы түрлі кедергіге тап болды. Қазақстанның қиыр шетінде құрылыс материалдары тапшы болды. Оны жеткізу де оңай болмады. Араға пандемия килікті. Кейбір мердігер өз ісіне жауапсыз қарап, сотқа тар­тылды. Осылайша, ауыл хал­қы алаңдай бастап еді. Алаң­да­ма­ғанда қайтсін, 2019-2022 жылдары – 4 жыл ішінде небәрі 124,6 шақырым жолға асфальтбетон төселді.

Көпшілік көптен күткен жол­ға жан біткені биыл ғана. Өт­кен жылдың соңында облыс басшылығына Нариман Төре­­ғалиев келгенде, оңтүстік аудан­­дарға апаратын осы жолды ерек­ше бақылауға алатынын айт­­қан еді. Сол күннен бері осы құ­ры­­лысты көзімен көріп, жеке бақылау үшін 8 мәрте келіп кетіпті.

«Мен осы жерге соңғы келге­німде көпір құрылысы баяу еді. Сондықтан мердігер компания басшысымен сөйлесіп, жұмысты барынша жеделдетуді тапсырдым. Өйткені негізгі жолдың қатқыл табаны салынғанымен, көпір дайын болмаса, халық айналып жүрем деп қиындық көрер еді. «Uniserv» компаниясына рахмет, көпір құрылысын аяқтады. Енді Жәнібек ауданы жолаушылары жол бейнетін көрмейді, айналма жолға түспейді» дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Иә, расында да биыл бір жыл­да алдыңғы үш жылдың көлеміндей іс атқарылғаны рас. 1 желтоқсан күні Жәнібек ауданы аумағындағы жолдың төменгі қабаты толықтай асфальт­талып бітті. Қалып тұрғаны соңғы нысан, 72-шақырымдағы көпір­дің құрылысы еді. Міне, Жәні­бек ауданы тұрғындары үшін, облыс үшін үлкен тарихи сәт, айтулы күн жетті. Жаңа кө­пір­дің құрылысы аяқталып, Жә­нібек-Орал бағытындағы жол пай­далануға беріліп жатыр.

«Бұл – біздің аудан тұрғын­дары үшін үлкен қуаныш. Барша жәнібектіктер атынан Нариман Төреғалиұлына алғысымызды жеткіземіз», дейді аудан басшысы Тимур Шыниязов.

Тимур Серікұлының айтуынша, Жәнібек ауданында аудан­дық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 260 шақырымды құрайды. Со­ның 30 шақырымы 2022 жылы жөн­делген. Ал биыл аудандық маңызы бар жолдарға 40,5 шақырым асфальт төселінген. Осылайша, жалпы жөнделген жолдың ұзындығы 70,5 шақырым болған.

Атап айтсақ, «Жәнібек – Талов – Кіші Өзен» автомобиль жолының 27-33 және 33-48 шақырым аралығы орташа жөн­делген. Қамысты ауылына кі­реберіс 14,8 шақырым жол күр­делі жөндеуден өтті. Ақоба ауы­лына кіреберіс жолдың 5,6 шақы­рымына асфальт төселді.

Аудан басшысының айтуынша, келер жылы «Жәнібек – Талов – Кіші Өзен» автомобиль жолының 92-128 шақырымы, Борсы ауылы жолының 1 шақы­рымы, Тау ауылына кіреберіс 5,7 шақырым жолдар салына бастайды.

Аудан орталығындағы ауыл­ішілік жолдарда да қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл екі көшеге жалпы ұзындығы 4 шақырым жол төселген. Ке­лер жылы 4 көшеде жалпы ұзын­дығы 5,6 шақырым ауыл­іші­лік жол салынбақ. Осы жұ­мыс­­тардың нәтижесінде аудан орта­лығындағы көшелердің 63%-ы асфальтталатын болады.

«Жол қатынасының жақсаруы жолаушылар тасымалының да­­муына жағдай жасауда. Әлеу­меттік маңызы бар №136 «Орал – Жә­нібек», «Жәнібек – Орал» мар­шруты күн сайын тұ­рақ­ты жүріп тұр. Қазіргі кезде «Қамыс­ты – Тау – Орал» мар­шру­тын іске қосу жұмыс­тарын жүр­гізуде­міз», дейді аудан әкімі Тимур Шыниязов.

 

Батыс Қазақстан облысы