Марқұмның жақын туысы, Павлодар қаласының бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, Қуандық Бишімбаев үйленер алдында Салтанат Нүкеноваға «тек мешітке барып неке қидырамыз» деп шарт қойған.
«Көреміз» бағдарламасына қонақ болған бұрынғы шенеунік қарындасына қатысты сол кездегі ахуалды баяндап берді. Салтанат бір күні Павлодардағы шаңырағына ерекше толқыныспен барған.
"Өмірлік махаббатын тапқанын айтты. Жастар бір-бірін кездестірген соң, екі жарты - бір бүтін болуды қалағаннан кейін ата-анасы қарсылық танытпады. Бірақ Бишімбаевтың «заңды некеге тұрмаймыз, тек мешітке барып неке қидырамыз» деген бір шарты болды. Қазіргі заман сондай, еш қарсы болмадық, екеуі солай келіскен екен. Сондықтан ата-анасы мен біздің тараптан ешқандай сұрақ туындамады", - дейді ол.
Алайда, марқұмның үй іші ол кезде Қуандық Бишімбаевтың екі рет отбасын құрғанын білмеген. Олар бұл Бишімбаевтың екінші некесі деп түсінген.
"Бірақ бұрын екі некеде болғанын, үшінші рет үйленейін деп жатқанын білмедік. Екінші жары Назымды тек БАҚ беттерінен танитынбыз. Бишімбаев Назыммен заңды түрде ажырасқандықтан, қарындасымыздың болашақ жарымен бас қосып, бірге тұруына ата-анасы еш алаңдамай, өз баталарын берді. Бірінші рет көргенде сырт көзге бақытты жұп секілді көрінді. Иә, Бишімбаевтың бұған дейін сотталғанын, түрмеде отырып шыққанын білдік. Бірақ ол бізге шыққан соң мейірімді, ақжарқын болып көрінді", - деді ол.