Қоғам • 07 Желтоқсан, 2023

Халықаралық архивистер форумы өтті

89 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, Астана қаласының әкімдігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының қабылдануы мен Астана қаласының 25 жылдығына арналған «ASTANA ARCHIVE FEST» халықаралық архивистер форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық архивистер форумы өтті

Фото: aqparatqogam

Форумға  Президент Әкімшілігі,  Президент архиві, Премьер-министрдің Кеңсесі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Астана қаласы әкімінің аппараты басшылары, қоғам қайраткерлері, архив саласының шетелдік және отандық мамандары мен ардагерлері қатысты.

«Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында архивтердің ақпараттық әлеуетін пайдаланбау мүмкін емес. Өйткені, архив ісін ұйымдастырудың жай-күйі мемлекеттің даму көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Соңғы жылдары архив қорларының деректі көздеріне қол жеткізуді ұйымдастыру, оларды цифрлық форматқа көшіру және құжаттарды ғылыми, саяси мақсаттарда пайдалануға қашықтан қол жеткізуді ұсыну, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша шаралар кешені жүргізілді. Осы заңның аясында қабылданған «Мәдени мұра», «Халық тарих толқынында» мемлекеттік бағдарламалары мен «Архив-2025» кешенді жоспарлары шеңберінде шетелдік архивтер мен музейлерден, ғылыми орталықтардан және кітапханалардан Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттар әкелінді», деді  Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев.

архив

Форум аясында еліміздегі архивтердің даму және қалыптасу тарихы туралы «Архив – ұлттың тарихи жады» көрмесі, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінің қазақ халқының әлеуметтік-саяси тарихы мен мәдениетіне арналған «Архив қазынасы – ғасырлар куәсі» көрмесі және Астананың тарихынан сыр шертетін «Шаһар шежіресі» көрмесі мен фотоальбомның тұсаукесері өтті.

Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы ғалымдар архив мамандарымен архив саласын дамыту және жаңғырту мәселесін талқылады.  Архив саласының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, «Архив және болашақ ұрпақ» атты республикалық жоба аясында Астана қаласының мемлекеттік архиві өткізген «Жас архивист» конкурсының қатысушылары марапатталды.

Форумда еліміздің алыс-жақын шет мемлекеттермен архив саласындағы ынтымақтастықты, байланыстарды кеңейту, біріккен ғылыми зерттеулер жүргізу мәселелерімен айналысатын отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық және практикалық тәжірибесін жалпылау мен жүйелеу бойынша отырыстар ұйымдастырылды.