Өнер иесі әңгімесінің барысында марқұм анасын да еске алды.
«Ана дегенде кім болса да қатты толқиды. Анам екеуіміздің қарым-қатынасымыз ерекше болды. Жалғыз ұл болған соң ба өзгеше еркелетіп өсірді. Тіпті үйдің шаруасын араластырмайтын. Ауылда тойларда өнер көрсетіп жүргенде, таңға жуық келетінбіз үйге. Сол кезде анам таңертең сабаққа бармай-ақ қойсын деп айтатын. Осылайша ата-анамыз еркелетті, одан кейін халық еркелетті», деді Еркін Нұржанов.
Ол әкесі туралы да әңгімелеп, «Ел алдында жүріп, халықтың адамы болған соң, өзіңді салмақты ұста» деп жиі айтатынын жеткізді.
«Содан кейін өзімді үлкен жігіт сезіне бастадым. Анам еркелеткенде «Еркелетпеңіз, мен үлкен жігітпін» деп намыстанатын едім. Бірде ұйықтап жатсам, анам аяғымды, қолымды сүйіп жатыр екен. «Не істеп жатырсыз?» дегенімде «Сен ояу кезде еркелеттірмейсің» дейтін. Анама айтылмаған көп нәрсе бар. Құшақтап, сағынышымды басқым келеді. Жылы сөздерді айта алмай қалдым», деді әнші.