Ол өртеніп жатқан көліктен адамды құтқарып қалған. 68665 әскери бөлімінде взвод сержанты – жауынгерлік және денешынықтыру дайындығының нұсқаушысы Мейрамбек Ысқақовты марапаттау іс-шарасына бөлім басшылығы мен жеке құрамы қатысты. Қорғаныс министрінің атынан әскери қызметшіге ведомстволық награданы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіпов табыс етті.
«Әріптесіміздің іс-әрекеті погон таққан адамдардың борышты асқан абыроймен орындауымен ерекшеленетінін және адамдарды құтқару кезінде өзін құрбан етуге дайын екенін көрсетті. Біз бүгін қиын сәтте батылдық танытқан батырымызға құрмет көрсетудеміз. Отанына лайықты, батыл ұл тәрбиелеген ата-анасына мың алғыс айтамыз», деді ол.
Айта кетсек, 3 желтоқсан күні кешке аға сержант Мейрамбек Ысқақов үйдің жанындағы тұрақта жанып жатқан көлікті көреді. Әскери қызметші оқиға туралы Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 101 орталығына тез арада хабарлаған. Көлікке жүгіре жеткен ол салонда қою түтінге тұншығып, есінен танып қалған жүргізуші бар екенін байқаған. Есікті ашқан Мейрамбек зардап шеккен адамды жанып жатқан көліктен шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырып, зардап шеккен адам №1 қалалық ауруханаға жатқызылды. Әскери қызметкердің шұғыл әрекеті қайғылы оқиғаның алдын алуға ықпал етті.