Экономика • 08 Желтоқсан, 2023

Мақсатымыз – қолайлы орта қалыптастыру

147 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баспасөз конференциясын өткізді. Ол шаһарды дамытудағы негізгі жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндап, журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.

Мақсатымыз – қолайлы орта қалыптастыру

Шымкентте биылғы 10 айда тартылған инвестиция – 22, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы – 15, бөлшек сауда көлемі – 19, көлік қызметі – 21, өнеркәсіп өндірісінің көле­мі 1,7 пайызға артқан. Жыл қорытындысы бойынша эко­но­миканың өсу қарқынын 4,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. «Шымкенттің ең бас­ты байлығы – халқы, оның қо­нақ­жай кең пейілі мен еңбек­қор­лығы. Соның арқасында қала­мыз өркендеп, дамып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірдің әлеу­мет­тік-экономикалық жағдайын жақсартып, қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруды тапсырды. Енді тапсырманың орындалу барысы туралы баяндайын. Қалаға инвестиция тартып, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамту – негізгі міндеттердің бірі. Қазіргі таңда шаһарда 5 өндірістік аймақ бар. Онда жалпы сомасы 216 млрд теңгені құрайтын 273 ин­вес­тициялық жоба іске асырылып, 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылған. Ин­дус­трия­лық аймақтар өзінің эко­­но­микалық тиімділігін көр­се­тіп отыр. Қазынаға түскен са­лық­тық түсімдер 59 млрд теңгені құрады. Өңірге тартылған инвестиция бар­лық салаларға оң әсерін тигізуде. Қазір индустриялық аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында ревизия жүргізіп жатырмыз», деді қала әкімі.

Оның айтуына қарағанда, басты мақсат индустриялық ай­мақ­тарды жандандырып, өнім көлемін арттыру. Қазірдің өзінде игерілмей жатқан 52 гектарды құрайтын жер телімі анық­та­лыпты. Бұл жерлерге жаңа инвесторлар тартылатын болады. Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынады екен. «Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. «Жұлдыз», «Бозарық» индустриялық аймақтарына ин­женерлік жүйелер тартылып, келер жылы қолданысқа берілетін болады. Одан бөлек, сауда-логистикалық орталықты ке­ңейту арқылы «Өңірлік хаб» құру жұмыстары басталды. Қазір жобалау-сметалық құжат­та­ма­сы әзірленіп жатыр. Аталған индустриялық аймақтарды іске қосу арқылы, салықтық түсім­дер­ді арттыру көзделген. Өңдеу өнеркәсібінде де оң динамика бар. Биыл 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Есепті кезеңде жалпы сомасы 11 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 373 жұмыс орны ашылды. Шым­қала экономикасының өсу драйвері инвестициялық тар­тым­дылығы екені сөзсіз. Соңғы 4 жылда 1,5 трлн теңге қара­жат тартылып, көлемі 3 есеге артты. Алдағы 5 жылда 6 трлн теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Бұл бағытта нақты жоспарымыз бар», деді Ғ.Сыздықбеков.

Қазірдің өзінде жалпы сомасы 1,7 трлн теңгені құрайтын 229 инвестициялық жобаның пу­лы жасақталған. Басым ба­ғыт­тары өңдеу өнеркәсібі сала­сында – 405,8 млрд теңге, тұрғын үйге – 594,4 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 128 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 363,9 млрд теңге жоспарланыпты. «Нәтижесінде, 34 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Басты мақсат – ин­весторларға қолайлы жағ­дай жасап, экономиканы әртарап­тан­дыру. Бұл бағытта импорт алмастырушы және экспортқа бағытталған жобаларды жүзеге асыратын инвесторлармен ты­ғыз жұмыс жүріп жатыр. Бұлар­мен бірге шағын және орта биз­нестің өркендеуіне ерекше ден қойып келеміз. Қазір Шым­кент­те бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайызға жетті. Кәсіпкерлікті қолдау шараларына сұраныс өте жоғары. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есепті кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қол­дау көрсетілді. Соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіп­кер­лер 2 есеге өсіп, саны 131 мыңнан асты. Бұл азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30 пайыздан астамын жұмыспен қамтып отыр», деді ол.

Жергілікті деңгейде биылғы жылы еңбекақысы төмен 16 мың­нан астам бюджеттік қыз­мет­шілерге үстемақы қара­лып, жалақысы 100 мың теңгеден асыпты. «Өңірдегі орташа жала­қы көлемі 17 пайызға өсіп, 270 355 теңгені құрады. Биыл ха­лықты жұмыспен қамту шараларымен 61 мыңнан астам адам қамтылды. 36 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Халық табысының артуы­на байланысты, өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылар саны 22,4 пайызға азайды. Ал білім беру саласы – басым бағыттарымыздың бірі. Соңғы 4 жылда 66 мың орындық 101 мектеп пайдалануға берілді. Оның 80 пайызы жеке инвесторлар есебінен салынған. Нәти­же­сін­де 3 ауысымды мектеп­тер мә­селесі толығымен ше­шілді.

Қаладағы 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», деді шаһар басшысы.

Еңбек нарығына талдау жүргізіліп, қажетті маман да­йындау үшін колледждерге жаңа 11 250 грант бөлініпті. Биыл 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілген. «Жайлы мектеп» аясында 28 мың оқушы­ға арналған 18 мектеп салу жос­пар­ланған. Бүгінгі таңда 12 мек­тептің құрылысы басталды. Қазір «Тұран» шағын ауданында да 500 орындық Оқушылар сарайы салынып жатыр. «Мәдениет саласында халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізетін заманауи Конгресс холлдың құрылысы аяқ­талуға таяу. Келер жылы қаладан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үй­лерін салатын боламыз. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен «Опера және балет» театрының жаңа ғимаратын салу қарастырылуда. Аталған ұйымға аты әлемге әйгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы басшылық жасап отыр. Бұл саланың дамуына тың серпін береді деген ойдамыз. Қазір қаладағы бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 42 пайызға жетті. Спорт инфра­құрылымын дамыту мақ­сатында «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром» пайдалануға берілді. «Ме­таллург» стадионы қайта құ­­рылып, 1 спорт мектебі іске қо­сыл­ды. Биыл қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 728 алтын, 593 күміс, 654 қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ «Ордабасы» футбол клубы өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионы атанды. Ендігі кезекте Еуропаның чемпиондар лигасында ойын көрсететін болады», деді Ғ.Сыздықбеков.

Әкімнің айтуынша, денсау­лық сақтау саласындағы басты мақсат – тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мен қолже­тім­ді­лікті арттыру. Саладағы жан басына қаржыландыру жүйесі оң нәтиже беріпті. Соңғы жылдары жекеменшік емханалар ашылып, мемлекеттік ұйымдардың жүктемесі төмендеген. «Жеке инвестор есебінен қатерлі ісік ауруының бастапқы сатысын анық­тайтын, сәулелі терапия орталығы ашылды. Биыл орта­лықта 553 адамға қызмет көр­се­тілді. Нәтижесінде өлім-жітім азайды. Жыл соңына дейін алғаш рет балалар кардиохирургия бөлімшесін ашуды көздеп отырмыз. Тағы 6 жеке медицина орталығын, 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, 800 орындық университеттік клиника салу жоспарымызда бар.

Халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік артуда. Қалада 51 мыңнан астам халық әлеуметтік, 175 мыңға жуық азамат кредиттік тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мәселені шешу үшін 4 мың пә­тер­лі 100 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жа­тыр. Жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 мыңнан астам пәтер береміз. 201 азаматқа қайта­рым­сыз негізде тұрғын үй сер­ти­фикаттары табысталды. Әлеуметтік тұрғын үй алушылар санатына енбейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағ­дарламасы аясында 150 отба­сыға жеңілдетілген несиелер берілді. Бұл бағдарлама өз жалғасын табатын болады. Жыл соңына дейін 1 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», деді қала әкімі.

Биыл қалада бірталай елді мекендерде ауыз су, электр жүйесі, табиғи газ бен кәріз жүйелерінің құ­рылысы аяқталыпты. Нәтиже­сін­де, тұрғындары 65% кәріз жүйесімен, 96% табиғи газбен, 99% ауыз сумен, сондай-ақ 100% электр жүйесімен қамтылатын болады. «Биыл 210 шақырым жол пайдалануға берілді. Қазір Ташкент-Алматы-Түркістан ба­­ғыт­тарын қала орталығымен бай­ланыстыратын Қонаев даң­ғы­лының жалғасы, А-2 авто­мо­биль жолын қайта құру, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдарының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету мақ­­сатында келесі жылы қо­сым­ша 3 000 бейнебақылау камерасы орнатылады. «Халық қа­тысатын бюджет» жобасы аясында биыл 5,8 млрд теңгеге 194 жоба жүзеге асырылса, келер жылы қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеге жеткізілетін болады», деді Ғ.Сыздықбеков.