Пікір • 07 Желтоқсан, 2023

Жаһанды алаңдатқан мәселе

189 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда шартарапты жаһандық жылыну мәселесі алаңдатып отырғаны белгілі. Өткен аптада Қатарда БҰҰ-ның кли­маттың өзгеруіне қатысты кезекті сам­­миті басталды. Қоршаған ортаны қор­­ғаушылар қанша жерден дабыл қақ­қа­нымен, билік тізгінін ұстағандар ахуалды жақ­сартуға асығар емес.

Жаһанды алаңдатқан мәселе

Кейінгі деректер жер-жаһанның жылуы күрт артқанын көрсетеді. БҰҰ таратқан ақ­па­ратқа сәйкес биыл адамзат тарихындағы ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Келешекте орташа температура көтерілмесе, азаймайтыны – басы ашық мәселе. Демек шартарап халқының ортақ келісімге келуі қажет.

Естеріңізде болса, 2015 жылы Париж ке­лі­сі­­мі жасалған еді. Екі жүзге жуық мемлекет қол қойған құжат 2050 жылға дейін жаһандық температураны 1,5 градустан арттырмауды мақсат етеді. Яғни өнеркәсіптік революцияға дейінгі кезеңнен қатты жоғарыламауға тиіс. Алда-жалда «көк планетаның» ыстығы 6 градусқа көтерілсе, онда Антарктида мен Арк­ти­кадағы мұз­дықтардан түк қалмай, әлемді топан су басатын көрінеді.

Жаһандық жылынуға басты себеп – түрлі саладан бөлінетін парникті газдар. Дәл қазір осы тұрғыда Қытай ешкімге дес берер емес. Мәселен, жыл сайын Шығыстағы көршіміздің аумағынан ауаға 10 млрд тоннадан астам жылыжай газы шығарылады екен. Бұл – әлемдік көрсеткіштің 30 пайызына жуық. Одан кейінгі орында АҚШ (13,5 пайыз), Үндістан (7,3 пайыз), Ресей (4,7 пайыз), Жапония (2,9) тұр. Елімізге жаһандық парникті газдар шығарылымының 0,61 пайызы тиесілі. Еліміз 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 25 пайызға азайтуға тиіс.

Әлбетте, парникті газдардың көп мөлшерде бөлінуіне басты себеп – қазба отындардың жаппай қолданылуы. Көмір, мұнай секілді отындардың әлі күнге дейін экономиканың негізгі факторы болғаны оның жаһандық жылынуға тигізетін теріс ықпалын күшейтіп отыр. Мәселен, жыл сайын электр энергиясын өндіру мен жылыту кезінде 15,18 млрд тонна парникті газ ауаға бөлінеді. Ке­лесі орында көлік қызметі тұр. Оның ен­шісіне 7,29 млрд тонна зиянды газ тие­сілі. Сондай-ақ құрылыс (6,22 млрд тонна), ауыл шаруашылығы (5,87 млрд тонна) және өндіріс (3,13 млрд тонна) салаларының да ықпалы жоғары.

Елімізде парникті газдар шығарылымы былай бөлінеді. Ұлттық стратегия бюросының мәліметтеріне сүйенсек, тоғызыншы территориядан 2020 жылы 351,24 млн тонна зиянды газ бөлінген. Соның ішінде энергетика саласына 272,5 млн тоннасы тиесілі. Осы орайда айта кетерлік бір мәселе бар. Энергетика саласындағы шығарылымның басым бөлігі (225 млн тонна) қозғалмайтын көздерден бөлінеді. Яғни жылу электр стансалары, зауыт, фабрикаларға тиесілі. Қалған 18,73 млн тоннасы ғана қозғалмалы көздерден шығарылады. Бұл тізімде екінші орында ауыл шаруашылығы тұр. Одан 40,72 млн тонна зиянды газ бөлінеді екен. Сондай өнеркәсіп пен өндіріс үлесіне 22,29 млн тонна, жер және орман шаруашылығын пайдалануға 8,38 млн тоннадан келеді.

Жоғарыда Париж келісіміне сәйкес еліміз ауаға бөлетін зиянды газдар көлемін 25 па­йыз­ға азайту қажет екенін келтірдік. Ен­деше, басты мәселе – энергетика саласын реттеу қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұған қол жеткізу үшін еліміздегі қазба отындарды пайдаланатын зауыт, фабрикаларды ретке келтіру қажет. Сондай-ақ электр қуатын өндіруді эко­ло­гиялық таза жолға қойған жөн.

Бұдан шығар бірнеше жол бар. Біріншісі – баламалы энергетика көздерін, яғни күн және жел электр стансаларын көбейту керек. Күн панельдерін қоятындай тоғызыншы территорияның аумағы үлкен. Ұлы даланың қай бұрышына орнатсаңыз да, жер жетеді. Жел трубиналарын да көптеп салуға мүмкіндік бар. Тек бір кемшілігі, жел трубиналары мен күн панельдері де қоршаған ортаға теріс әсер етеді. Мысалы, құстардың ұшуына, жан-жануарлардың көші-қонына кедергі келтіреді. Әрі өзін-өзі ақтау тұрғысынан да қиын.

Екіншісі – атом электр стансаларын салу. Чернобыльдегі апаттан, Семей поли­го­нындағы сынақтан кейін көпшілік бұған күмәнмен қарайтыны түсінікті. Бірақ кейінгі кезде дамыған елдердің өзі Париж келісіміне сай келу үшін АЭС-ке қызығып отыр. Мыса­лы, Еуропалық одақ атом энергетикасын «жасыл» деп есептейтін қарар қабылдады. Әлбетте, АЭС-тің қоршаған ортаға тигізер зардабын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ қазіргі таңда оның зиянынан пайдасы басымдау болып тұр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында атом электр стансасын салуды референдумға шығаратынын мәлімдеді. Халқымыз бұл мәселеге қатысты өз шешімін сараптай отырып қабылдайтынына сенімдіміз.