Жоба • 07 Желтоқсан, 2023

Игілігі мол жоба

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 380-нен аса шағын несие беріп, ауыл азаматтарының істерін ілгерілетіп отыр. «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаевтың мәлімдеуінше, жоба аясында бас-аяғы 1337 өтінім келіп түскен.

Игілігі мол жоба

«Оның жалпы сомасы 9,4 млрд теңгені құрайды. Бүгінде 381 адам 2,7 млрд теңге сомасында шағын несие алды. Ең көп өтінім Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Балқаш аудан­да­ры­ның тұрғындарынан келіп түсті», дейді Қ.Байғожаев.

Олардың басым бөлігі мал шаруашы­лы­ғымен айналысады. Жалпақ жұрттың жағдайын көтеруге бағытталған жобаға қатысуға тілек білдіргендер аз болмаған. Солардың қатарында өз кәсібін ашпаққа ниет білдірген Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Біләл Ахметов те бар.

«Металл прокатын ұйымдастыру бойынша бизнес-жоспарды қорғап, 2,5 пайызбен шағын несие алдым. Керек жабдықтарды сатып алып, өз үйімнің ауласында шифер шағыратын цех салдым. Өндіріс тех­нология­сы өте қарапайым, желіге металл парақты салады да, ол механизм арқылы өтеді. Шығу кезінде дайын металл шифер алынады. Қазір мен жақын маңдағы 8 ауыл­ды металл шифермен қамтамасыз етуді бас­тап кеттік», дейді отандық өнім өндіруші Біләл Ахметов.

Құрылыс қарқын алған уақытта істің көзін тапқан кәсіпкердің бұл өнімі аудандағы 8 ауылдың тұрғыны үшін қолжетімділікті арттырып, сұранысты еселеп келеді. Ендігі жерде құрылыс бастаған азаматтар үйлерінің немесе сарайлары мен мал қораларын қаптау үшін шатыр іздеп алысқа сабылмайды.

«Бұрын адамдар қытай тауарларын сатып алатын. Ауданда бәсекеге лайық отандық тауар пайда болды. Сапасы жағынан басқа шиферлардан кем түспейді, бірақ бағасы екі есе арзан. Импортталған тауардың метрі 4 мың теңге, ал біздікі бар болғаны 2 мың теңгеден саудалануда. Сапасы мен бағасы көңілінен шыққандықтан, өніміміз тез өтіп жатыр», дейді ол.

Сөз соңында еске салар жайт, азаматтардан түскен өтінімдердегі жалпы қаражат сомасының облысқа берілген қаражаттан асып кетуіне байланысты «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау тоқтатылған.

 

Алматы облысы