Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2023

Риддерде үйлерді өзен суы басып қалды

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Риддердегі Хариузовка өзенінің арнасында мұз қатуы салдарынан су деңгейі көтеріліп, жақын маңдағы Киров көшесі, Өскемен, Хариузовский бұрылысындағы жеке сектордың төрт ауласы мен Киров көшесіндегі екі жер үйді су басып қалды. Аймақтық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері қауіптің алдын алу үшін басқа тұрғындарды эвакуациялауды ұсынған. Алайда тұрғындар эвакуациялаудан бас тартқан. Бұл туралы ШҚО әкімдігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Риддерде үйлерді өзен суы басып қалды

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

«Риддер қаласы ТЖБ қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдар халықты хабардар етіп, ықтимал эвакуация жағдайында жеке құрам мен құралдарды дайындыққа келтірді. Халықты уақытша орналастыру үшін қала әкімдігі «Риддер колледжі» КММ ғимаратында орналастыру пунктін алдын ала дайындады. Халық эвакуациядан бас тартты», делінген хабарламада.

Су басқан аулаларды тазарту жұмыстарына ТЖД құтқарушылары жұмылдырылған. Олар аймақты мұздан тазарту және өзен арнасына қарай еңіс жасау үшін арнайы техника қолданған.

«Келтірілген залалды бағалау үшін мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасынан комиссия құрылды. ТЖ салдарын жоюға барлығы 20 адам, жеті техника және екі мотопомпа жұмылдырылды. «ЛК ГЭС» ЖШС қызметкерлері су ағызуды азайтты. Мониторинг жүргізіліп жатыр. Таңғы сағат 7.30-дағы жағдай бойынша аула аумақтарынан су тазартылды, тек жертөлелерде қалды. Оқиға орнына ШҚО әкімі Ермек Көшербаев және облыстық ТЖД басшылығы барды», делінген ШҚО әкімдігі таратқан хабарламада.