Қоғам • 08 Желтоқсан, 2023

Рухани дипломатия - бейбітшілік жолы

121 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еуропа мен Азияның қақ төрінде орналасқан Қазақстан Шығыс пен Батыстың арасын жалғайтын «көпір» ретінде бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін ашық талқылаудың қолайлы алаңға айналды. Қазақстан халқы әртүрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, толеранттылық пен достық рухын бойына сіңірді. Сондықтан «әртүрліліктегі бірлік» принципі біз үшін негіз болып табылады.

Рухани дипломатия - бейбітшілік жолы

2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші Съезі өтті. Биыл алғашқы Съездің шақырылғанына - 20 жыл. Заманауи жаһандық сын-қатерлер күшейген уақытта форум халықаралық деңгейде өркениетаралық диалогты дамытқан алғашқы іс-шаралардың бірі болды.

Содан бергі 20 жыл уақытта диалог, түсіністік пен құрмет қағидаттары барлық мәдениет пен діндердің бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ететін қуатты күш екенін анық көрсетті.

Бұл бүгінде елімізде тату өмір сүріп жатқан тұрақты және келісімді қоғам құрудағы Қазақстанның табысты жемісі.  

2023 жылғы 11 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы өтті.

«Осы алмағайып кезеңде ізгілік, мейірімділік бауырмалдық, жауапкершілік сияқты қағидаттардың қадірі арта түсті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру өте маңызды мәселеге айналды. Ол үшін әлем халқын бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте дін көшбасшылары айрықша рөл атқарады. Рухани лидерлер осы бағытта күш жұмылдырып, барша адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосады деп сенемін. Хатшылықтың бүгінгі отырысы да осы мақсатқа орай ұйымдастырылып отыр. Қазақстан дінаралық және өркениетаралық ынтымақтастыққа негіз болатын бастамаларға әрдайым қолдау көрсетеді. Оны сыртқы саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде ұсынады», деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Хатшылыққа қатысушыларға арнаған сөзінде.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Съезд Хатшылығының меңгерушісі М.Әшімбаев басқаратын Хатшылық бір дөңгелек үстел басына ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм, бахаи, және басқа да діндердің діни жетекшілерін, сондай-ақ 23 елдің саяси қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады.

XXI Хатшылықтың қорытынды нәтижесі ретінде Коммюнике қабылданды. Онда қатысушылар 20 жыл шеңберіндегі табысты нәтиже мен Съездің маңызды шығармашылық рөлін атап өтті. Сондай-ақ халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін құру, сын-қатерлер мен проблемаларды еңсеру мақсатында жаңа жаһандық қозғалыс құру қажеттілігі идеясын қолдады.

Қазақстанның бірлікке бастар саясатын дүние жүзіндегі діни қайраткерлер жоғары бағалап, осы жолдағы еліміздің айшықты бастамаларын әлемге үлгі ретінде балады. Осы жетістікті сақтау үшін 2022 жылдың күзінде өткен VII Съездің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы онжылдыққа Съездің дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын.

Осыған байланысты XXI Хатшылық қатысушылары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған «Діни лидерлер әділ және қауіпсіз әлем үшін» даму Тұжырымдамасын бекітті.

Бұл Тұжырымдама адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешу үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру арқылы форумның алдағы жылдардағы дамуының жаңартылған көзқарасын ұсынады.

Съезд миссиясы әлемдік және дәстүрлі діндер қауымдастығы арасындағы түсіністік пен құрметті одан әрі нығайту, сондай-ақ әділ, қауіпсіз және гүлденген болашақты құруға көмектесу үшін рухани дипломатияның әлеуетін іске асыру. Ал, Съезді дамыту парадигмасының негізгі элементі адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу үшін діни лидерлердің күш-жігерін біріктіру болып табылады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің белгіленген миссиясы мен мақсаттарына сәйкес дамудың жаңа парадигмасы аясында 2023 – 2033 жылдардағы қызмет үш негізгі бағытта жүзеге асырылатын болады:

Бірінші. Өзекті жаһандық трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, дінаралық форумдарды дайындау және өткізу.

Екінші. Съездердің декларацияларын жүйелі іске асыру негізінде қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу.

Үшінші. Рухани дипломатияны дамыту, Съездің халықаралық институттармен және алаңдармен, халықаралық қатынастардың басқа да субъектілерімен серіктестік қатынастарын нығайту.

Сондай-ақ тоқтала айта кететін жәйт, Съездер бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шараларды (секциялық отырыстарды) өткізу көзделетін болады. Съезге қатысушылар форум қызметіне түрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, перспективалы жас ғалымдар мен саясаткерлерді тарту есебінен дінаралық және мәдениетаралық диалогтың сабақтастығына мүдделі. Жас лидерлерді Съезд қызметіне тарту алдағы жылдары өркениетаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін сақтаудың кепілі болып табылады.

Съездің құрылымдары қазіргі жас ұрпақты толғандыратын мәселелерді шешу үшін халықаралық жастар диалогы мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады. Съезд құрылымдары дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті ілгерілету мақсатында діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және басқа да ұйымдармен ынтымақтасатын болады.

БҰҰ Өркениеттер Альянсының дінаралық және мәдениетаралық диалогы арқылы мәдениетаралық шиеленісті төмендету және қауымдастықтар арасында көпір салудағы жоғары рөлін мойындай отырып, сондай-ақ Альянс қарайтын мәселелердің күн тәртібін кеңейте отырып, Съезд құрылымдары осы халықаралық ұйыммен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

Бұл Тұжырымдаманың алға қойған көп мақсатының жалпылама бөлігі ғана.

Жалпы алғанда, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік және қоғамдық институттардың, азаматтық қауымдастықтардың, академиялық топтардың және бүкіл әлемдегі барлық ізгі ниетті адамдардың күш-жігерін біріктіру арқылы қазіргі әлемнің кедейлік, теңсіздік, экологиялық дағдарыстар, кемсітушілік, пандемия, экстремизм, терроризм және т. б. жаһандық мәселелерді шешу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа әрине барша адамзат күшін біріктерсек, жету қиын болмайды деп ойлаймын. Себебі күш – бірлікте.

 

Болат Сәрсенбаев,

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі

Н.Назарбаев орталығының

Басқарма төрағасы