Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2023

Депутаттар Шығыс Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады

131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті Шығыс Қазақстан облысында сүтті мал шаруашылығын дамытуға арналған екі күндік көшпелі отырыс өткізді. Жиынға комитет төрағасы Серік Егізбаев жетекшілік етті, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар Шығыс Қазақстанда сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады

Іс-шараға Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Су ресурстары және ирригация, Ғылым және жоғарғы білім министрліктерінің, Шығыс Қазақстан және басқа да облыс әкімдіктерінің, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, салалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен сарапшылар қатысты.

Іссапар барысында депутаттар ауыл шаруашылығы нысандарына «Восток-Молоко» корпорациясы», «Бобровка+» және «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» серіктестіктеріне барып, сүт тауарлары фермаларының және сыр өндіретін жаңартылған цехтың жұмысымен танысты.

Отырысты ашқан Серік Егізбаев Шығыс Қазақстан облысына келгендегі басты мақсат – еліміздегі сүт саласындағы жобалардың жағдайы мен фермерлердің тәжірибесін қарау екенін атап өтті.

– Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазір елде 6 млн тоннадан астам сүт өндіріледі. Соның тек 2 миллионға жуығы, яғни 30 пайызы өңделеді. Бұл осы саланың дамуын қанағаттандыра алмай отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді 70 пайызға жеткізу жөнінде міндет қойды. Қазіргі таңда республиканы 95 пайыз шикі сүтпен қамтысақ та, 4 млн тоннаға жуық сүт өңделмей қалып отыр. Сондықтан біздің дүкендерде Беларусь, Ресей елдерінен келген өнімдердің басым екендігі жасырын емес, – деді депутат.                       

Сонымен қатар Серік Егізбаев сүт өндіру саласындағы кадр тапшылығы мәселесіне де назар аударды. Депутаттың айтуынша, ауылдық жерлердегі сүт фермаларында жастардың жұмыс істеуге ынталары жоқ. Сондықтан жастарға субсидия арқылы тұрғын үй салу мәселесін де көтерді.

Жиын барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, халықаралық сарапшы Александр Валебный, Республикалық сүт палатасының атқарушы директоры Азамат Сағынбаев, Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері Фарид Әбітаев және Арман Уатаев сүт өндіру саласының дамуына қатысты өз пікірлерін айтты.

Отырыста сүтті мал шаруашылығындағы өндіру және өңдеу, шикізаттың сапасы, мемлекеттік қолдау, жем-шөп өндіру, ветеринария, селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстары, кадр даярлау және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда,  қатысушылар сүт өнімдерін өңдеу сегментінің  дамымағанын және оның импортқа тәуелділігін, жаңа технологияларды меңгерген және олармен жұмыс істеу дағдысы бар  мамандардың тапшылығын және асыл тұқымды малдың сапасын бағалаудың халықаралық жүйелері мен интеграциялау деңгейінің төмендігіне тоқталды.

Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке сүт өндіру саласының проблемаларын шешу жолдары жөнінде тиісті ұсынымдар жолданатын болады.