Қоғам • 08 Желтоқсан, 2023

Үшінші баласы болуым мүмкін: Испаниядан келген қазақ баласы анасын іздеп жүр

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Туа салып анасы тастап кеткен соң, шетелдік отбасы асырап алған Жәнібек есімді қазақ баласы 21 жылдан соң анасын іздеп келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үшінші баласы болуым мүмкін: Испаниядан келген қазақ баласы анасын іздеп жүр

Бұл туралы желідегі парақшасына белгілі журналист Олжас Беркімбаев жазды

«Мына видеода ағылшынша сөйлеп, Сіздерден көмек сұрап отырған жігіттің есімі – Жәнібек, бірақ қазіргі құжатында ЭддиЖан деп жазылған.

 Ұлты – қазақ, 2002 жылдың 17 қаңтары күні Арқалық қаласында дүниеге келген. 2004 жылы сол қаладағы балалар үйінен қазіргі бельгиялық отбасы, яғни жалғыз басты анасы асырап алуға алып кеткен. Туған анамның үшінші баласы болуым мүмкін дейді ол. Фламанд тілінде өскен ол, қазақша не орысша білмейді. Есесіне, ағылшын, испан, француз, неміс тілдерінде сөйлейді», - деп жазған автор.

Жәнібек қазір Испанияның Мальорка аралында тұрады екен. Асырап алған отбасы оған еуропаша білім беріп өсірген. Осы күндері Астанада, өзінің туған әке-шешесін іздеп келіпті.

«Туған әке-шешемнен түк керек емес, тек анамның жүзін көріп, бір рет құшақтап, жүрегімді тыншытсам болды деген Жәнібек мына видеоны бүгін неше рет түсіргенін білсеңіз ғой... Әлі толқып жүрмін, ана туралы ойласам, эмоциямды басқара алмай қаламын дейді.
20 желтоқсан Астанадан Испанияға ұшып кететін Жәнібек, баршаңыздан көмек күтіп отыр. Қазақстан тым алыс, енді қашан келерім белгісіз, мұнда түрім қазақ, тілім өзгеше бәрі біртүрлі қарайды дейді», делінген желідегі жазбада.

Белгілі болғандай, Мальоркада ол атбегілікпен айналысады. Жылқыны жақсы көреді.