Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2023

Жер алу жеңілдеді

188 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жерге қолы жетпей қиналып жүрген қаншама жан бар. Қолы жетпек түгіл, жолын білмей жүргендер де біршама. Қағазбастылық пен әкімдік есігін тозды­ру­ халықтың ығырын шығарып, мемлекеттің де жұмысын ауырлатты десек, өті­рік емес. Бұл біздегі жер қатынастары жүйесінің күрделілігін көрсетеді. Енді аталған мәселені жолға қоятын шешім бір жүйеге түсті. Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі барлық қажетті ақпа­рат­ты бір платформаға жинақтап, Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрын енгізді. Аталған үдеріс еліміздің 89 қаласында жүріп жатыр.

Жер алу жеңілдеді

Инфографиканы жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жаңа тәсілдерге сәйкес жер учаске­ле­рін берудің барлық үдерісі – өтініштен бас­тап тіркеуге дейін электронды форматқа көшірілді. Құқықтық кадастр және жер кадастры деректерін бірыңғай базаға бірік­­тірді. Нәтижесінде, мемлекеттік акт пен техникалық паспорттың орнына бір құжат қана жүретін болады. Яғни жыл­жы­майтын мүліктің кадастрлық пас­порты беріледі. Жер учаскелерін жедел және ашық бөлу тәсілдерін енгізу енді жеңіл­дейді. Бұл база құқықтық және жер кадастрының деректерінің ашық болуын қамтамасыз етеді. Енді жер мен құрылыстың әртүрлі адамға ресімделуі, соның салдарынан қарапайым азамат­тар­дың ұзақ сот үдерісіне жүгінуі тоқтайды.

Мысалы, бұрын жер учаскесін алу үшін алдымен бос жер учаскесінің қай жерде екенін білу керек еді. Ол үшін халық жер қатынастары басқармасына барып, табан тоздыратын. Тіпті қажетті ақпаратты алғаннан кейін де таңдаған жерде қандай құрылыс салуға рұқсат етілгенінен бейхабар күйде жүреді. Жол тым ұзаққа созылатын. Халық керек мәлі­метті алу үшін сәулет басқармасына барып, уақыт жоғалтып жатады. Ал ақпа­рат­тың барлығы қағаз күйінде бас жоспарда ғана көрсетілетін еді. Жалпы алғанда, бұл үдерістер мемлекеттік органдарға 11 өті­ніш­ беріп, жүйелі 38 қадамнан тұратын. Уақыт жағына келсек, бір жылға дейін жауап күтуге тура келетін.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­ле­ріне жер қатынастары саласындағы мем­ле­кеттік көрсетілетін қызметтерді цифр­ландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Осыған байланысты нақты тапсырмалар да берілген болатын.

– Біздің министрлік жер учаскелерін берудің ескірген ережелерін толығымен өзгертуді және оны электронды фор­мат­қа көшіруді талап ететін заң жобасын әзірлеуге белсенді қатысты, сонымен қатар бұл үдерістің тиімділігін дәлелдеу қажет болды. Менің ойымша, біз барлығын ойдағыдай іске асыра алдық. Парламенттегі әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Өйткені Мәжіліс пен Сенаттағы жалпы отырыстарда көптеген сұрақ көтеріліп, бұл заң жобасының маңыздылығы атап өтілді. Жоба кезең-кезеңімен кеңейтіледі. Биылдан бастап, жер телімін беру жөніндегі электронды форматқа 89 қаланың жері туралы дерек­тер көшіріледі. Қазір тиісті министрліктермен және жергілікті атқару­шы­ органдармен бірлесе отырып, аталған жобаны толыққанды іске қосу жұмыстары жүргі­зіліп жатыр, – деген еді көктемде Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Жоба жемісін беріп, бірқатар іс атқарылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, бос жер учаскелерін онлайн таңдау мүмкіндігі ұйымдастырылды. Өтініштердің саны 11-ден 2-ге дейін, қадамдар саны 38-ден 5-ке дейін, қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарды. Жер комиссиясы және жерге орналастыру жобасын әзірлеу қажеттілігі алынып тасталды.

– Кез келген азамат жүйеге кіріп, дерек­ті картадан қарай алады. Мысалы, өз үйінің жанындағы ғимараттың картада бар-жоғын тексере алады. Сол секілді e-Өтініш арқылы өтініш беріп, заңсыз құрылысты жария етуге мүмкіндігі бар. Жер учаскесі мен ондағы ғимарат әртүрлі тұлғаға тиесілі болған кезде жер актісін ғана құқықсыз ресімдеу қатерінің алдын алады. Мәліметтер базасы мен ақпараттың әртүрлі болуы азаматтарды ұзаққа созылатын сот дауларына душар ететін. Бұрын жер телімін алу үшін алдымен қай жерде бос жер бар екенін анықтау керек болған. Ол үшін жер қатынастары бөліміне барасыз. Бұл ақпаратты алғаннан кейін де таңдалған жерде қандай құрылыс түрлерін салуға рұқсат бар деген сұрақ тұрады. Жаңа ашық ресурс – жер телімдерін бөлу үдерісін қоғамдық бақылауға арналған қуатты құрал. Бас жоспарлар, егжей-тегжейлі жоспарлау, инженерлік желілер және басқа да аспектілер бойынша деректің барлығы қалың бұқараға белгілі болады, – дейді вице-министр.

Нақты жұмыстарға келер болсақ, ашық­тықты және жер қоры туралы деректерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін Жария кадастрлық карта құрылды. Бұл ашық ресурс жер учаскелерін бөлу үдерісін бақылауға алады. Барлық бас жоспар, жоба, инженерлік желі, ресімделген жер учаскесі және басқа да ақпарат осы ресурста жарияланады. Бұл ақпараттар қазіргі күнге дейін жабық болғандықтан, деректерге негізделген шешімдер біршама күмән туғызатын. Ал қазір әкімдіктер қала регламенттерін электронды форматқа көшіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Министрлік өңірлерге қолданыстағы бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарларының 75 пайызын пысықтап, 13 пайызын толық түзетуді талап еткен. Бұл жердегі негізгі мақсат – жер ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділікті ашу. Енді бос жер учаскелері туралы ақпараттар ашық әрі қолжетімді. Оны халық жария картадан таңдай алады.

– Өңірлердегі қала құрылысы құжат­та­рының жағдайы әртүрлі. Бірқатар өңірде геоақпараттық технологиялар басқаша болған сонау 1990, 2000-жылдары жасалған бас жоспарлар бар. Оларды цифрлық форматқа көшіру өте ұзақ уақытты және ресурсты қажет етеді. Астана қаласының және Атырау облысының бас жоспарын түзету аяқталып жатыр. Көптеген өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Қостанай облыстарында қала құрылысы құжаттарына түзетулер енгізу қажет, – дейді Республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығы бас директорының орынбасары Қарлығаш Молдағалиева.

Техникалық жұмыстарға тоқталар болсақ, жылжымайтын мүлік сала­сын­да­ғы деректермен алмасу шеңберінде 174 интеграция іске асырылды. 25 миллион­нан­ астам анықтама мен мәліметтер көр­се­тілетін қызметті алушылардан талап етпей-ақ алынды. Дегенмен 28 қарашадан бастап Бірыңғай базаның жұмысында мәселелер де тіркелді. Алдымен пайдаланушылар жүйенің кейде мәліметтерді ұзақ уақыт өңдеуін, содан кейін кейбір функциялар мен қызметтер базадағы үлкен жүктемеге байланысты қайта іске қосыла бастағанын байқады. Мұның негізгі себебі – өткен аймен салыстырғанда сұраныстар санының 2 есе өсуі және 20-дан астам жүйенің қосылуы. Сандар сөйлесін: қазан айында 185 213, қараша айында 400 554 сұраныс түскен. Десе де, 30 қарашада жүйе жұмысын тұрақтандыру мақсатында нақты әрекеттер жасалып, техникалық мәселелер жойылды. Еске сала кетейік, Бірыңғай база 1 шілдеде іске қосылған еді. База енгізілген күннен бастап 28 қарашаға дейін 1 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның ішінде 238 мың кадастрлық паспорт және 25 миллион­нан астам анықтама берілді.

Жобаның кемшіліктері де жоқ емес. Талдау нәтижесінде әкімдіктер жүктеген цифрлық деректердің көбі талапқа сай емес екені анықталған жайттар да бар. Платформада өтінімдерді уақтылы қара­мау­ және негізсіз бас тарту фактілері де анық­талған. Латифундистердің де мәселесі үстірт қаралып, назарсыз қалып жатыр. Табиғи монополистер өтінімдерді уақ­тылы қарамағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылуға тиіс. Уәкілетті мемле­кеттік органдар электронды түрде қызмет көрсету шеңберінде шығыс құжаттарының нысандарын бекітуге, сауда-саттықты өткізу қағидаларына және басқа да нормативтік-құқықтық құжаттарға қажетті өзгерістер енгізуге тиіс. Бұған байланысты осыдан бірер күн бұрын Үкіметте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төраға­лығымен Цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткені есімізде. Премьер-министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап тиісті мемлекеттік қызметтерді тек цифрлық форматта сапалы қызмет көрсету үшін барлық кемшілікті қысқа мерзімде жою керегін қадап айтты.

– Цифрландырудың өзі дәл осы сыбайлас жемқорлықты азайтуға және қате деректер көлемін қысқартуға, сәй­кес келмейтін координаттар бойынша жер телімдерін беру фактілерін жоюға бағыт­талған. Бұл мәселенің барлығы цифр­ландыру нәтижесінде шешілуге тиіс. Біз әр өңірдегі жағдайды жан-жақты қарай­мыз. Егер жаңа жылдан бастап адам­дар­ға рұқсат беру тұрып қалатын болса, өңірлердегі тиісті жауапты тұлғаларды жауап­қа тартамыз, жұмыстан босатуға дейін барамыз. Біз аталған мемлекеттік қызмет­ті ашық қылып, цифрландырғымыз келеді, ал бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлар қазіргі мәліметтерге сәйкес келмейді. Сондықтан көп жағдайда автоматты түрде рұқсат берілмей жатады. Бірақ біз кері шегінбейтінімізді ерекше атап өткім келеді. Бәрібір алға жүреміз. Бұл үдерісті тежейтіндерді жұмыстан шығарамыз. Олардың орнына өз қызметін лайықты атқаруға бел буған адамдарды қою керек, – деген еді Ә.Смайылов.

Халыққа ауадай қажет бастама жұмы­сын оң қадаммен бастап жатқандай. Енді орын алған азын-аулақ кемшілік жойы­лып, тағы да қажетті деректер жүйеге енгі­зіл­се, нұр үстіне нұр болар еді.