Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі SpaceX компаниясының көмегімен шалғайдағы 10 ауылдық мектепті ғаламторға қоспақшы. Starlink желісі қанатқақты режімде Көктал, Күйген, Қараой, Жіңішке, Ереуіл, Кенсу, Сарыкөл, Талды, Қарағайлы, Майшұқыр ауылдарының мектептерінде жұмыс істейді.
«Ақмола облысы Майшұқыр ауылының бастауыш мектебінде 35 оқушы оқиды. Енді оларда қалалық мектеп оқушылары сияқты қосымша сабақтар мен интернетке қол жеткізу мүмкіндігі бар. Starlink арқылы қосылудың тағы бір артықшылығы – баға мектептердің интернеттегі ағымдағы шығындарынан қымбат болмайды. Тіпті арзанырақ. Байланыс сапасы әлдеқайда жақсы», деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің Starlink-ті таңдауының 3 себебі бар: шалғай аймақтарға қолжетімді, жоғары жылдамдық, цифрлық инфрақұрылымды дамыту. Министр Бағдат Мусин Digital Bridge 2023 форумында отандық телеком-компаниялардың шалғайдағы мектептерді интернетпен қамтамасыз ете алмағанын айтқан еді. Оның түсіндіруінше, ведомство сол себепті Илон Масктің компаниясына жүгінген.
– SpaceX вице-президенті Лорен Дрейер екеуміз Президентке спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алатын шалғай аудандардағы 2000 мектепті Starlink-пен алты ай ішінде қамтамасыз ететінімізді хабарладық. Осылайша, мектептердегі интернет мәселесін біржола шешеміз. Кейде ел ішіндегі мәселелерді өзіміз шешкіміз келгенмен, қолдан келмей жататыны бар. Бұлай болғанына кешірім сұраймын. Бірақ SpaceX сияқты дамыған технологиялар бар кезде, оларды қолданбау да қателік болар еді, – деді Б.Мусин.
Жақында ғана Kazinform Павлодар облысындағы 20-ға жуық мектепті Starlink-ке қосу да жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Бұлар – интернетке кіру мен желі қосудың техникалық мүмкіндігі жоқ ауылдық мектептер. Қосылу құны бір абонент үшін айына 200 долларды немесе 94 мың теңгені құрайды.
– Бізде мәселесі көп мектептер бар. Онда мүлдем интернет жоқ деп айтуға болады. Осы 21 мектепті жоғары жылдамдықты Starlink интернетімен қамтамасыз еткіміз келеді. Олардың интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етудің басқа мүмкіндігі жоқ. Бұл ауылдарға ешкім оптика сала алмайды. Себебі өте қымбат, радиорелелік стансалар бұл мәселені техникалық әлеуетінің жетпеуінен шеше алмайды. Әсіресе Баянауыл ауданында таулы жерлер бар, онда жер бедерінің ерекшелігіне қатысты сапалы сигнал беруде қиындық көп, – дейді Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.
Оның айтуынша, қазір Павлодар облысында 352 ауылдың 11-інде сымды немесе мобильді желіге қосылу мүмкіндігі жоқ. Мұнда 1,1 мыңнан астам адам тұрады. Интернетке қолжетімді бірқатар ауыл бар, бірақ оның сапасы мен жылдамдығы орташадан төмен. Үйдегі интернетке қатысты мәселелер де жеткілікті.