Тұрар Көкеев 1933 жылы 15 желтоқсанда Жамбыл облысының Талас ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Жасынан еңбекпен ысылып, шыңдалған. Әкесі Қойшығара кеңшарда жылқы баққан. Ол кез темір тұлпар дегеннің ілуде біреуі ғана көзге ілігетін. Шаруашылықтағы негізгі көлік жылқы малы еді. Екінші дүниежүзілік соғыстың жалыны шарпыған тұста Тұрар мектепке енді барған еді. Әкесі 1941 жылдың қазанында замандастарымен бірге майданға аттанды. Сол кеткеннен 1944 жылға дейін майдан даласында жаумен алысқан әкесі Батыс Беларусь жерінде жарақат алады. Кеудеге тиген оқ өкпені зақымдайды. Ол заманда өкпе хирургиясы деген әлі дамымаған. Амал жоқ, жауынгердің өкпесінің бір бөлігі іріңдеп, «әскерге жарамсыз» деген қағазбен елге қайтады. Содан төсек тартып қалған әкей денесін жайлаған іріңді удан оңала алмай, 1946 жылдың қаңтарында бақилыққа аттанып кете барады. Өмірінде хат танымаған әке хал үстінде жатып, баласына: «Мен өмірде көп қиындық көрдім. Енді сен мықты азамат бол, дәрігер болуға тырыс», деп өсиет етіпті.
Аурушаң анасы аяқтанып үлгермеген үш баламен жесір қалады. Тұрар ағамыздың сол күндер жайлы естеліктерінен анасы Зибагүлдің батылдығына қайран қаласың. Белді бекем буып, қиындыққа қайыспайтын ер мінезіне тәнті боласың. Күйеуінен айырылған жесір ана қолөнерді меңгеріп алаша-кілем тоқыған, киіз, текемет басып, құрақ көрпе, сырмақ тігіп, үй жабдығын дайындаған. Онымен қоймай, бау-бақша егіп, қауынішек, қауынқұрт жасап балаларын жетілдірген. Қайратын жаныған қайран шеше балаларын оқытты. Құлыншақтарын ел қатарына қосты.
Ал біздің кейіпкеріміз Тұрар – үйдің үлкені. Әкесі қайтқаннан кейін, бесінші сыныптан бастап ересектермен теңдей еңбекке араласты. Сол кездің өзінде күзгі жиын-терінде ерекше көзге түскен бозбала Тұрарды басшылық есепші қылып тағайындайды. Араға біраз уақыт салып бас есепші алғыр баланы өзіне көмекші етіп шақырады. Бірақ осы жылдар аралығында бір кездері әкеге берген уәдесін естен шығармаған Тұрар Жамбыл қаласына оқуға кетеді. Ол кезде облыс орталығында педагогикалық, зооветеринарлық және фельдшерлік-акушерлік бағытта тәлім беретін үш техникум болатын. Әке өсиетін орындауға белін бекем буған бозбала фельдшерлік-акушерлік техникумға тапсырады. Орта оқу орнын тәмамдағаннан кейін Алматыға аттанып, сол кезде С.Молотов атындағы Медицина институтына оқуға түседі. Білімі, ой-өресі қатарластарынан кем түспейтінін түсінген ол оқуға ерекше құлшыныспен ден қояды. Мықты ұстаздардан тәлім алады. Сталиндік стипендия иегері атанады.
Т.Көкеев жоғары медициналық оқу орнын бітіргеннен кейін өзі сұранып жүріп, туған жері Таласқа аттануды құп көреді. Онысы тегін емес-ті. Аз уақытта аудандық аурухананың жұмысын жандандырады. Оқуын жаңа тәмамдаған білікті маман жергілікті денсаулық сақтау саласының жұмысына жаңа леп əкеледі. Ондағы материалдық-техникалық базаның нашарлығына, дәрі-дәрмек, маман тапшылығына қарамастан науқастарды емдеп, қолы шипалы дəрігер ретінде жұртқа таныла бастайды. Аудандық ауруханада ол тұңғыш рет медициналық түсік жасайды. «Ойық» елді мекенінен ауыр халде жеткізілген қарт кісіге сібір жарасы диагнозын қойып, емдейді. Жалпы, аудан шөл және шөлейт аймақта орналасқандықтан мұнда су-тұз алмасу үдерісінің бұзылуынан туындайтын патологиялар көп кездеседі. Тұрар Қойшығараұлы сондай дертке шалдыққан талай науқастың жанына араша түсіп, халық алғысына бөленген.
Ғалымдардың дарынды түлектер арасынан ұлттық ғылыми кадр даярлау туралы ұсынысына құлақ асқан Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйекте бір топ түлекті аспирантураға шақырады. Сол шақырумен Тұрар ағамыз қайта Алматыға оралады. Әйгілі профессор Михаил Брякиннің жетекшілігімен ғылыми жұмысқа кіріседі. Ол кез елімізде қан-тамыр хирургиясы мүлде қалыптаспаған. Білікті маман деген жоқтың қасы. Соны жақсы түсінген ғылыми жетекші дарынды шəкіртіне сенім артып, түрен түспеген қан-тамырлар хирургиясы тақырыбында ғылыми тақырып ұсынады. Кейін М.Брякиннің қолдауымен госпитальдық хирургия клиникасы жанынан республикадағы тұңғыш қан-тамыр хирургиясы бөлімшесі ашылады. Т.Көкеев сол жерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген науқастарға түрлі операция жасайды. Оның ішінде күретамырдың окклюзивтік ауруларына шалдыққан пациенттерге жасалған алғашқы қалпына келтіру операциялары да бар. Ғылыми жетекшісі Михаил Брякинмен бірге қан-тамыр хирургиясының негізін қалап, тіпті күрделі операция жасаудан қаймықпайды. Осылайша, ауыр халде жатқан талай науқасты аман алып қалған.
Т.Көкеев әр жылдары қажырлы еңбегіне сай лайықты марапат алып отырды. Хирургия саласына сіңірген еңбегі үшін «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталады. 1997 жылы қан-тамыр хирургиясы саласын білікті ұйымдастырып, хирургиялық кадр даярлауға сүбелі үлес қосқан Тұрар Қойшығараұлы А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының «Құрметті профессоры» атанады. 2011 жылы Халықаралық хирургтер конгресінде «Алтын медальмен», Дəрігерлер қауымдастығының «Алтын дəрігер» төсбелгісімен марапатталады. Негізі Т.Көкеев тәрбиелеген шәкірттердің өзі – бір төбе. Олар бүгінде елдің денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп жүр.
Тұрар Қойшығараұлының ұлт азаматы ретінде қазақ тіліне жасаған жанашырлығы мен қамқорлығы да ерекше еді. Ел тәуелсіздігін алған жылдары қазақ тілінде медициналық оқулықтар болған жоқ. Осы олқылықты дер шағында аңғарған ол қазақ тілді студенттерге арнап оқулықтар жазуға кірісті. Т.Көкеевтің салаға білікті дәрігер даярлау ісіне қосқан үлесі зор екенін айттық. Медицина институтында алғаш рет интернатура ашып, хирургиялық интернатураға жетекшілік еткен де – осы кісі. Ұстаздың «Natura Sanat, medicus curat» (табиғат емдейді, ал дәрігер оған көмектеседі), «Ex juvantibuset nocentibus» (емдеп көр, бірақ зиян келтірме), «Mons sans – in corpore sans» (дені саудың – жаны сау) сынды қанатты сөздерін көптеген шәкірті өмірлік қағидаға айналдырған.
Халқы қадір тұтқан Тұрар Қойшығараұлы – Жамбыл және Алматы облыстарының құрметті азаматы. Ғалым, ұстаз көзі тірісінде өз ортасында құрметке бөленді. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласын өрістетуге, ұлт ғылымын дамытуға, дәрігер даярлауға арнаған ісі – ізбасарлары мен шәкірттеріне әрқашан үлгі.
Болатбек БАЙМАХАНОВ,
Ұлттық хирургия орталығының төрағасы, ҰҒА академигі