Медицина • 11 Желтоқсан, 2023

Аурудың емі – екпе

124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы күні елімізде қызылшамен ауырғандар саны артып, алаңдаушылық тудырып отырғаны белгілі. Осыған орай, жаппай иммундау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аурудың емі – екпе

Қараша айынан басталған екпе жұмыстары Қонаев қаласында да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 982 бала екпе алды. Жоспар бойынша 4 453 бала екпе алуы керек. Бұл туралы Қонаев қалалық ауруханасының эпидемиолог-дәрігері Ерлан Сар­жанов айтты. Дәрігердің сөзінше, кез келген аурудың алдын алу үшін екпе алу керек. Сол себепті Қонаевта балаларды қосымша иммундау жүріп жатыр. Оның ішіне 6 айдан 11 айға дейінгі, 2-5 жас аралығындағы балалар кіреді. Бұдан бөлек, қызылшаға жоспарлы егу (1-6 жас аралығы) жүргізіліп жатыр.

«Өткен аптаның жексенбісінде 1 500 дана екпе әкелінді. Сондай-ақ медициналық қызметкерлер де қызылшаға қарсы вакцина алып жатыр. Қаладағы эпидемиялық жағдай тұрақталғанша қосымша иммундау процесін тоқтатпаймыз. Шаһарға қарасты Шеңгелді және Заречный ауылдық округтеріндегі тұрғындар да вакцина ала алады. Бұл үшін медициналық қызметкерлерге жүгінуге тиіс», деді эпидемиолог.

Ал жұқпалы аурулар бөлімінің жалпы тәжірибе дәрігері Нұрғазы Шамұратовтың айтуынша, аталған бөлімге дене қызуына, жөтел мен әлсіздікке шағымданып күніне 20-25 науқас келеді.

«Қызылша жұқтырғандардың көбі – 1 жасқа дейінгі балалар. Ауруы асқынғандарды бірден ста­цио­нарлық емдеуге жатқызып жатырмыз. Ал кейбір науқастар үй жағдайында емделуде. Олардың жағдайын бақылауда ұстап отырмыз. Бұған дейін ауруханадан емделіп шыққандардың саны 100-ден асады», деді дәрігер.

Жыл басынан бері Қонаев қала­сында қызылшамен ауырғандар саны 157 болса, олардың ішінде 19-ы амбулаторлы ем алып, 138-і жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған.

Елімізде 6 қарашадан қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау бас­талды. 23 қараша күні Қазақстанға қосымша жаппай иммундау жүргізу үшін 500 мың доза мөлшерінде қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцина (ҚҚП) партия­сы келді. Бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі балалар иммундауға жатады. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланған.

Күн суытқалы тұмау эпидемиясы да кең таралып жатыр. Бұл кезеңде иммунитетті нығайту, дәруменге бай тағам түрлерін пайдаланумен қатар, науқастармен жақын қарым-қатынаста болмау сынды қарапайым қағидаларды сақтауды есте ұстаған абзал. «Сақтансаң – сақтайды» дегендей, бүгінде тұмауға қарсы 6 974 адам екпе алған. Оның 5 815-і – ересектер.

 

Алматы облысы