Кеңесте негізінен салық саясаты саласында жүргізіліп жатқан реформалар, инвестициялық ынтымақтастық, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау, т.б. мәселелерге назар аударылды.
Ә.Смайылов инвестициялар тарту экономикалық өсудің негізгі факторларының және Үкімет жұмысының басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Атап айтқанда, елімізде жеке шарттарда келісімдер жасауға мүмкіндік беретін инвестициялық шарттардың жаңа тетіктері енгізілді. Бұған қоса Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді жасасқанда салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беріледі және күрделі жобалар үшін Жетілдірілген модельдік келісімшартты жасасқанда фискалдық ынталандырулар енгізіледі.
«Резидент емес тұлғалардан алынған материалдық емес қызметтер үшін шегерім сомасын шектеуге қатысты инвесторлар жиі көтеретін мәселе шешілді. Енді бұл шектеу тек оффшорлық юрисдикциялардағы компаниялармен жүргізілген операцияларға қатысты болады», деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы инвестициялық тартымдылықты арттырудың маңызды аспектілерінің бірі болжамды және ашық салық саясаты екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанда фискалдық реттеуді жетілдіру үшін жаңа Салық кодексі әзірленді. Қазіргі уақытта бұл бизнес-қоғамдастық және халықаралық ұйымдар өкілдерімен әртүрлі алаңда қызу талқыланып жатыр. Жыл басынан бері 250-ден аса жұмыс кездесуі өткізіліп, мыңнан аса ұсыныс түскен. Барлық мәселе апта сайын тұрақты жұмыс тобының қарауына ұсынылады.
«Қолданыстағы ынталандыруларды сақтай отырып, жаңа Салық кодексі шеңберінде салық төлеушіге бағытталған сервистік әкімшілендіру моделі енгізіледі. Салық есептілігі – 30 пайызға, ал салық төлемдерінің саны 20 пайызға қысқарады», деді Ә.Смайылов.
Бұл бөлшек салық режімін қолдану бойынша қызмет түрлері екі есеге кеңейтіліп, 1 млн-нан аса салық төлеушіні қамтитынын айтты. Бұған қоса өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салықтан босатылады. Сондай-ақ қабылданған шаралар нәтижесінде Қазақстан IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде бір жыл ішінде 6 сатыға көтеріліп, 37-орынға табан тірегені атап өтілді. Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы құзырлы мемлекеттік органдарға айтылған барлық ұсынысты пысықтауды тапсырды.