Депутаттардың қызметін жандандыру, халықтың партияға деген сенімін арттыру, мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық әрі тиімді диалог құру, осы және тағы басқа да мәселелер Қонаев қаласында өткен «Amanat» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І облыстық форумында айтылды. Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ ардагерлер мен партия белсенділері, облыстық басқарма және департамент басшылары да қатысты. Форумның ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының 10 айына қорытынды жасады.
Оның айтуынша, биыл барлық салада өсім қамтамасыз етіліп, жыл соңына қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 4,7 пайыз өсіммен 4,6 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл ретте партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шешуші рөл атқарады.
«Биылға жоспарланған 88 іс-шараның 42 пайызы орындалды. Жалпы, жол картасында көзделген 106 іс-шара кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қаражат көлемі 2 трлн 342,4 млрд теңгені құрайды. Партияның саяси бағытын орындау мақсатында өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Аталған форум депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар арасында Алматы облысының экономикасын дамыту мәселелерін талқылау үшін ашық диалог алаңына айналғанын қалаймыз», деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар мәслихат депутаттарының рөліне тоқталған аймақ басшысы олардың халықтың өзекті мәселелерін шешудегі басым міндеттерін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістерінің бастамашысы болу маңыздылығын айтты.
Ал партия филиалының төрағасы Қуат Байғожаев бұл форум аманаттық депутаттарға мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалған іс-шара екенін айтты.
«Форумды өткізудегі негізгі мақсат – депутаттар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өйткені депутаттар тарапынан мемлекеттік органдарға көптеген сұрақ туындайды. Сол сұрақтарды бірлесіп талқылап, бірге шешу жолдарын қарастырдық. Мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалды. Маңызды мәселелер талқыланды», дейді Қуат Байғожаев.
Айта кетсек, Алматы облысында барлық деңгейдегі 228 мәслихат депутатының 190-ы «Amanat» партиясының мүшесі. Олар жыл басынан бері 517 қабылдау жүргізіп, 1 мыңнан аса адамды қабылдаған. Оның 817-сінің өтініші оң шешімін тапты. Қалғандарына заң аясында түсініктеме берілді.
Алматы облысы