Президент • 11 Желтоқсан, 2023

Президент Серік Жұманғаринге бірқатар тапсырма берді

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысына  вице-премьер өзі жетекшілік ететін сауда, интеграция, ауыл шаруашылығы салаларындағы қазіргі атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысына дайындық барысы, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Серік Жұманғаринге бірқатар тапсырма берді

2024 жылы бес елдің интеграциялық бірігуіне 10 жыл толады. ЕАЭО құрылған уақыт ішінде Қазақстанның серіктестермен арадағы өзара сауда айналымы 74 пайызға өсті (2015 жылы – 16,3 миллиард доллар, 2022 жылы – 28,3 миллиард доллар). Бұл ретте экспорт 90 пайызға артты (2015 жылы – 5,1 миллиард доллар, 2022 жылы – 9,7 миллиард доллар).

Сонымен қатар Мемлекет басшысына агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу көлемін 30 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайту туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндалды.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені саласында 2024-2026 жылдары жүзеге асырылатын 500 ірі әлеуетті жоба дайындаған. Оның жалпы құны – 1,6 триллион теңге. Алғаш рет екінші деңгейдегі отандық банк бұл жобаларды іске асыру үшін 500 миллиард теңгеге жуық өз қаржысын салуға дайын екенін жеткізді. Жақын арада әлеуетті жобалардың тізімі жаңартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасарына ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту және халықаралық деңгейде жоспарланған іс-шаралардың сапалы дайындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді.