«Жаңа инвесторды маңызды міндеттер күтіп тұр. Әрине, әуелі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлерге жағдай жасап, әл-ауқатын арттыру қажет. Сонымен қатар әлеуметтік жобалар арқылы жергілікті қоғамдастықты дамытуға белсенді қатысып, көмек көрсету керек», деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жиында Андрей Лаврентьев Вадим Басинді QARMET компаниясының бас директоры ретінде таныстырды. Инвестор алдағы уақытта 3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отыр. Оның 1,3 млрд доллары келесі жылы салынады. Сондай-ақ ұлттық инвестор қысқамерзім ішінде жұмыс барысында ұжымдық келісімшарт пен кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеу жүйесінің сақталуын, өндіріс орнының қауіпсіздігін және экологиялық ахуалын одан әрі жақсартуды көздейді. Сондай-ақ өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, шығарылатын өнім көлемін, номенклатурасын және түрлерін ұлғайту да бар міндеттемелерінің қатарында.
Qazaqstan Steel Group акционерінің QARMETтегі ресми өкілі болып Талғат Темірханов тағайындалды. Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев брифинг барысында кәсіпорынды қазақстандық инвестор сатып алғанын мәлімдеген болатын.
– Өздеріңіз білесіздер, 2023 жылғы тамызда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында жалғасып жатқан апаттар компанияның өз инвестициялық және өзге де міндеттемелерін елеулі бұзушылықтарға әкеп соқтырғанын мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Президент «АрселорМитталдың» біздің нарықта бұдан әрі жұмысын жалғастыруы мүмкін емес екендігіне назар аударған. Бұл кезде Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Теміртау» иелерімен ArcelorMittal компаниясының металлургиялық комбинат құрамынан шығуы туралы келіссөздер жүргізіп жатқан еді. Олар 2022 жылдың 3 қарашасында АМТның еншілес кәсіпорны – Ленин атындағы шахтада болған қайғылы апаттан кейін басталды, – деді Қанат Шарлапаев.
Келіссөз нәтижесінде, 2022 жылғы 9 желтоқсанда Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасында «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылған. Бұл келісім негізінде қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау мен аудит жүргізуге мүмкіндік берді. Қанат Шарлапаевтың айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» қызметін талдау және бағалау үшін халықаралық консультанттар тартылған. Олар кәсіпорынға құқықтық талдау, қаржылық аудит және техникалық сараптама жүргізді.
Келіссөз барысында ArcelorMittal Қазақстаннан 3,5 миллиард доллар сұраған. Бірақ халықаралық кеңесшілер есептеулері аталған сомаға сәйкес келмеді. Екі тараптың келісімге бірден келе алмай, үдерістің ұзаққа созылуының бірден-бір себебі – осы.
– Мақсатымыз қыруар қаражат жұмсалатын және ұзаққа созылатын халықаралық сот үдерістеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Сондай-ақ келіссөздерді жедел әрі шұғыл өткізу кәсіпорынның тоқтап қалуына жол бермеу қажеттілігінен туындады. Атап айтқанда, домна пешінің тоқтап қалуы, шахталарды су басу және тағы да басқа жағдайларды болдырмау маңызды еді, – дейді министр.
Келісімшарт бойынша QSG «АрселорМиттал Теміртау» активтерін 286 млн долларға сатып алған. Одан бөлек жыл сайын 4 рет тең жарнамен 450 млн доллар мөлшерінде кейінге қалдырылған кепілді төлемді төлейді. Сонымен қатар келісім жабылған кезде «АрселорМиттал Теміртаудың» өтелмеген топішілік қарызы ретінде 250 млн доллар өтейді.
Қанат Шарлапаев ArcelorMittal өкілдерін «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорын қолдау үшін 16 млрд теңгеге (34,6 млн доллар) жарна аударуға көндіргенін де жеткізді. Қорға АМТ-дан түсетін қаражат Қарағанды облысы тұрғындарының денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларындағы өзекті мәселелерін шешуге және өңірдің әлеуметтік маңызы бар жобаларын дамытуға бағытталады. Осы соманың 50 пайызы Теміртау қаласын дамыту мақсатында қолданылады, деді министр.
Қарағанды облысы