Өндіріс • 11 Желтоқсан, 2023

65 сүт өндіру фермасы салынады

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстанға Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет төрағасы Серік Егізбаев келіп, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының аймақтағы активімен, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесті.

65 сүт өндіру фермасы салынады

Суретті түсірген – Аяужан Утеулинова

Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің депутаттары отандық сүт өндірісін дамыту мәселесін талқылау үшін аудандарды аралап, Шығыстағы шаруалардың тыныс-тіршілігімен де танысқан.

– Бүгінгі таңда ауыл шаруашы­лығы саласында түйіні шешілмеген мәселелер көп. Айтар болсақ, рес­публика бойынша 6 млн 300 мың тонна сүт өндіреміз. Оның тек 2 миллионға жетпейтін көлемін ғана өңдейміз, ол 30 пайызға да жетпейді. Мемлекет басшысы бұл көрсеткішті 70 пайызға жеткізуді тапсырған. Норма орындалмағандықтан, қазір тұрғындар дүкеннен Ресейдің «Шадринский» сүтін немесе Беларусь өнімдерін сатып алады. Өзіміз 95 пайыз табиғи шикі сүт өндіріп отырмыз, ал сүттің өңделуі аз. Сондықтан осы бағытты дамытуымыз керек, – деді Серік Егізбаев.

«Ауыл» фракциясы депутаты­ның айтуынша, қазір ауыл шаруашы­лығы министрлігі арнайы бағдарлама әзірлеп жатқан көрінеді. Соның аясында 100 млрд теңге қаражат бөлініп, елімізде 65 сүт өндіру фермасын салуды жоспарлап отыр. Осы сапардың нәтижесінде комитет тарапынан нақты ұсыныстар дайындалады.

Сонымен қатар жиында жайы­лымдық жердің жетіспеуі, субси­дияны көбейту сияқты өзекті мәсе­лелер де қозғалды. Депутат Серік Егізбаевтың сөзінше, жайылымдық мәселесі бойынша заң жобасы жыл соңына дейін Мәжілісте қаралып, Сенатқа жолданады. Сенат депутаттары мен Мемлекет басшысы қолдап, заң қабылданса, болжам бойынша пайдаланылмай жатқан 20 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады. Ол жерлер сараланып, шынайы шаруашылықпен айналысатын кәсіпкерлерге үлестіріледі.

Бұған дейін комитет төрағасы Серік Егізбаев бастаған депута­т­тар «Майлы дақылдар тәжіри­бе­лік шаруашылығы» ЖШС-ның Сол­нечный ауылындағы шаруа­шы­лықтары мен 1 200 басқа арнал­ған тауарлы-сүт фермасының жұмы­сымен, серіктестіктің жас маман­дарға арнап салған қос қабатты таунхаус үлгісіндегі баспаналары­мен танысқан. Ол үйлер тиімді ипотекалық бағдарламамен беріліп жатыр. Шаруашылық жетекшілерінің айтуынша, қажетті мамандарды тартып, кадр тапшылығын жою үшін аталған бағдарлама өзінің тиімділігін көрсеткен екен.

2015 жылы мұнда қарапайым қызметкер болып келген Әсия Рахым­жанова бүгінде осы шаруашылықтың есепшісі. Ол екі жыл бұрын жаңа үй алған. Жалпы ауданы 78 шаршы метрлік үш бөлмелі үйді 18 млн тең­геге шаруашылықтың арнайы бағдар­ламасымен 10 жылға алған. Ипотека ешқандай пайызсыз, бөліп-бөліп төлейтіндей етіп берілген. Алғашқы жарна ретінде 25 пайызын төлеген.

– Шаруашылыққа қатардағы жұмысшы болып келген едім. Кейін еңбек жолымда лауазымым жоға­рылады. Мұндай қос қабатты таунхаус үй Өскеменде де жоқ шығар. Он жыл бойы ай сайын 115 мың теңге төлеп отырамыз. Ешқандай пайызсыз, бөліп төлеп жатырмыз. Жылы, тұруға жайлы. Барлық жағдай жасалған. Отбасыммен осындай баспанада тұрып жатқаныма қуаныштымын, – дейді Әсия Рахымжанова.

«Майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС басшылығы алдағы уақытта тағы да таунхаус үлгісіндегі осындай қос қабатты бірнеше пәтерлі алты тұрғын үй кешенін салуды жоспарлап отыр. Жас мамандардың баспанамен қамтылуына таптырмас мүмкіндік туғызып отырған ипотекалық бағдарламаны әрі қарай жалғастыруға мемлекет тарапынан да қолдау қажет.

– Қазір ауыл шаруашылығында кадр мәселесі шешімін таппай келеді. «Майлы дақылдар тәжі­ри­белік шаруашылығы» өз мүдде­леріне қарай жас мамандарға үй салып, оларды он жылға пайызсыз ипотекалық бағдарламамен беріп жатыр. Жас мамандарға үй салып жатқанын көрдік. Ауылдағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жас мамандарға арнап үй салса, құрылыстың 50 пайызы мемлекеттен субсидияланатын бағдарлама болған еді. Онда ауылды жердегі бір шаршы метр 100 мың теңгеге бағаланған. Ал бұл кәсіпорын салып жатқан құрылыстың шаршы метрі 300 мыңнан асады. Қолданыстағы бағдарламада белгіленген субсидия шарты ауыл шаруашылығындағы осындай құрылыстарды қолдауға тиімсіз. Кәсіпорын маманды алып келіп, оған жұмыс тауып береді, жалақысын төлейді. Енді оған бас­пана салып беруге мүдделі. Яғни қажетті маманның жұмыс істеуіне жағдай жасауға тырысып бағуда. Біз өз тарапымыздан алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласын қажетті маманмен, баспанамен қамту мәсе­ле­лерін шешудің жолдарын қарас­тырамыз, – деді Серік Егізбаев.

Айтылған жоспарлар орындалған жағдайда, жоғарыда аталған ауыл­шаруа­шылығы саласындағы өзекті мәселелер шешімін табары анық. Ал сөз жүзінде ноқталанып қалса ше?

 

Шығыс Қазақстан облысы