Президент экономиканың негізгі күшіне баланып отырған кәсіпкерлікті жөнді-жөнсіз тексеру азаятынын айтты. Бизнесті инспекциялық тексеру енді екі есе қысқарады.
«Үкімет пен бизнес-қоғамдастық бірлесіп, кәсіпкерлікті дамытуға кедергі келтіретін артық талаптарды анықтау үшін ауқымды жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде, 10 мыңнан астам заң нормасы жаңа реттеуші саясаттың негізгі талаптарына сай келмейтіні анықталды. Бүгінде оның 90 пайызы күшін жойды. Қалғаны жыл соңына дейін ретке келтіріледі.
Сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі бақылаушы органдардың бизнеске қысымын шектеудің маңызды құралына айналады. Ол 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады және адамның қатысуынсыз тексеруді белгілеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бизнеске жоспарлы инспекция жасау екі есе қысқарады. Ал айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде бизнес пен мемлекет арасындағы орнықты қатынасқа жаңа әзірленіп жатқан Салық кодексі оң әсер етпек. Кодекс негізінде кәсіпкерлерге салынатын салық тәртібі оңтайлы тәсілге көшпек. Жаңа Салық кодексі бизнес өкілдерінің көп жағдайда айыппұл арқалауынан аман сақтайды.
«Бизнес субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Салықтық төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Көлік құралдарына арналған салық бойынша есеп айырысу мен декларация, сондай-ақ жер мен мүлік салығына қатысты жүктеме бір миллион теңгеден аз болса, есеп айырысу алынып тасталады. Кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады», деді Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде.