Қоғам • 12 Желтоқсан, 2023

Ұлттық қордан балаларға төлем қашаннан бастап беріледі?

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры Айбол Арғынғазинов БАҚ-пен кездесуде «Ұлттық қор - балаларға» жобасының іске асырылу барысы туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық қордан балаларға төлем қашаннан бастап беріледі?

Департамент директорының айтуынша, Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.

«Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді. Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген. Яғни, әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады. Баланы жоғалту ата-ана үшін өте ауыр қайғы екенін түсінеміз. Сондықтан ол ақшаны нақты бір мақсатқа пайдалану керек деген талап қоймаймыз. Яғни, ата-ана болсын, заң аясындағы басқа да мұрагерлік құқығына ие адам болсын, қайтыс болған баладан қалған Ұлттық қор ақшасын өз қалауына қарай пайдалана алады. Сондай-ақ бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде Ұлттық қор төлемін аудару тоқтатылады», деді Айбол Арғынғазин.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.

Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 қантардан бастап қүшіне енетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 2023 жылғы 16 қарашада № 40-VIII ҚРЗ қол қойды.

«2024 жылы 18 жасқа дейінгі балаларға Ұлттық қордың 2005-2022 жылдардағы орташаланған кірістілігін ескере отырып қаражат есептелетін болады. Бала 18 жасқа толғанға дейін есептелген қаражат іс жүзінде Ұлттық қорда сақталады және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі инвестициялауды жалғастырады. Ұлттық қорда жинақталған қаражатты пайдалану бала 18 жасқа толған кезде жүргiзiледі. Бұл жинақтар кәмелетке толған адамның ерекше меншігі болып табылады, ол қаражатты (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға) қалай пайдалану керектігін өзі (дербес) шешеді. Бұл ретте шетелдiк оқу орнында оқуға ақы төлеуге арналған қаражатты пайдалануға шектеулер жоқ», деді Айбол Арғынғазинов.