Спорт • 12 Желтоқсан, 2023

Көтерген кірдің тасын...

459 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлы Абайдың «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деген сөзінің мағынасы спорт әлеміне де қатысы бардай көрінеді бізге. Спорттың қаншама түрінен жеңімпаз болған жастарды айтпағанда, орта жасқа келген шағында чемпиондық дәрежеге көтерілгендер бар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де солай. Пауэрлифтинг спортынан төрт дүркін Азия, бір мәрте Еуропа, екі мәрте әлем чемпионы болған азамат.

Көтерген кірдің тасын...

Мектепте кір тасын көтеруді дағдыға айналдырған Артық Дос­алиев ердің жасы елуге келгенінде зілтемірді жатып көтеруден әлем чемпионы боламын деп, әсте ойламаған болса керек.

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Кемел адам» кітабында «Отызда ор­да бұзбасаң, қырықта қамал алмас­сың» деген мақалға қатысты келіспеушілік танытады. Мұны қоғамда адамдарды белгілі бір қалыпқа, стан­дартқа бұғаттап тас­тайтын психологиялық кедергі ретінде қарастырады. Қамалды, карьераны кез келген жаста бас­тауға болатынын айтады. Оған ардақты пайғамбарымыз Мұ­ха­медке (с.ғ.с.) Пайғамбарлық 40 жаста берілгенін, хакім Абай өзінің қарасөздерін 45 жасында – 1890 жылы жаза бастағанын, Ахмет Байтұрсынұлы 40 жасында (1913) «Қазақ» газетін шы­ғаруды қолға алғанын, Ыбырай Алтынсарин 46 жасында Ырғызда қыздар мектебін ашқанын, орыс жазушысы Лев Толстой 82 жасында жас жігіттерше шалғымен шөп шап­қанын, Англияда заң кеңесшісі болып қызмет атқарған Арчи Уайт 96 жасында университет түлегі атанып, ел тарихында ең қарт студент атанғанын, басқа да деректерді мысалға келтіреді.

Қазақта «Күш атасын таны­мас» деген сөз бар. Осы сөзді айтқанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлы еріксіз еске оралады. Әлемнің отыз­ға жуық еліне барып, ешкімге дес бермеген балуан 56 медаль жеңіп алған. Дала батырының негізгі жеңістері қырық жасына дейін болғанымен, ел алдына шығып, өнер көрсетуі қартайған шағына дейін жалғасқан. 1940 жылы Қажымұқан халық алдында соңғы рет өнер көрсеткен. Екін­ші дүниежүзілік соғыс бас­талғаннан кейін де, жасының ке­ліп қалғанына қарамастан, цирк-шапито ұйымдастырып, ауыл-ауылды аралап, балуан атамыз жерге жатып, кеудесіндегі тақтай үстімен адамдарға лық толы жүк машинасын өткізгенін, 100 мың сом жинап, қорғаныс қоры арқылы ұшақ жасатқанынан хабардармыз.

Шымкенттік Артық Дос­алиев­тің де ердің жасында пауэрлифтинг спортынан халықаралық жа­рыстарға қатысуы «спорт жас­қа қа­рамайды» дегенге айқын дәлел. Әу баста өзі де «үлкен спорт­­қа отыз жастан кейін кеш» деп ойлағанын айтады. Алайда ғаламтордан пауэрлифтингпен шұғылданатын жасы үлкендерді көріп, іштегі күмән сейілді. Оның үстіне, темір көтеріп, жаттығу жасаған сәтінде өзінің 4 жасар кенже ұлы Хақназардың төтеннен «Әке, сіз чемпионсыз ба?» деген сұрағы да жігерін жани түсті. Ар­тынша-ақ жүйелі жаттығуға көш­­ті. Сөйтіп, чемпионаттарға шы­ға бастады.

Пауэрлифтинг – қазаққа таңсық спорт түрі. Бұл спорт түрі әсіресе АҚШ-та кең тараған. Ресейде да­мыған. Қазақстанда да өркен жая бастады. Солтүстік өңірлерде осы спорт түріне қызығушылық ба­сым. Енді, міне, Шымкентке де келіп жетті. Олимпиадалық спорт түріне жатпағандықтан, оның чемпионаттары да, өткізу жиіліктері де өзгеше. Бір жылда бірнеше жарысқа шығу мүм­кіндігің бар. Зілтемірші Артыққа пауэрлифтингтегі осындай артық­шылықтар да ұнады. Ең алғашқы сынағы сәтті өтті. Биыл наурызда Бішкектегі өткен жарыста Азия чемпионы болды. Оны пауэрлифтингтен әлемдік WPC федерациясы ұйымдастырды. Осы жарыста 4 медаль еншіледі. Бұл оны ерекше жігерлендірді. Жай сер­пілтіп қана қоймады, жарты жылдың ішінде өткен басқа да жа­рыстарға ерекше күшпен қаты­суына сеп болды. Нәтижесі де жоғары. Қарағандыда, Қап­ша­ғайда, кейін Шымкентте өткен Азия біріншіліктерінің же­ңім­пазы атанды. Бұл жарыстарды ре­сейлік NPA федерациясы ұйымдастырды.

Артық Досалиев мұнымен тоқтаған жоқ. Шілдеде өткен Біш­кектегі Еуропа чемпиона­тын­да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Зілтемірді жатып көтеруден 50-55 жас аралығындағылар арасында 180 кило салмақты бағындырып, пауэрлифтингтен спорт шебері атағын қорғады. Ал Қарағанды қаласында 1 қазанда әлем чемпионы атанса, екінші мәрте осы атақ­ты қарашаның 18-і күні Қыр­ғызстанда өткен біріншілікте жеңіп алды. Осылайша, қысқа мер­зімде төрт дүркін Азия, бір мәрте Еуропа, екі рет әлем чемпио­ны болып шыға келді. Бұл күнде қоржынында 30 медаль бар. Әр жарысқа қазақтың көк байрағын ала барады. Чемпион болып, мінберге шыққан қуанышты сәт­терде туды желбіретіп, ерекше тебіреністе жүреді.

Алғаш әлем чемпионы атанып, елге оралған сәтінде оны шымкенттіктер ерекше құрметпен күтіп алды. Пойыздан түскен мезеттен чемпионға сый жасалып, вокзалда ерекше ән шыр­қал­ды. Телеарналар түрлі бағдар­ламаларға шақырып, 50 жастағы спортшының есімі елге кеңінен таныла бастады. Қазы­ғұрт­тағы өзі оқыған мектеп ұжы­мы оқу­шылармен кездесу ұйым­дастырды. «Спортқа қалай кел­діңіз?», «Чемпион болу үшін не істеу керек?», «Қанша уақыт жаттығасыз, не тамақ жейсіз, қалай тынығасыз?» деген сұрақтар жиі қойылады. Жеткіншектердің спортқа ерекше қызығушылығы байқалады. Басқосуда әлем чемпионы оқушыларды саламатты өмір салтын ұстануға, спортқа әуес болуға, дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануға шақырды. Стол үстіне қаз-қатар жайылған чемпионның медальдарын мектеп оқушылары бір-бірден қолдарына ұстап, естелікке суретке түсті. Орыс балуаны Иван Поддубный салмағы ауыр қорғасын таяқ ұс­тап жүргені мәлім. Артықтың да қо­лындағы салмағы 8 килодай темір таяғы да балалардың қызы­ғушылығын оятты. Білегін үнемі жаттықтырып жүретін таяғы ғой.

Сыныптасы Талғат Сапар­беков Артықтың оқушы кезінен-ақ темір көтеруге құштар бол­ғанын айтады. Биік жетістікке же­туіне сол кезгі тынымсыз да­йындық, үздіксіз қимылы мен маңдай тері себеп болды дейді. – Біз бала кезімізден әрі сыныптас, әрі доспыз. Ол спортқа әуес еді. Зілтемір көтеруден шарша­майтын. Осыншама жетістік бір жылдың шаруасы емес, әрине. Бала күннен бергі спортқа әуес­тігінің толымды нәтижесі.

Ауылда көрші тұрып, ағайын­дай араласқан, Артықты жақсы білетін аға буын өкілдері де чем­пиондыққа жету жолында ата-ана тәрбиесінің алар орны бөлек дейді. «Бауырымды 1987 жыл­дан танимын. Отбасымен ара­ласқанбыз. Әкесі білімді, тәр­биелі, абыройлы азамат еді. Анасы да жанашыр, қамқор жан. Сол кісілердің тәрбиесін ал­ған жігіт қой. Есігінің алдына темір-терсек жинап алып, содан ган­тель жасайтын. Алла қолдап екі дүркін әлем атанды. Спорт­қа құштарлығынан өзге, жетіс­тікке ата-анасы тәрбиесінің де арқасында жетті деп білемін», дей­ді ауылдасы Сапарбек Қал­ботаев.

Мектептен соң Арекең Қазақ мемлекеттік ұлттық универ­си­тетінің заң факультетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығы бо­йын­ша бітіреді. Бұрын қолы қалт еткенде темір көтергені бол­маса, арнайы жарыстарға қатыс­паған еді. Ал бұл күндері спортпен қатар кәсіпке де бет бұр­ған. Шаруа қожалығының басшысы. Имандылық жолына түскен. Үнемі ізденісте жүреді. «Балалардың шымыр, патриот болғанын қалаймын. Еліміздің шекарасын рухы мықты, білегі күшті, санасы білімге сусындаған азаматтар қорғауға тиіс», дейді Артық Досалиев.

Соңғы чемпионаттан орал­ғанда, қырғыздың Әбдіқайым Мұсаев деген балуанына айрықша тамсанған. Көрші елдің 65 жас­тағы азаматы әлі де тың, денесі шымыр, қимылы ширақ, тіпті сырт көзге ақсақал емес, жігіт ағасындай көрінетінін айтқан. Кім білсін, әлемнің екі дүркін чем­­пионы Артық Досалиевке де сол жаста ширақ қимылдап, ауыр зіл­темірді елемей көтеру бұйырар. Мақсатына жетсін дейміз.

 

Ерлан ҚУАНДЫҚ,

журналист

 

Шымкент