Білім • 13 Желтоқсан, 2023

Оқулықтағы олқылықтар

324 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Facebook әлеуметтік желісіне бір қолданушы екі сурет салыпты. Бірінде жаппай кітап оқып отырған Еуропаның жас­тары, екіншісінде аузы ашылып, көзі жұмылып діни уағыз тыңдап отырған біздің бозымдар. Пікір қалдырған жанның бәрі жастарымыздың ертеңі не болады, қайда барамыз деген сұрақтарды жаудырыпты. Расында, адам шошынатын жағдай. Негізінен ұл-қыздарымыз болашағын ғылым-білімге бұруы керек еді ғой. Ілімнің пайдасын, оны игерудің қажеттілігін діннің өзі құптайды емес пе? Ендеше, неге олай болмай тұр?

Оқулықтағы олқылықтар

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Оның себебі көңіл бөлудің әлсіз­дігінен, мемлекет тарапынан таратылатын идеологияның өтімсіз, жеңіл-жел­пі­лі­гінен. Сондықтан бос вакуумды діни идео­логия толықтырып жатыр. Облыс әкім­дері идеологияның керектігіне мән бер­мейді. Жаңа­дан қызметке тұрған әкім­дер­ елмен, жермен танысқанда алдымен эко­но­миканы ғана қаузайды. Сауы­лып жат­қан сиырдың көп болуы оларға мек­теп үйлерінің жағдайынан, тұр­ғындардың әлеу­меттік мәсе­ле­лерінен, халықтың нені көк­­сейтінінен, неге мұқтаж екенін білуден ана­ғұрлым маңыздырақ. Мемлекеттен несие алған шаруа тек өзіне кедергі кел­ме­генін, жер­гілікті билік шаруасына қол­дау жаса­ғанын ғана қалай­ды, қалғанын шаруа­қор басшы өзі үшін-ақ істей беретіні еске­ріл­­мейді.

Солтүстік Қазақстан облысында идео­логиялық мәселеге басшылық жаса­ған Ғани Нығметов деген білікті азамат екі жылдай отырып, қаншама игілік­ті­ жұмыс атқарып еді. Солтүстіктің түк­пір-түкпірінде қазақ атауларын, қазақ­тың бетке ұстар азаматтарының есімін естімеген, олардың не істегенін білмейтін, тіпті естігісі келмейтін ауыл-село тұрғындары бар. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Нығметовтің бастамасымен сондай ауыл тұрғындарының санасына елдік болмыс сіңіріліп, өзіндік бағыты мен бағдары бар тәуелсіз ел туралы әңгімелер айтылып, бес жүздей көшеге ұлт арыстарының есімі беріліп, қыруар жұмыс атқарылған. Енді Петро­павл қаласының идеологиялық тұрғы­дан­ ескірген атауын өзгертуді қолға ала­мыз деп жүргенде, сол кездегі облыс әкімі Құмар Ақсақалов оның қыз­ме­тін қысқартты да тастады. Бар­лық идеологиялық жұмысты аппарат­ жетек­ші­сіне жүктеді. Күнделікті ұйым­дас­тыру жұмысынан бас ала алмайтын аппа­раттың басшысы идеологияға көңіл бөлу­ге мұршасы да жоқ. Басқасы басқа, сол­түстікте ұлттық идеологиямен тікелей шұ­ғыл­данатын облыс әкімінің орынбасары керек.

Идеологиямыздың ең басты мақсаты тәуелсіздігіміздің іргесін нығайту екені айқын. Ол мектеп оқушыларына ұлт тарихын сапалы оқытудан басталса керек. Ал тарих оқулықтары бұл үдеден шыға алмай келеді. Мысалы, «Мектеп» баспасы­ шығарған Қ.Өскембаев, З.Сақ­та­ғанова, Л.Зуева, Ғ.Мұх­тарұлы деген авторлар жазған 8-9 сыныптарға арналған «Қазақ­стан тарихы» оқулығының алдымен орысша жазылып, сосын қазақшаға олақ тілмен аударылғаны көрініп тұр. Мәселен, Столыпин саясатына қатысты 4-параграф: «Ресейдің Қазақстандағы қоныс аудару саясатының жандануы қазақ жерлерін әскери-шаруашылық тұрғыда игеру үшін ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өлкеге казак әскерлерінің келіп қоныстануынан басталған болатын» деген бала түгіл үл­кен­­нің ұғуына қиын шұбалаңқы сөй­лем­­­мен басталыпты. Мына жерден, ең алдымен, Ресей Қазақстанға қоныс аударған екен деп қалуға болады.

Баланың басын қатырған сөйлемді талдайтын болсақ, авторлардың айтпағы: Ресей шаруаларын Қазақстанға қоныс аудар­ту саясаты – қазақ жерін ХVІІІ-ХІХ ғасырларда казак әскерлерінің күшпен басып кіру арқылы басталған әскери отар­лау­ кезеңінің аяқталып, енді шаруаларды көшіру арқылы отарлаудың екінші – шаруалық отарлау кезеңінің басталуы еді.

Одан әрі қарай мәтіннен ресейлік мүддені аңғаруға болады. Өйткені казак әскерлері қазақ жерін отарлау үшін емес, тек «қазақ жерлерін әскери-шаруашылық тұрғыда игеру үшін» енген екен. Осы параграфта Ахмет Байтұрсынұлының аталған кезең туралы айтқан: «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деген сөзі ғана келтіріледі, бірақ соның не себепті айтылғаны жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген. Бар­лық жайылымынан, құнарлы, шүйгін шабындығынан айы­рыл­ған­ соң қазақ қалай өмір сүрсін? Ол туралы балалардың ұғымына лайықты түсінік берілмеген.

Жалпы, аталған оқулықтың өне бойы­нан қазақ тарихы емес, Қазақ даласына басып кірген Ресейдің тарихын ғана тануға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс те толық қамтылмаған. Қарқара көтерілісінің басшылары Жәмеңке, Ұзақ батырлар да енгізілмеген. Қазақ тарихын терең білмейтін адамның жазғандығы, тіпті «Июнь жарлығының» аталмауынан да көрініп тұр. Жуырда осы оқулықтың 17-18 параграфындағы «Азамат соғысы 1905-1907 жылдардағы бірінші Ресей революция­сынан бас­талып, Бірінші дүние­жүзілік соғыс барысында шие­леніскен және 1917 жылы ақпанда монархияның құлауына әкелген терең экономикалық, әлеуметтік, саяси­ дағдарыстың нәтижесі болды», деген шұба­лаңқы сөйлемді Facebook-ке жариялағанымызда, оны ересек адамдардың өзі түсінбегенін жазды. Осыны қысқа да нұсқа жазса, бала­лар­дың түсінігіне әлдеқайда жеңіл болар еді.

Жасөспірімдердің сана­сын қалып­тас­­тыратын оқулық­та­рымыздың сиқы осын­дай болса, терең саяси түсінік қайдан оңсын? Министрлік оқулық жазуға саяси сауаты жо­ғары әрі тілді жетік білетін білікті тарих­шы­ларды тартса, ұтар еді. Осыны қолға алатын кез келді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы