Саясат • 13 Желтоқсан, 2023

«Ұлы дала» жеңімпаздары

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада «Amanat» партиясының дәс­түрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы­ның қо­рытындысы салтанатты түрде жарияланды. Биыл әдеби дода Алаш ақыны ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жыл­дығына арналды.

«Ұлы дала» жеңімпаздары

Сөз басында Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.

«Әдебиеттегі жас буын үшін «Ұлы дала» байқауы айтулы оқиғаға айналды. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайластырып өткіземіз. Өйткені ұлт тәуелсіздігінің рухани тірегі – оның тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз», деді ол.

Ерлан Қошановтың пікі­рінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы «рухани қалқан­ның» болмауы­нан. Сондық­тан оқырманға осы заман­ның болмысын бейне­лей­тін тың туын­дылар, образдар мен жаңа кейіп­керлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа тол­қын қаламгерлерден салмақ­ты, мағыналы дүниелер күтіп отыр­ғанын айтты.

«Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жас­тарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбие­лесе, қазір интернет пен көше тәр­биелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отан­шыл­дық­қа, ізгілікке, адамгер­шілікке тәр­бие­леу. Ал ол құндылық­тар­дың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әр­дайым айтып келеді», деді партия төрағасы.

Аталған байқау осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і шешуші кезеңге жолдама алды.

«Ұлы дала» байқауына «Әдеби сын» аталымын енгізу үлкен жаңалық болды. Жалпы, әдеби сын болмайынша, әдебиет дамымайды. Байқауға бір емес, бірнеше материал келіп түсті. Оның бәрін ой елегінен өткі­зіп, лайықты бағасын бердік. Сон­дықтан бұл жанрға келешекте барынша көңіл бөлу керек», деді қазылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.

Сонымен «Поэзия» аталымы бойынша бірінші орынды Ұмтыл Зарыққан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай иеленді. Ал «Проза» аталымында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сек­сенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды.

«Балаларға арналған шығар­ма» аталымы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңес­бай, екінші орынды Абай Орын­бай, үшін­ші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады. «Драма­тур­гия» аталымында бірінші орын­ды Қанат Тілеухан, екінші орын­ды Тайбек Абдуллин, үшін­ші орынды Қуат Қиықбай жеңіп алды.

«Әдеби сын» аталымы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдул­линаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды. Соны­мен қатар «Алаш аманаты» ар­найы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақ­тияр Бәтеу, «Мағжан Жұма­баев­тың 130 жылдығы» сыйлығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.

«Ұлы дала» республикалық шығар­машылық байқауы жеңім­паз­дарының қатарында қос бір­дей әріптесіміз бар екенін айта кеткен жөн. «Прозада» үздік шық­қан Бақыт­бек Қадыр «Egemen Qazaqstan» газеті әлеумет бөлімі­нің тілшісі болса, осы аталымында үштікке іліккен Ме­рей Қай­нар­ұлы – газетіміздің Шы­ғыс Қазақстан облысындағы тілшісі.