Қоғам • 13 Желтоқсан, 2023

Балықшылар ескере бермейтін жайт. Мұз үстіне қалай қауіпсіз шығуға болады?

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балық аулауды кәсіпке айналдырғандар үшін ауа райының қай мінезі де тосқауыл емес. Десе де қыстыгүні көлдің ба­сы­на қос тігіп, сүйменмен ойық ойып балық ау­л­айтындар жазатайым оқиғалардың алдын алғаны дұрыс. Осы ретте ШҚО ТЖД құтқарушылары мұз үстінде профилактикалық рейд жүргізіп, балықшыларға мұз бетіне қалай қауіпсіз шығу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балықшылар ескере бермейтін жайт. Мұз үстіне қалай қауіпсіз шығуға болады?

Фото: ТЖМ

Мұз үстінде балық ауларда өзіңмен бірге не алып жүру керек?

Қалыңдығы 25 сантиметрден кем мұзға шыққан кезде балықшы өзімен бірге ысқырық, құтқару жилеті, құтқару ілгектері, ұзындығы кемінде 12 метр, диаметрі кемінде 11 мм арқан,  ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефон болуы қажет.

Мұз бетінде тұрған кезде мұз жарылып кетсе қолыңызда ұзындығы 2 метрден кем емес таяқ болса, соған сүйеніп шығуға болады.

2

Құтқару ілгектері мойынға тағылады. Құлаған кезде құтқару ілгектері мұздан оңай шығуға мүмкіндік береді. Балықшылардың көбі бұл құралды елемейді. Олар көбінде пышаққа сенеді. Өкінішке қарай,  көп жағдайда пышақтың көмегі бола бермейді. 

Арқан. Қыс мезгілінде балықшыларға берік арқан міндетті түрде керек. Ол қиындыққа тап болған басқа балықшыларды құтқару үшін қажет болады.

1

Ысқырық. Оқыс оқиғаға тап болған адамның  қандағы адреналин деңгейі жоғарылап шок алуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам қатты айқайлап, көмекке шақыра алмауы мүмкін. Қатты ысқырық басқалардың назарын аударуға көмектеседі. Оны қолжетімді жерде ұстаңыз.

Байланыс құралдары. Құтқарушыларды шақыру үшін телефон қажет болады. Телефонды су өткізбейтін жағдайда ұстаңыз.

1

Құтқару кеудешесі суға батып кетпеуге көмектеседі.

Мұз үстінде болған кездегі кеңестер:

- мұзда жалғыз жүрмеуге тырысыңыз, достарыңызбен бірге жүріңіз немесе басқа балықшылардың шоғырына жақын болыңыз;

- төтенше жағдайда алыстан көріну үшін ашық және түрлі түсті киімдерді киіңіз;

- киімдерді қабат-қабат киіңіз. Ылғалданған жағдайда сыртқы қабат киімдерді тез сығып, қарға сүртуге болады, ол суды тез сіңіреді. 

- мұзда жүргенде қасыңыздағы адамдармен  арақашықтықты сақтаңыз.

- мұзға автокөлікпен шығу қауіпті. Мұзға тек арнайы жабдықталған өткелдер арқылы шығуға болады.

- төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарласу қажет.